Жануарларды қорлағандарға да жаза бар

0 90

Жер адамзат үшін және онда өмір сүретін барлық тіршілік иесі үшін ортақ. Яғни онда жан-жануарлар, мен хайуанаттардың да Алла берген нәсібін теріп жеп, емін-еркін өмір сүруіне рұқсат. Сол секілді «Табиғаттану» пәнінде өткеніміздей, жануардың бір түрін жою – өзге түрлердің өзгеруіне, азайып не көбеюіне алып келеді де, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады.
Десе де біздің бүгінгі қоғамы­мыз­да жапан далада жортқан қас­қыр, түлкіден бөлек ит-мысықты бай­лап сүйреу, тоңазытқышқа қамау, дәр­мен­сіз құстардың қанатын қайыру, бе­лін сын­ды­ру секілді қорлау белең алу­да. Жаса­ған күнәсін жасырмай, ғалам­тор­ға салып, мақтанатындар көбейген. Дін­де де жазықсыз жануарларды қор­лау­ға рұқсат жоқ. Бұл жөнінде Пайғамбары­мыз­дың (с.ғ.с.) хадисінде: «Бес жағымсыз жануар ихрам және ихрам емес кезде де өлтіріле береді. Олар: жылан, ала қарға, тышқан, құтырған ит және батпырауық», делінген.
Қылмыстық кодекстің 316-бабын­да жануарларға қатігездік жаса­ған­дар­ға 120 айлық есептік көрсеткіш мөл­ше­рін­де айыппұл салу немесе 120 сағат­қа қоғамдық жұмысқа тарту және 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы­ның 1-бөлігі бойынша егер бұл әрекет бұзақылық ниетпен немесе садистік әдістерді қолдана отырып, не жас балалардың қатысуымен жасалса, жануарларға олардың өліміне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездікпен қарау, 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не 200 сағат түзеу жұмыстарына немесе 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, болмаса 60 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Сонымен бірге алдын ала сөз бай­ла­су арқылы адамдар тобы жаса­ған немесе бірнеше рет жасал­ған дәл сол әрекет – 500 айлық есептік көр­сет­кіш­ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе 500 сағат түзеу жұмыстарына не 300 сағатқа дейінгі мерзімге қоғам­дық жұмыстарға тартуға, болмаса тоқ­сан тәулікке дейінгі мерзімге қамақ­қа алуға жазаланады. Бірақ осын­дай жазаға қарамастан ит-мысық­ты қорлайтындар тыйылмай тұр, – дейді Тараз қалалық полиция басқар­ма­сы­ның басшысы Асылхан Заурбеков.
Жуырда ғаламторда Тараз қаласында шарбағына кіргені үшін иттің көзін ойып, күшіктерін балталаған қаскөй жайлы адам шошыр­лық ақпарат тараған бола­тын. Тараз қалалық полиция бас­қар­ма­сы­ның берген мәліметінше, ҚР Қылмыс­тық кодексінің 316-бабының 1-бөлігі­мен бір іс қозғалған. «Бұл 2021 жылдың 5 мамырында Шөлдала иінінде орын алған жағдай. Атал­мыш жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыс­тары жүргізіліп, сараптама тағайындалған. Сарап­та­ма­ның қорытындысы бойынша процессуал­дық шешім қабылданатын болады», – дейді басқарма басшысы.
Ғаламтор демекші, әлеуметтік желілерде жануарларды қор­ғау­шы­лар, қаңғыбас ит-мысықтарды ау­лап, құтырған иттердің көзін жою­шы ве­те­ри­нар мамандардың да жұмы­сы­­на сын айтылып жататынын көріп жүрміз. Олардың айтуынша, қор­­ған­­сыз хайуанаттарды құртуға мил­лион­да­ған қаржының бөлінуі оларға жасалып жатқан киянаттың бірі екен. Облыс әкімдігінің ветери­на­рия басқармасының Тараз қала­лық ве­те­ри­нария стансасы дирек­то­ры Қанатбек Қартабаев қаң­ғы­бас ит-мысық­тың көбеюін асырау­шы­ла­ры­ның жауап­сыз­ды­ғына әкеп отыр­ға­нын, қараусыз жануарлардың көбеюі олар­дың нәжісі мен сілекейлерінен жұғатын жұқпалы аурулардың көбеюі­не де себепші болатынын айтады.
– Бұл мәселе бойынша әр аза­мат­тың көзқарасы, ойы, пікірі бар. Мен азамат ретінде екі жақтың да пікір­ле­рі­не алып-қосарым бар. Көп жағдайда адам бір мәселені өз басынан өткіз­бейін­ше, сол мәселеге қатысты ат­қа­ры­лып жатқан жұмыстарға тек бір­жақ­ты қарайды. Итті ату, аулау оны қорлау деп қабылдайды. Ал олар­ды аулау, дәрі қолдана отырып ұйық­тату лажсыз шара екенін түсінгілері кел­мейді. Ауланған, дәрімен ұйық­та­тыл­ған иттер көп жағдайда ауру­ға душар болған, қартайған, адам­дарға, үй жануарлары мен үй құс­­тарына шабуылдап, тістеп, агрессия жасағандар. Ондай иттер­ді жою егелерінің немесе құзырлы органдардың хатына сәйкес жүр­гі­зі­ле­ді. Адамның өміріне, ден­сау­лы­ғына, қоғамға қауіп төндіріп тұрған кез келген жануар­лар иттерді қоса алғанда ҚР «Ветери­нария туралы» Заңының талап­тары бойынша жоюға жатады. Иттерін қорғаштап бәйек болатын иелеріне сол иттері шабуыл жаса­ғанын, тіпті сол жануардан айықпас дертке шалдығып, тіпті өмірі­мен қоштаса­тындарды көріп жүрміз. Ондай мысалдар көп. Кейбірі уақытында қолға алмағандықтан, іс насырға шапқанда ғана қолдарын кеш сермеп жатады. Кейбіреулер итті уақытша ермек үшін асырап алады да, кейін өскен соң үйінен қуып жібереді. Ол ит уақытылы тамақтанып, уақытылы дәріленбесе ауруға ұшырайды, – дейді Қанатбек Қадырұлы.
Ветеринар маманның да уәжі дұрыс. Ит-мысықтың қаңғыбасқа айналып, құқай көруіне кезінде асырап-бағып, кейін керексіз еткен иелерінің де кінәсі бар. Иті күшіктесе керекті бір-екеуін ғана алып қалып, қалғанын қоқысқа апарып тастап немесе жол жағасына қалдыратындар да көп. Қанша күшік қалса, кейін сонша қаңғыбас иттің пайда болып, өзекті мәселеге айналары сөзсіз. Осы тұста ит-мысық асыраушылар оларға жауаптылықпен қараса дейді маман.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.