«Жарақатыма байланысты күміс алдым» деп ақталғым келмейді»

0 0

Иордания мемлекетінің астанасы Амман қаласында бокстан өткен Олимпиада ойындарының іріктеу жарысы Жамбылдық жампоз Әбілхан Аманқұл үшін жемісті болды. 75 келі салмақта жасындай жарқылдап, Токиоға жолдама жеңіп алған Әбілханды жамбылдықтар «Әулие -Ата» халықаралық әуежайында бар сән-салтанатымен күтіп алды. Осы сәтті пайдаланып, айтулы додадан күміс жүлдемен оралған жерлесімізбен шағын сұхбат ұйымдастырған едік.

– Әбілхан, әңгімені қай өңірдің тумасы екеніңізден бастасақ және көпшілік сізді көкпаршы ретінде де таниды. Осы екі спорт түрінің қайсысын бірінші таңдадыңыз?
– 1997 жылы Жуалы ауданының орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылында туып, сонда ер жеттім. Бала күнімде теледидардан еліміздің түрлі бәсекелерде топ жарған спортшыларын көрсетіп жататын. Соның ішінде оларға көрсетілген құрмет, жарыста мерейі үстем болғандардың ел алдындағы еңселі тұлғасы, жарқын жүзді келбеті, еліміздің туын әлемдік аренеда желбіреткен мерейлі сәттер маған қатты әсер етті. Сол кезде бойымды болашақта спортшы болсам деген арман кернейтін. Боксты таңдауыма әкем себепкер болды. Ол 2009 жылы ауылда тұратын бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрлыбек Көпжасаровтың қолына апарып тапсырды. Қазір ол кісі дүниеден озған. Десе де ол кісі менің болашағыма үлкен сеніммен қарап, қазіргі бапкерім Нұрлан Ақүрпековтің қол астына өткізді. Соның арқасында түрлі жарыстарға қатысып жүріп, таныла бастадым. 2015 жылы «Жамбыл» кәсіпқой бокс клубына қабылдандым.
Ал көкпаршылыққа келер болсам, бұл мен үшін ұлттық өнер есебінде. Көкпарға да жастайымнан қызықтым десем болады. Бірақ тақымымның мықтылығы мен білек күшімнің қарын сынаудың сәті тек ат жалын тартып мінер азамат боп қалған шағымда ғана туды. Ат тұяғы жететін жердегі түрлі додаларда көкпар тартып, топ арасында атой салған кезімде болды. Әлі де сәті түссе дүбірлі додаға қосылып кететін кездерім болып тұрады. Дегенмен, бокспен шұғылдануды ертерек бастағандықтан, бұл спорт түрі жаныма жақынырақ.
– Сіздің бір жарыста жарақат алып ұзақ емделгеніңізден хабардармыз. Сол жарақат іріктеу бәсекесінде кедергі келтірген жоқ па?
– Лицензиялық жарысқа бару үшін бірінші елімізде іріктеуден өту керек. Былтыр ұйымдастырылған чемпионатта иығымнан жарақат алғаным рас. Бірақ, осы жарақатыма байланысты Қазақстан Республикасы бокс федерациясының қолдауымен Германияға барып, ота жасаттым. Дәрігерлер маған 6 айға дейін жарысқа қатысуыма рұқсат бермеді. Алайда, иығыма көп салмақ салмай, аздап жаттығу жасап жүрдім. 6 айдан кейін бір жарысқа қатысу үшін дайындық кезінде бұрынғы жарақатым қайта сыр берді. Сөйтіп менің жарысқа қатысу мүмкіндігім тағы да екі айға шегерілді. Десе де, қазір бабымдамын. Жарақатыма қатысты шағымым жоқ. Осы жарыста күміс алып қалуымды бұрынғы жарақатыммен байланыстыра алмаймын.
– Сіз жарақаттың әлегімен жүргенде Азия және әлем чемпионаттары өткені есте. Сол жарыстарда қызылордалық былғары қолғап шебері Тұрсынбай Құлахмет жақсы нәтижелер көрсетті. Осы жағынан өкінішіңіз жоқ па?
– Сіз айтып отырған Азия чемпионатында 75 келі салмақта өнер көрсететін еліміздің екінші нөмірлі боксшысы Тұрсынбай Құлахмет алтын медаль, ал әлем біріншілігінде қола жүлде ұтып алды. Анығын айтқанда ол осы жетістіктерінің арқасында командамыздың үмітін ақтады. Бұл жерде еш өкініш жоқ, бәрі де Алланың қалауымен болған іс. Алайда, сол жарыстарға мен барғанда да барымды салар едім. Бір айта керерлігі әлгі жарыстардан табысты оралуының арқасында Тұрсынбай Құлахметтің осы жолғы іріктеу жарысына қатысу мүмкіндігі артқан болатын. Десе де маған өзімді дәлелдеуіме тура келді. Сөйтіп ел ішінде өткен додадаТұрсынбай Құлахметтен басым түсуге барымды салдым. Жарақатыма байланысты бокстан шеттеп қалғанымда мені Олимпиада ойындарына жолдама ала алмайды деген спортшылардың қатарына қосқан жанкүйерлерім де болғанын ішім сезеді. Дегенмен, бар мүмкіндігімді көрсете алдым деп ойлаймын. Ендігі мақсат – алдағы Олимпиада ойындарында да жақсы нәтижеге қол жеткізу.
– Сіздің өнеріңізді тамашалап отырып бір жайтқа қайран қаламыз. Ол – Азия, әлем чемпионаты секілді байрақты бәсекелерде үнемі алтын алуға бір қадам жетпей қалуыңыз. Осы жолы да солай болды. Ақтық айқастағы қарсыласыңыз өзіңізден соншалықты мықты да емес. Осының сыры неде, ақтық айқас әділ өтті деп есептейсіз бе?
– Жалпы қай жарысқа болмасын әр ел өздерінің ең мықты спортшыларын жібереді. Бұл жарыс жолдамалық турнир болғандықтан барлығы жоғары деңгейде өнер көрсетуге талпынды. Олардың барлығы да жақсы дайындықпен келген. Әрбір жекпе-жек оңай соқпады. Әр қарсыласқа әртүрлі әдіс қолдануыма тура келді. Өйткені жеңіс тек еңбекпен, айла-амалмен келеді. Осыны сезіне отырып, бар қабілетімді, күшімді жұмсағандығымнан шығар, менің филиппиндік боксшымен деңгейлес болғаным. Шындығында ол менен бір ұпай ғана басым түсті. Ол үшін қарсыласты осал деуге болмайды. Кез келген сайыста қарсыласыңа мықты деп баға бергенде ғана жеңіске жетесің. Дегенмен бір спортшының бабы келіскенімен, енді бірінің бағы жанбай жатады. Бұл сұраққа осы тұрғыдан қараған жөн деп ойлаймын. Жалпы жарыс әділ өтті деп есептеймін.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Токиоға дайындықты қай жақта жүргізесіздер?
– Аталған дүбірлі додаға дейін біршама уақыт бар. Біз осы аралықта күнімізді тек дайындықпен өткіземіз десек те болады. Бір анығы жарысқа Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасы сапында дайындаламын. Ол үшін арнайы әзірленген жоспар бар. Десе де нақты қай жерде жаттығатынымыз әзірге белгісіз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.