"Тарих. Таным. Тағылым."

Жаны да, ары да таза Ақылжан аға

Written by Aray2005

Жамбыл журналисти­касында тілшілікті алып жүрумен қатар, кейінгі буынға білгенін үйретіп, шәкірт тәрбиелей білген аға буын өкілдері аз емес. Солардың бірі – облыстың баспасөз саласында өзіндік орны бар, бүгінде «Aq jol» газетінің Т.Рысқұлов және Меркі аудандарындағы меншікті тілшісі болып еңбек етіп жүрген сақа журналист Ақылжан Мамыт. Әулиеатаның бас басылымында ширек ғасырға таяу уақыт еңбек етіп келе жатқан А.Мамыт біз қатарлы және бізден бір буын жоғары тұрған тілшілердің көбісін қамқорлығына алып, ағалық ақылын аямағаны анық. Баспасөз саласындағы ұстазымыздай болып кеткен білікті журналист биыл алпыс жастың ауылына келіп қалыпты.

Ақылжан Мамыт есімі маған сонау мектепте оқып жүрген кезімнен таныс. Жоғары сыныпта оқып жүргенімде үйге келіп тұратын мерзімді басылымдардың ішінен облыстық «Aq jol» газетін де бір шолып, өңірде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отыру әдетім болып кеткен. Әсіресе «Aq joldaǵy» үстінде «Ақылжан Мамыт» есімі тұратын экономика, өндіріс, ауыл шаруашылығы тақырыбындағы сараптамалық, проблемалық мақалаларды мұқият оқитынмын. О бастан аңсарым Алматыға ауғанмен күндердің күнінде сол Ақылжан Мамыттың бөліміне тілші болып баратыным үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Әрине, Ақылжан ағадан алған тәлім-тәрбие жайлы бөлек жаза жатармыз. Алдымен алпыстың асуына табан тіреген журналистің адамдық, азаматтық қырына, еңбек жолына аз-кем тоқталсақ.
Ақылжан Мамыт Бауыржандай батыр, Шерхандай шындықтың шырақшысы дүниеге келген Жуалы топырағының тумасы. Жастайынан кітапты жастана оқып өскен оның жазу-сызуға деген қыры бала күнінен ашыла түскен екен.
Қара теңіздің бойында екі жылдық әскери борышын өтеп келісімен Талапты ауылының талапты да талантты түлегі Алматыны бетке алды. Ондағы бар арманы – ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенті атану. Дегеніне жетіп, жақсы білім алып, жақсы азамат болып қалыптасқан А.Мамыт туған жерді түлетуге бекініп, қайтадан ауылға тартты.
Замандастарының айтуынша, ол Жуалыдағы аудандық «Жаңа өңір» газетіне кірген кезден-ақ қамшы салдырмапты. Редакция табалдырығын тілші болып аттап, жылдар өте бас редактордың орынбасары деңгейіне дейінгі қайнаған тіршілікті бастан өткерді. Мүмкін, бірер жылдан кейін бас редактор да болар ма еді, егер облыс орталығындағы Әлдихан Қалдыбаевтай көреген редактордың көзі түспесе. Талай жыл аймақтың бас басылымын басқарған Әлдекеңдей жазушы-журналистің оны облыстық газетке шақыртатынындай-ақ бар. Ақаңмен талай жыл әріптес болып, бір ұжымда еңбек еткен журналистика ардагері Сапарғали Әлібай оның қаламгерлік қырының қалыптасқаны жайлы ойын білдіріп, «Мұрағаттардағы уақыт табынан беттері сарғая бастаған газет тігінділерін парақтап көрген жан оның сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының екінші жартысындағы журналистикаға бет бұрған алғашқы қадамынан бастап, ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген қарапайым замандастарының, ауылдың әлеуметтік-мәдени келбетін көркейту үшін арнайы жолдамамен келген медицина, мәдениет, білім беру салаларының жас мамандарының толыққанды кескіндемесін жасауды мұрат тұтқанын аңғарар еді. Әрі жас журналистің бұл талпынысы нәтижесінің де айтарлықтай болғандығын айта кеткен жөн. Егер Ақаң ой-өрісі кенен тартқан бүгінгі кемел шағында сол жазғандарын қайта қарап, кейіпкерлерінің аты-жөнін өзгертіп, қосымша әдеби детальдар қосып, көркемдік бояуын қалыңдатса, оқырман тұшынып оқитын көркем дүниеге айналып шыға келері сөзсіз», дейді.
