Жаңғыру жолы жасампаздыққа жетелейді

0 0

Бүгін Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтеді

Аталған жиынның күн тәртібіне партияның жаңа бағдарламасын қабылдау, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерімен бірге, партия Саяси кеңесінің және Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезеңдегі жұмысы қаралатын болады. Сонымен бірге партия Саяси кеңесінің және Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланады.
Кеше партияның кезекті XVIII съезі делегаттарының қатысуымен панельді сессия және «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырыстары өтті.

– Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы дайындалды. Бұл құжатта Елбасының елімізді жан-жақты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұмысы көрсетілген. Бағдарлама жобасы бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партияның аумақтық және аймақтық филиалдарының конференцияларында кеңінен талқыланды. Нәтижесінде құжат әлеуметтік сипатқа ие болып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында бағдарламаның негізгі бағыттары бойынша партия хатшысы Илья Теренченко баяндама жасады. Одан бөлек, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, Павлодар облыстық перинаталды орталығының бас дәрігері Айман Оспанова және «Агрофирма «Родина» ЖШС-ның директоры Иван Сауэр сынды Саяси кеңес мүшелері сөз сөйлеп, жаңа бағдарламаның басымдықтарын тілге тиек етті.
Талқылау нәтижесінде Саяси кеңес мүшелері Бағдарлама жобасын мақұлдап, оны «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінің қарауына ұсыну туралы шешім қабылдады. Мұнан соң кезекті съезд күн тәртібіне қойылған партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу және Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есептік кезеңдегі жұмысын қорытындылау сынды мәселелер де назарға алынып, талқыға салынды. Сондай-ақ Саяси кеңес отырысында өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелерін сайлау мәселесіне де көңіл бөлінді. Одан бөлек, отырыста кезекті XVIII съездің жұмыс органдары – мандаттық, есептік, редакциялық комиссиялардың және съезд хатшылығының жеке құрамдары бекітілді.
Жиынды қорытындылаған партия Төрағасының бірінші орынбасары кезекті съездің партия үшін маңызы зор екеніне тілге тиек етті.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, съездің қарауына партиямыздың әрі қарай дамуына үлкен әсер ететін маңызды мәселелер ұсынылып отыр. Съезд жұмысына Елбасы, партия Төрағасының қатысуы да бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан съездің ел дамуына да тигізер әсері мол деуге толық негіз бар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ал съезд аясындағы панельді сессия отырыстары Назарбаев Университеті, Ұлттық Ғылыми Кардиохирургия Орталығы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткізілді.
Жамбылдық делегаттар «Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткен және «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасында көзделген тапсырмаларды іске асыру аясында жаңа форматтағы мемлекеттік аппараты қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсетулерді автоматтандыру» тақырыбында өткен панельді сессия отырысына қатысты.
Сессия отырысы спикерлерінің қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев болып, олар мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіру, қызмет сапасын арттыру, азаматтардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау турасында сөз қозғады. Ал Сарысу ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Балабек Нарбаев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақмола облыстық филиалының директоры Әлібек Баймағамбетов, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Кругоозерный кенттік округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының төрағасы Кенесары Нұршынов баяндаманы талқылауға қатысты.
Партияның кезекті XVIII съезі қарсаңында ұйымдастырылған панельді сессия және «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырыстарында жетекші саяси құрылымының бүгінгі жиынында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтің әлеуетін көтеруге басымдық берілетіні белгілі болды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ,
Астана қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.