Жаңатұрмыста жаңа амбулатория ашылды

0 4

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қордай ауданында халық сұранасын қанағаттандырып отырған істер баршылық. Еліміз үшін ұлық мереке қарсаңында Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылында ашылған су жаңа дәрігерлік амбулатория – соның айғағы.

Медициналық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Эйваз Заманов, мердігер компания өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Ауылдастарын осындай үлкен қуанышты сәтпен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ырысбек Әбдібаев және ауыл тұрғыны Бердіқожа Нүркеевтер құттықтады. Ақсақалдар Елбасы саясатының арқасында ауылға жетіп отырған медицина игілігі үшін алғыстарын білдіріп, осында қызмет жасайтын жандарға сәттілік тіледі. Осыдан кейін аталмыш мекеменің құрылысымен айналысып, дер уақытында тапсырған мердігер «Астана энерго мастер» ЖШС директоры Мадияр Кутиев амбулаторияның бас дәрігері Әйгерім Еркибековаға символикалық кілтті табыс етті. Осыдан кейін медициналық мекеменің лентасы қиылып, ұлттық киімдегі әжелер дәстүрімізге сай шашу шашып, одан соң жиналған қауым амбулаторияның ішін аралап көрді.

15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияда тұрғындарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ем-шара бөлмесі, зертханасы, ем-дом қабылауға арналған төсектер, акушерлік бөлмесі бар. Дәрігерлер мен медбикелер қонақтарға әрқайсысын мақтанышпен көрсетіп, заманға зай ғимаратта ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсете алатындықтарын айтып берді.

Жалпы жобаның құны 34 млн. 993 мың теңгені құраған. «СК АВС» ЖШС тапсырысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған медициналық мекеменің ашылуына ауылдықтар да дән риза.

– Ауылымызда осындай ғимарат қашан салынады деген арман бар еді бізде. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» жандар аудан орталығына жүгінбей, өз ауылымызда ақ ем-шара қабылдап, заманға сай медициналық көмекті алатын күнге де жеттік. Бұл ең алдымен Елбасымыз Нүрсұлтан Назарбаевтың халыққа деген қамқорлығының арқасы деп білемін. Жаңа медициналық мекеме құтты болсын, ауылымызда осындай істің басталғанына мұрындық болған аудандық басшылыққа, іскер азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді медицина саласының зейнеткері, ауыл тұрғыны Маржанкүл Джангарашова.

Салтанатты ашылу шарасы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының Жаңатұрмыс ауыл тұрғындарының қуанышына орай кішігірім концерттік бағдарламаға ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.