Жаппай вакцинациялау басталды

Екпені бірінші болып облыс әкімінің орынбасары мен басқарма басшысы салдырды

0 9

1 ақпаннан бастап еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жаппай вакцинация басталды. Ресейлік «Спутник V» вакцинасын Тараз қалалық емханада алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев салдырды.

Таңсәріден бірінші кезең бойынша медицина мамандары қалалық және аудандық ауруханалар мен емханаларда сынама тапсыруда. Облыс әкімінің орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасының басшысы да бірқатар сынамаларын тапсырып, оң нәтиже көрсеткеннен кейін коронавируске қарсы вакцина қабылдады. Екпеден кейін жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болған шенділердің жағдайын арнайы барып біліп қайтқан едік.
– Бүгін ерікті түрде вакцина салдырдым. Ең бірінші өзімнің денсаулығымды ойлап, одан кейін көпшілікті вакцинацияға шақыру мақсатында осы қадамға барып отырмын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та алғашқылардың бірі болып екпе салдырғанын білесіздер. Өздеріңіз көріп отырғандай, ол кісінің жағдайы жақсы. Сондықтан тұрғындарды ешнәрседен қорықпай, вакцина салдыруға шақырамын,– дейді облыс әкімінің орынбасары Берік Болатұлы.
Ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Әскерұлы бүгінгі таңда облысқа «Спутник V» вакцинасының 1 000 данасы жеткізілгенін айтты.
– Қазіргі кезде коронавирус індетінің таралуына тосқауыл болатын бірден-бір жол – ол вакцинация. Сондықтан бүгін мен алғашқылардың бірі болып екпе қабылдадым. Белгіленген талап бойынша вакцинация 18-65 жас аралығындағы азаматтарға жүргізілетіндіктен, бұл санатта бүгінде аймақта 597 700 адам тіркеліп тұр. Алайда бұлардың бәрі міндетті түрде вакцина салдырады деген сөз емес. Себебі вакцинация ерікті түрде жүргізіледі.
Бүгіннен бастап облыс орталығында 20 екпе салу орны мен 10 ауданда арнайы орталықтар жұмыс істеп жатыр. Мамандарымыз да, қажетті сынама алу қондырғылары да жеткілікті. Егер 1000 вакцинаны өңір тұрғындары тұтынып қоятын болса, қосымша вакцина алдырамыз. Сондай-ақ шалғай ауылдарға арнайы мобильдік топтар шығып, екпе салу жұмыстарын жүргізеді, – дейді басқарма басшысы.

С.ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.