Жаңарған Жамбылым!

Жаңғырған «Жеңіс» саябағы тараздықтардың сүйікті демалыс орнына айналды

Written by Aray2005

Кез келген қаланың сыртқы сипатынан тұрғындардың мәдениеті мен әлеуметтік жағдайын тануға болады. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов аймаққа басшылыққа келген алғашқы күннен-ақ көне шаһардың ажарын арттырып, көркіне көрік қосу үшін үлкен бастамаларды қолға алды. Бүгінде тотыдайын таранып, сұлудай сыланған Тараз шаһарының келбетіне тамсанып, тарихы терең қалаға келуге құмар туристер де күн сайын артып отыр.
Қала орталығының сәнін ашып, ажарын кіргізетін саябақтар да қайта түрленіп, жаңарып, көпшіліктің сүйікті демалыс орындарына айналуда. Соның бірі – салынғанына 34 жыл болған Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы. Демалыс орны өткен жылы қайта түрленіп, жаңа кейіпке енді.

Саябақ аумағы 15 гектар. Мұндағы көз тартатын нысандардың бірі – «Ерлік» мемориалды кешені.
Кешенге кіретін бас қақпаның ені – 13, биіктігі 8 метрді құрап, алыстан көзге түседі. Демалыс орнының кіреберісіне биіктігі екі метрге жететін қос сарбаздың темір мүсіні орнатылған. Ал саябақтың қақ ортасынан ер Баукеңнің батырлық болмысын сомдаған еңселі ескерткіші қойылып, оның қос қапталында Кеңес Одағының Батыры атанған 48 жамбылдықтың есімі жазылған тақта орнатылып, ҰОС-қа қатысқан 105 мың сарбаздың аты-жөні тізілген «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы бой көтерді.
Саялы саябақта Ауған соғысында қаза тапқан жауын­герлердің, Семей ядролық полигоны мен Чернобыль апатының зардабын жоюшылардың құрметіне де ескерткіш салынды.
Саябақтың мәні мен сәнін кіргізіп тұрған Ұлы Отан соғысы тарихынан сыр шертетін «Даңқ» залы әрбір қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңалық іспетті. Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын аталмыш зал екі қабаттан тұрады. Залдың бірінші бөлігіндегі 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер бейнеленген. Мәселен, 1941 жылға арналған қабырғада «Барборосса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқас пен генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосурет пен 200-ден аса құжат қойылған. Ал залдың 1942 жылға арналған қабырғасы «Ленинград блокадасы» жайлы. Онда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын тепкен. 1943 жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастары жайлы үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Сонымен бірге залдан жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалін де көруге болады. Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Б.Момышұлының балалық шағынан бастап өмір жолын бейнелейтін музей, көркемсурет бұрышы ұйымдастырылған. Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған конфе­ренция залын көруге болады. Сондай-ақ деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолаборатория да қарастырылған.
Тараздық тұрғын Омар Сәрсеннің айтуынша, бұрын «Жеңіс» саябағы деген аты болмаса, мұнда ҰОС-қа қатысты ешқандай дерек болмаған екен. Тіпті саябақтан сая таппақ түгіл, қас қарая жүрудің өзі қорқынышты еді дейді.
– Шыны керек, бұрындары таңсәріде немесе кешқұрым саябақ маңымен жүру қауіпті болатын. Қараңғы, қуыс-қуыс, қоқыстары айра-жайра шашылып, шетел киноларындағы қараусыз қалған тоғай секілді ағаштары оталмай тұратын. Қазір жағдайы тіптен басқа. Кешке шамдары жарқырап, шақырып тұрғандай болады. Күндіз-түні халықтың қарасы үзілмейді. Бала-шағасын ерткен отбасылар, бірін-бірі жетектеген қарттар, жасөспірімдер барлығы осында келеді. Саябақ біздің мақтанышымызға айналды. Алыс-жақын қалалардан келген туыстарымызды да осында алып келеміз. Олар да саябақты аралап көріп, жағажайға барып қайыққа мініп жатады. Біз үшін үлкен сыйлық болды, – дейді О. Сәрсен.
Ал саябаққа сонау Жуалы ауданынан немерелерімен арнайы сейіл құруға келген Айман Белгібаева демалыс орнының заманауи кейіпке енгені әрбір жамбылдық үшін мақтанышқа айналғанын жасырмады.

– Қалаға жақын аудандардың бірінде тұрсақ та «Жеңіс» саябағына бүгін бірінші рет ат басын бұрып, келіп тұрмыз. Отағасымен бала-шағаны осы саябаққа арнайы қыдыртуға алып келдік. Ұрпақ ата-бабасының ерлігін білуі тиіс. Балаларым аталарының есімін мәрмәр тастан көргеніне риза болып, фотоға түсті. Жерлесіміз даңқты қолбасшы Бауыржан атала­рының ескерткішін көрді. Батырдың тақтай­шаларға жазылған қанатты сөздерін оқыды. Жаңарған жағажайға барып, ондағы өзгерістерді де тамашалады. Күнделікті күйбең тірлікте біз көп нәрсені байқай бермейміз ғой. Бүгінгі демалысымызға іштей қуандық. Қаламыздың осындай түрленіп, көркейгені тамсандырды, – дейді А.Белгібаева.
«Жеңіс» саябағы былтырғы мамыр айында қайта ашылғанымен, оның кейінгі бөліктерінің құрылысы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Екінші кезеңмен жүзеге асқан Үшбұлақ каналы жағалауы былтыр қала күнінде пайдалануға берілді. Жағажай бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарына керемет әсер сыйлайды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР