Жастар.kz

Жанға жайлы жаңа автобустар тек Таразда жүреді

Бүгінде Тараз қаласында күнделікті 465 автобус 42 бағыт бойынша қатынауда. Бұл тұрғыда тасымалдаушы техникаларды жаңарту, қызмет көрсету сапасын арттыру жергілікті билік назарынан тыс қалған емес. Биылдың өзінде шаһарға 64 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Күні кеше «№1 Тараз автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне осы автобустардың алғашқы легі жеткізілді. Су жаңа қоғамдық көліктердің кілтін жүргізушілерге қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың өзі салтанатты түрде табыстады.

Ресейден әкелінген 20 дана «Паз 32054» маркалы көліктердің әрқайсысының құны 9 миллион 500 мың теңге тұрады. Ал, жалпы парк басшылығы бұл игілікке қол жеткізу үшін «DAMU» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы «Бизнесті дамытудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен 190 миллион теңге несие алған.

– Қаладағы жолаушылар тасымалын жандандырып, қызмет көрсетудің сапасы мен мәдениетін жоғарылату бағытында жыл сайын тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Әрине, қала автобустарының кейбірінің ескіріп, экологияға әсер етіп жүргені жасырын емес. Сол себепті біз бұл жолы газбен жүретін автобустар алып отырмыз, – дейді қала басшысы Ғ.Әбдірайымов.

Шара барысында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов та қаланың жолаушылар тасымалы саласындағы біраз жаңалығымен бөлісті.

– Алдағы уақытта «ӘулиеатаТрансПасс», «Экспресс-05», «ТаразТрансМоторс» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің де осындай орта және жоғары сыйымдылықтағы автобустар алу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, жыл соңына дейін аталған автопарктерге тағы 39 қоғамдық көлік қосылмақ. Оларды №9, 12, 16, 43, 44, 47, 54 бағыттардағы автобустардың ескіргеніне алмастырып, қызмет көрсету сапасын біршама жақсарту жоспарымызда бар. Ал, бүгін тапсырылған автобустар №11 және 17 бағыттарындағы жолаушы тасымалдайтын болады, – дейді бөлім басшысы.
Бір айта кетерлігі, бұл көліктердің барлығы жолаушыларды ақпараттандырып отыратын арнайы құрылғымен және нақты уақыт режимін, жылдамдығын бақылап отыратын GPS жүйесімен жабдықталған.

Ж.Бақытбекұлы,
Тараз қаласы

ПІКІР