Жаңғыру арқылы жарқын болашаққа

0 0

Әр дәуірдің, әр заманның өзіне тән үні, қиыншылығы мен жеңісі, ерлігі мен алар асу белестері, арманы мен мақсаты болатыны анық. Оған тарих куә, бүгінгі тәуелсіз мәртебелі мемлекетіміздің өзі дәлел. Сонау Алаш арыстары шегендеп кеткен шекараның шаңырағы шайқалып, керегесі күйреп кете жаздаған сәтте еңсесі езілген ел-жұрттың есіктегі басын төрге сүйрейтін, «еңку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай» ісі бітпейтін ерлер табылды.

Ердің ер екені қиын-қыстау сәтте ерлікпен ғана дәлелденетіні тағы бар. Қасиетті қарашаңырақ – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басына күн туғандағы көрегендігі, өткір, сүбелі сөзі ғана емес, жұмыссыздықты жойып, тоқырау жылдарының трагедиясынан моладай қаңырап, жетімдей жамырап қалған бұқараның басын қосып, тіршілікке қан жүгіртіп, жан бітіргені де ұлы ерлікпен пара-пар екенін жасыра алмаймыз. Жақынды бауырына басып, алысты абызша болжай білетін Ұлт көшбасшысының арқасында, қазақтың қабырғалы жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай «Елбасы біреу, ел оған тіреу» болып, қаншама қиындықтарды еңсердік. Мемлекет басшысы «Әуелі экономика, сонан соң саясат» қағидасын ұстанды. Алға айқын мақсаттар, жойқын жоспарлар қойды. Терең тоқыраудың тұңғиығынан толық арыла қоймаған 1997 жылы «Қазақстан– 2030» Стратегиясын ұсынғанда бұқараның басым көпшілігі ондағы межелі мақсат-міндеттерге күмәнмен қарады. Дегенмен, стратегиялық бағдарламада көзделген басымдықтар мерзімінен бұрын орындалды. Байыпты бағдарламалардың нәтижесінде лайықты жағдай жасалды. Экономикалық жаңғыру жолы осындай оңды істермен ілгеріге із тастап, Алаш ұрпағын алдағы алар асуларға жетеледі. Қыраны қанатын құзға қайрап ұшқан тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында саясат сахнасында да сара жолымыз қалыптасты. Ұлы даланы мекен еткен 130-дан астам ұлт пен ұлыстың арасында этносаралық татулық, конфессияаралық келісім, рухани үндестік берік орнықты. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан» деп Елбасымыз айрықша атап өткендей, әрбір азамат кең байтақ жерімізде өзінің құқығы қорғалатынына, жарқын болашақ қалыптастыра алатынына сенеді. Отандастарымыз ортақ мақсат жолында жан аямай еңбек етуде. Берекелі бірлік пен жарасымды тірліктің арқасында еліміз әлемдік қауымдастық алдында зор беделге ие болды. Сарабдал саясаттың сыры осында. Енді міне, еліміз Үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2016 жылғы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кемел келешекке керуен түзеген көшіміздің бағыт-бағдарын айшықтап берді. Құнды еңбектің маған терең ой салғанын жасырмаймын. Себебі біздің қоғамға рухани жаңғыру ауадай қажет. Идеяның мәні терең, мәртебесі биік. Оны толыққанды іске асыру үшін бір үйдің баласындай білек біріктіріп, еңбек ету керек. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп, ісімізге нәтиже мен нақтылық қажет екенін соқырға таяқ ұстатқандай жүрекпен жеткізді. Сананы тұрмыс билеген заманда рухани байлығымыздың мысын материалдық құндылықтар басып, таптап, жаншып жатқанын жасырмаймыз. Күнкөріс үшін көп күш жұмсауға тырыстық. Сондықтан да адами капиталды дамытуға айрықша назар аудару керек. Біз жаһандық үдерісте жұтылмауымыз үшін, ғаламдық бәсекеде ұтылмауымыз үшін ұлттық кодымызды сақтап қалуымыз қажет. Бұл – бағзыдан бастау алатын біздің басты байлығымыз! Елбасы күні кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында баяндаған атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, аң стиліне қатысты тарихи деректерге негізделген тың ұсыныстар айтты. Расында да біздің тарихымыз өте бай. Бірақ біз оны қаншалықты деңгейде төрткүл дүниеге таныта алдық? Қоғамдық сана серпілмей, қозғалыс болмайды.
Қорыта айтқанда, өнегелі өткеніміз болашақтың қайнар бұлағына айналып, бүгінгі күніміз ертеңгі тарихқа айналу жолында Елбасының еңселі бастамасын, маңызды міндеттемелерін, тұшымды тапсырмаларын екі етпей орындауға бел бууымыз керек. Осы бағыттағы атқарған әрбір еңбек, әр тамшы маңдай тер болашақ ұрпақ үшін аға буынның тайға таңба басқандай қолтаңбасы болмақ. Себебі жаңғыру жолы жаһандық жат құндылықтардан жаңылдырмай, ұлт пен ұрпақты тек жарқын болашаққа бастайтын жалғыз жол.

Елдар БОРАНБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.