Жалын

«Жаңғыру жолы» жаңа істерге бастайды

Жақында ғана жасақталған «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Астанада өткен конференциясында еліміздің барлық өңірлеріндегі этномәдени бірлестіктердің жастары осы қоғамдық ұйымды құруы тиістігі айтылған еді. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарға қатысты қоғамдық ұйымдары біріктіріледі. Мұндағы мақсат – еліміздегі саяси, экономикалық, қоғамдық күштерді Мемлекет басшысы идеясының төңірегіне топтастырып, «Рухани жаңғыру» процестерін бірлесе жүзеге асыру.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде «Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын» деген болатын. «Жаңғыру жолы» қозғалысының құрылуы да Қазақстанның стратегиялық бағытына жастардың шынайы қолдау білдіруінің дәлелі болып табылады.

Жуырда елдік мүддені мақсат еткен жастар қозғалысының облысымыздағы өкілдігін басқаратын Темірлан Лолохаевпен сұхбаттасып, жамбылдық жаңашыл жастардың істерімен таныстық.

– «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы Жамбыл өңірінде алдына қандай мақсаттар қоюда?
– Бұл қозғалыс қазақстандық жастардың өз Отанына, туған жері, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуға шақыруды көздейді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген басым бағыттарды іс жүзінде орындауға жетелейді. Сондай-ақ, жастардың түрлі топтарының қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып, көшбасшылық қабілетке баулиды. Міне, сондықтан, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өз өңіріміздің өркендеуіне бағытталған іс-шаралармен белсене айналыспақ. Мәселен, қоршаған ортаға қамқорлық жасау мақсатында сенбіліктер өткізу, жалғызбасты қарияларға көмектесу, қарттар үйлеріне мерекелік концерттер қою секілді үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін істерді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, облысымыздағы жастардың өзекті мәселелерін қарастырып, оң шешілуіне ықпал ету де осы қозғалыстың назарында болмақшы. Түйінді мәселелерді түбегейлі шешу үшін біз өз тарапымыздан әлеуметтік сауалнама жүргізіп, зерттеу шараларын ұйымдастырамыз. Негізінен, Қазақстанның 100 жаңа есімі атанғандармен жастарды түрлі тақырыптар бойынша кездестіріп, олардың табысты тәжірибелерін таратуды қолға аламыз. Атап айтқанда, 100 есімнің бірі – Ақжүрек Таңатаровтың атында Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында спартакиада өткізсек деп отырмыз. Осы арқылы аптал азаматтарымызға ұқсап өсуге талпынатын жеткіншектер қатарының көбеюіне түрткі болсақ дейміз. Өнегелі өмір үлгісін жас ұрпақ бойына сіңдірсек деген ойдамыз. Сол секілді «100 жаңа кітап» жобасы аясында жастардың білім көкжиегін кеңейтуді мақсат етудеміз. Облысымыздағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы енді құрылып жатқандықтан, нақты іске кірісіп кете қойған жоқпыз. Құрамымызды жасақтап, жоспарымызды бекіттік. Бұл біздің жастардың идеялары ғана. Болашақта қолға алатын істеріміздің қатары толыға түсуі мүмкін.

– Қозғалыс құрамына тек Ассамблея жастары кіре ме?
– Жоқ, осы қозғалыстың жұмыстарына қызығушылық танытып, «Мемлекетімнің өркендеуіне үлесімді қосамын» деген жас азаматтардың бәрінің де қосылуына болады. Әзірге қозғалыс төрағасы мен орынбасарларын қосқанда 11 мүшесі бар. Олардың ұлттары әртүрлі, бірақ бағыты бір, көксеген мұраты – ортақ. Көздегеніміз – туған Отанымыздың бүгінін баянды, ертеңін кемелді, ынтымағы жарасқан, өркениетті ел етуге бел шеше еңбектену.

– Әрине, мұндай мақсаты биік ұйымға кез келгенді төраға етіп сайламайтыны белгілі. Өзіңіздің қандай қабілетіңізге сенім артып, осындай жауапты тізгінді ұстатты деп ойлайсыз?
– Мен жастайымнан еңбекке араласып, өмірдің әр қырын көріп, түйсініп, әрнеден өзіме қажетті сабақ алып өстім. Соның арқасында жүрген ортамда қолымнан келгенінше ортақ істерге белсенді қатысып келемін. Қазір жасым жиырма төртте, «Сауда алаңы «Веллес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қаржы директоры қызметін атқарудамын. Сонымен қатар, білімімді жалғастырып, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Заңгерлік» мамандығы бойынша магистрантпын. Жұмыстан сәл босаған уақытта кітап оқығанды жақсы көремін. Көмегіме жүгінген жанға қолдау көрсетуге тырысамын. Бәлкім, осындай әрекеттерімді, ұйымдастырушылық қабілеттерімді байқаған болар. Расымен де, жаңадан құрылып жатқан жастар қозғалысына жетекшілік ету оңай іс емес. Зор міндет жүктеліп отыр. Өмірге деген, егемен еліміздің ертеңіне деген құлшынысы жоғары замандастарыммен бірге бұл үдеден де шығатынымызға сенемін. Ой өрісі кең, тың идеялары мол, білімді де іскер жастардың алмайтын асуы жоқ. Өз ортасына жан жылуымен, адал еңбегімен шапағатын шашып жүруге ниетті құрбы-құрдастарымды біздің қатарымызға қосылуға шақырамын.

Елбасы жастармен бір кездесуінде «Сіздер – елдің болашағысыздар. Сіздер мен біздің ұлы мақсатымыз бар. Армандар ұмтылған кезде ғана орындалады. Қазақстан ХХІ ғасырда қуатты әрі өздеріңмен бірге өркендейтін ел болуы үшін сіздердің күш-жігерлеріңіз, ынтымақтарыңыз, табандылықтарыңыз бен таланттарыңыз жеткілікті екеніне сенемін» деген еді. Біз еліміздің баянды болашағын жасаушылармыз. Ілкімді ісімізбен жұрт сенімін ақтаймыз!

– Халықтар арасындағы бірлікті дәріптейтін мерейлі мерекеге байланысты жүрекжарды лебізіңізді білсек…
– Бұл мерекенің қоғамда алар орны бөлек. Ұлты, салты, тіпті діні бөлек халықтар арасындағы ынтымақ күллі адамзат үшін ең басты қажеттілік деп ойлаймын. Біздің Қазақстандай көпұлтты және ынтымағы жарасқан, бір-біріне бауырлардай қарасқан ел жоқ шығар әлемде. Саясаттың сан қилы ықпалымен жан-жақтан келген түрлі ұлттарды өз туғанындай бауырына басып, бір үзім нанымен бөлісіп, өз үйіне паналатып, төріне оздырған қазақ халқына ризалығымыз шексіз. Бір Тудың астына біріккен еліміздің жұмылған жұдырықтай бірлігі беки бергей! Мереке құтты болсын, отандастар!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР