Жаңқаға жан бітірген Оразғали!

0 7

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, ерте заманнан бері қасиетті қара домбыра қазақпен бірге жасасып келеді. Қос ішекті, қоңыр үнді аспапты жасауды өз кәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген жас шеберлер де халық арасында кездесіп жатады. Солардың бірі – таластық Оразғали Байжанов.

Он саусағынан өнер тамған шебер ағаштан әр қилы дүние жасайды. Басты кәсібі – домбыра жасау. Ол сүйікті ісін 10 жыл бұрын бастаған екен. Оразғали Кеденұлы бір домбыраны 10 күнде жасап шығарады. Осы кезге дейін ол 300-ге жуық қосішекті аспап жасапты. Ұста өзі жасаған дүниесінің көптігімен емес, сапасымен мақтанады. Олардың барлығын тапсырыс арқылы қабылдайды. Ал домбыраға қажетті шикізатты шебер базардан сатып алады. Ұлттық мұрамызды насихаттап жүрген шебердің сөзінше, тапсырыс берушілердің ішінде домбыраны өздерінен гөрі сыйға тартуға алып жататындары жиі кездеседі екен.
– Қолөнер – ешқашан өшпейтін өлшеусіз өнер. Ол қанмен келеді, тұқым қуалайды. Менің атам темірден түйін түйген ұста болған. Сол өнер маған да дарыды. Туған жеріміз – Талас ауданының Қараой ауылы. Бала кезден домбыра тартуға әуес болдым. Кеңінен көсіліп күй тартпасам да, азын-аулақ аспаптардың дыбысын ретке келтіретін білімім бар. 7-8 жастан бастап үйірмелерге қатыса бастадым. Домбыра жасайтын адам домбыра тарта да білуі керек. Себебі жасаған дүниеңнің үнін ажырату үшін хабарың болғаны абзал, – дейді шебер.
Домбыраның бағасы 20 мыңнан басталады. Бұл жерде ұлттық аспаптың құны материалына байланысты болса керек.
– Бір домбыра 4-5 түрлі ағаштан дайындалады. Өзімізде өсетін ағаштардан жасалатын домбыралар арзан болады. Ал шетелден әкелінетіндер қымбат. Өйткені ол ағаштардың сапасы жақсы, құрылымы жағынан тығыз болып келеді. Мысалы, Қазақстанда қызыл және қара ағаш мүлдем өспейді. Бізде еменнің бір ғана түрі өссе, шетелде оның бірнеше түрі бар. Яғни бізде өсетін ағаш пен шетелдің ағашын салыстыруға келмейді. Бірақ, бұл ағаштардың бәрін қазіргі таңда базардан тауып алуға болады. Домбыраның қымбат немесе арзан болуы жасалатын материалы мен дыбысына байланысты. Менің шеберханамда 15-16 жастағы балаларға арналған ең кішкене домбыраның бағасы 30-20 мың теңгеден басталады. Ал ең қымбат домбыраның бағасы 500 мың, тіпті 1 миллион теңгеге дейін барады, – дейді Оразғали Кеденұлы. Ұлттық аспап арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отырған ағаш ұстасы шеберханасын кеңейтіп басқа да бұйымдарды жасамақшы. Бірақ қазіргі таңда қаражат жағы қолбайлау болып тұр.
– Жасым 57-де. Чернобыль апатын жоюға қатысушымын. Қолымнан бәрі келеді. Домбырадан басқа астау, үстелдер, төсек-орын, нарды ойынының тақтасы секілді дүниелерді жасай беремін. Қазір Қаратау қаласындамын. Осы жерден жалға орын алып, шеберханада жұмыс істеп жатырмын. Ойлаған дүниелерді іске асыру үшін біраз қаражат керек. Материалы бар, аппараттары бар. Соған демеу болса деймін. Қазір «Атамекеннің» «Бастау» жобасы бойынша қайтарымсыз несие алуға оқып жатырмын. Бұйырса, соны алсам жұмысымды дөңгелетіп әкетуге жақсы мүмкіндік болар еді, – дейді шебер.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,
Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.