"Тарих. Таным. Тағылым."

Жарас бақсының нарқобызы

Written by Aray2005

Қобыз – ертеден келе жатқан ұлттық аспаптың бірі. Қобыз туралы айтқанда, алдымен
Х ғасырда өмір сүрген Қорқыт баба еске түседі. Содан кейін беріректе Ықылас Дүкенұлын айтамыз. Алайда бүгінгі күні есімі көп атала бермейтін беймәлім қобызшылар да бар. Олар өз заманының даралары болғанымен, уақыт өте есімдері ұмыт бола бастаған. Олар туралы архивтер мен музейлердегі құжаттар, тарихи жәдігерлер ғана бізге айғақ болып, тарихтан сыр шертеді.

Алматы қаласында Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық аспаптар музейі бар. 2016 жылы біліктілікті арттыру курсында болғанымда сол музейге жол түсіп, бір экспонатқа ерекше ықыласым түсті. Ол – Жарас бақсының нарқобызы. Зейінімнің ауған себебі-маңдайшасында Жамбыл облысы, Талас ауданынан екені жазылыпты. Жарас бақсы мен оның қасиетті қобызы өз заманында Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өңіріне танымал болған деседі. Музейде сақталған жазба деректері бойынша XVΙ ғасырда жасалған Жарас бақсының қобызын – Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Қаратау» кеңшарына қарасты «Қарой» бөлімшесінің тұрғыны Бижан Құлтасов 1983 жылы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне тапсырыпты. Жарас бақсының нарқобызы музей жәдігерлерінің арасындағы ең көне және тарихи маңызы бар аспаптың бірегейі.
Қобыз 1942 жылға дейін атадан балаға мұра ретінде Жарас бақсының алты ұрпағына дейін сақталып, бірінің қолынан екіншісіне өтіп отырған. Жарас бақсы өз заманында нарқобызын жанында ұстап, бақсылық құрған. Одан кейін мұраны Бейсенбет, Құлтас, Бұралқы есімді ұрпақтары аталарының көзіндей сақтап қолдан-қолға қалдырыпты. Бұралқы 1942 жылы соғысқа кетіп, майданнан қайтып оралмайды. Атадан қалған қасиетті жәдігер келесі ұрпақтары Бердібекке, одан Бижан қолына өткен. Қобыздың өн бойы әбден ысталып қарайған. Жамауы көп қобыздың көнекөз дүние екендігі тайға таңба басқандай анық. Музей дерегі бойынша қобыз тұтасымен өрік ағашынан ойып жасалған. Шанағы нар түйенің терісінен тартылып, ішегі аттың қылынан дайындалыпты. Нарқобыздың ұзындығы-1 метр, шанағы-29 сантиметр, шанақ ені-37 сантиметр, шанақ аумағы-1 метр, сылдырмағы үшеу.
2002 жылы музей қызметкерлері 91 жастағы соғыс ардагері Затыбек Абдырайов айтуы бойынша бұл қобыз туралы аңызды қағаз бетіне түсіріпті. Аңызға сүйенсек, бірде Жарас бақсы кездейсоқ бәйге болып жатқан ұлан-асыр тойға тап болады. Бақсы сол бәйгеге қатысқысы келіп рұқсат сұрайды. Алайда сол жерде тұрған бір бай оған мысқылдап «бәйгеге неңді қосасың, қай түріңмен қатыспақшысың» деген сөздермен кедейлігін бетіне басып, келемеж етеді. Содан соң жиналғандар Жарасты таранғы тал түбіне 12 құлаш арқанмен байлап, қолын бос қояды. Қанекей қолыңдағы қобызыңмен бүгінгі бәйгеде кім жеңіске жететінін болжап көрші деп күлкіге етеді. Жарас бақсы ұзақ уақыт қобызын ойнап отырады да, болғаннан кейін жеңімпаздың есімін атайды. Егер болжамың дұрыс болып шықса, сені босатамыз, қателесетін болсаң,аттың құйрығына арқанмен байлап, қамшының астына алып сыбағаңды береміз дейді. Бәйге басталып, қалың көпшілік толғаныспен бақылап отырғанда, Жарас ештеңеге алаңдамай өзінің сабырлығын танытады. Ақыры көп қатысушының арасынан, бақсының көрсеткен шабандозы бәрінен оза шауып, жеңіске жеткен екен. Мұнысын сәуегейлікке балап, жанұшыра алаңдаған байлар Жарасты босатыңдар деп бұйрық береді. Ал жиналған қарапайым халық оған өздерінің ризашылығы мен жақсы тілектерін білдіріпті.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім меңгерушісі

ПІКІР