Рухани жаңғыру

Жаңғыру жолындағы жалынды жастар

Written by Aray2005

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлтымыздың рухани құндылықтарын жаңғырту жолдарын айқындап берді.
Ұлт көшбасшысының тарихи еңбегінің басым бағыты ел жастарына арналған. Елбасы өз мақаласында «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» деп, ел ертеңі жастарға үлкен сенім артты.

Осы уақыт аралығында еліміз дамудың 3 кезеңінен өтті. Алғашқы жаңғыру ел болып өз дербестігімізге қол жеткізген сәтіміз. Жас мемлекет халықтың санасын оятып, ертеңге деген сенімін арттырды. Екінші даму кезеңі – Қазақстанның жаңа астанасы салынып, «Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылдануы еді. Ал үшінші жаңғыру «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанымен жалғасын тапты.
Халық болашағы үшін жарияланған маңызды мақаланың шыққанына да үш жыл болды. Басында мақала болған «Рухани жаңғыру», кейінірек өзінің маңыздылығына сай бағдарлама ретінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде іске асып жатты. Еліміздің мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болуы үшін және бұқаралық сананы өзгерту жолындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халқына жолдаған ұтқыр бағдарламасы еді.
Рухани жаңғыру кеше – бүгін іске асырылып жатқан дүние емес, ол үздіксіз болып отыратын процесс.Оған Тәуелсіздікке қол жеткізген сонау заманнан бергі іс-шаралардың барлығын жатқызуға болады.
«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту, тарихи-мәдени мұраларымызды ұлықтау, ұлттық дәстүр, қол өнер шеберлігін дамыту, туған жердің тарихын білу тәрізді сан алуан тақырыптарды қамтиды.
Алғашқы жылдардағы «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» және «Ұлы Даланың жеті қыры» қоғамдық сананы жаңғыртуға көзделген бағдарламалар еді. Ал Елбасы ұсынған мақалада көрсетілген бірнеше бағыттың басын біріктіріп, баса екпін берілген.
«Рухани жаңғыру» – бұл адам сана сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші. Ал жастардың рухани байлығы дегенде бірінші кезекте, олардың білімділігі, ана тілін білуі мен мәдени деңгейі, дүниетанымдық ой-өрісі тұрады. Сондықтан да, Елбасының бағдарламалық мақаласы тікелей жастарға арналған. Өйткені, болашақ – жастардың қолында.
Осы бағытта облысымызда «Рухани жаңғыру» аясында жас буынның даму жолында атқарылған істер аз емес.
Бұл игілікте істе жастар саясаты мәселелері басқармасы қолғабыс етіп келеді. Бағдарламаның «Туған жер» бағыты бойынша «Тағзым» жастар акциясы аясында «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне тазалық жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, тұрақты түрде облыстық «Болашаққа бағдар» атты көшпелі кеңес беру алаңы жұмысы аясында Тараз қаласында, аудандар мен елді мекендерде болып, барлық санаттағы жастар мен тұрғындарға кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын атқарды. Кеңес беру алаңдарына 5 мыңнан астам жас пен тұрғындар қамтылды.
Ал, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедициясы өткізілді. Басқарма экспедицияны өткізуді дәстүрге айналдырып отыр. Нәтижесінде шараға облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласынан 11 командалық топ құрылып, 110 жас қатысты.
Экспедиция қорытындысы бойынша Тараз қаласында конференция ұйымдастырылып, командалық топ мүшелері экспедиция барысында жинақтаған материалдарының презентациясын жасап, өңірдің тарихи-мәдени мұраларының маңыздылығын талқылады.
Өткен жылы облыс әкімдігінің 2019 жылғы 14 наурыздағы №52 қаулысымен «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы іске қосылды. Жоба волонтерлердің әлеуетін қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылы көмек көрсетуге бағытталды. Қазіргі таңда облыста 6 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалды. Жұмыстары жүйеленді. Жоба аясында Тараз қаласында 3, ал аудандарда бір бірден қайырымдылық дүкендері ашылып, қажетті жабдықтар алынды.
Одан бөлек, халық көп шоғырланатын сауда орындарында 5 қайырымдылық жәшігі орнатылды. Жоба басталған уақыттан бері аталған дүкендер арқылы 1 мыңнан аса отбасына 3 тоннаға жуық киім-кешек үлестірілді.
Сол сияқты волонтерлердің ықпалымен облыс бойынша 609 отбасына 3,2 миллион теңгеге азық-түлікпен көмек көрсетілді. Қазіргі таңда «Қамқор» дүкені өз жұмысын жалғастыруда.
Сонымен қатар басқарма тарапынан «SENIM! EŃBEK! JETISTIK!» атты өңірлік жастар форумы, студенттік балл және облыстық «Дельфи» ойындары мен «ПРОФИ» кәсіптік байқаулары жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Жалғасын табатын жарқын істердің жүзеге асуына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бағыт-бағдар болатыны сөзсіз.
Әулиеаталық жастар озық ой-сананың, ұлттық рух пен патриотизмді насихаттайтын жарқын істердің көшбасында жүреді деп сенемін.

Серікбол БЕРІКҚОЖА,
облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы

ПІКІР