Расымен аудандық газеттің сол кездердегі сандарын ашып қараған жан Ақылжан Мамыттың өндіріс, ауыл шаруашылығы, еңбек адамдары жайлы өндіртіп, төгілтіп жазғанын көреді. 1996 жылы «Aq jolǵa» аяқ басқан сәттен бастап журналистің жаңа тынысы ашыла түсті. Оның қаламымен суреттелген кейіпкерлерінің еңбекқорлығы, адами қасиеттері мен жұмысқа деген жанкештілігі облыстық газеттің беттерінде сайрап жатты. Оның көктемгі егіс, дала жұмыстары, күзгі жиын-терін мен мал төлдету сынды науқандық жұмыстарды қаузаған материалдарынан журналистиканың корреспонденция, репортаж дейтін жанрының әдемі өрнегін байқайсыз. Одан бөлек оқырман алдындағы жауапкершіліктің үдесінен шығу үшін ауыл шаруашылығынан қалам тербеген мақалаларын мүмкіндігінше туған жердің табиғатымен үндескен әдемі панораманың фонымен астастырып жіберетіні журналистік шеберлігінен хабар беретіндей. Бұл оның туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, табиғаттың таңғажайып сұлулығына, қоршаған орта байлығына тамсана қарайтын, бағалай білетін сыршылдығы ма дерсің?
Жалпы, Ақылжан Мамыт аз уақыт ішінде-ақ «Aq jol» газетінің алдыңғы саптағы сардар журналисіне айнала алды. Алғашында меншікті тілші ретінде мұнда да сол өзіне етене жақын өндіріс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығының кәнігі маманы сияқты саланың отымен кіріп, күлімен шығып небір талдамалы, сараптамалық мақалаларымен жұртқа тез танылды. Әсіресе әріптестері оның ақпарат жазудағы оперативтілігіне әлі күнге таңғалады.
– 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында төтеннен болған жерасты дүмпуінің бірнеше ауылдың үйлерін қиратып, сол аумақ тұрғындарына біраз ауыртпалық салып, облыс тіршілігіне де кері әсерін тигізгенін білесіздер. Бірақ ел экономикасы енді еңсе тіктеп, етек-жеңімізді жиып келе жатқан тұста болған оқиғада жұрт шама-шарқынша жылу жинап, елдікті, бірлікті танытты. Елден жиналған қыруар қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанынан есеп беріп отыратын арнайы комиссия жұмыс істеді. Ал ондағы қираған үйлердің орнында қайнап жатқан құрылысты, басқа да атқарылып жатқан жұмысты дер кезінде әрі тап-тұйнақтай етіп жазуды басшылық маған сеніп тапсырды. Кейін есептеп қарасам, аудан мен Тараз арасында отызға жуық сапарға шығыппын. Тіпті сонда қонып, мақала дайындаған күндерім де болды.
Бір күні сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі әрі Премьер-Министрдің орынбасары Ахметжан Есімов келді ауданға. Облыс әкімі Серік Үмбетов екеуі біраз жерді аралап, тұрғындармен кездесіп, ауыл шаруашылығы нысандарында да болып, жұмыс сапары кеш қарая аяқталды. Сол күні редакция кезекті газетті баспаханаға дайындап жатқан. Қалаға түнімен жетіп, лезде терімшінің төбесіне тұрып алып, түннің бір уағына дейін министр сапарын «диктовкамен» жазып шықтық. Таңертең «Aq joldyń» бірінші бетіндегі өзінің сапары жайлы көлемді мақаланы көріп, біздің ақпарат берудегі шапшаңдығымызға А.Есімов таңғалып, алғысын білдіріпті, – дейді А.Мамыт сонау қызығы мен шыжығы мол еңбек жолын есіне алып.
Аудандық газеттің барлық баспалдағынан өтіп, облыстық газеттің де тілшісі болып, кейін бөлім басшысы, бас редактордың орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы қызметіне дейін көтерілген Ақылжан Мамыттай қабырғалы қаламгердің бергенінен берері мол екені даусыз.
Алпыстың асуына ат шалдырған Ақылжандай ақ пейілді, кең жүректі журналистің әлі талай туындысымен оқырманын баурап, шәкірт тәрбиелейтініне еш күмәніміз жоқ.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР