Sport

Жарайсың, Әлішер!

Written by Aray2005

Құланның құлжасы Токиоға барады 

Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен жалауы желбіреген әлем чемпионаты аяқталды. Ұлттық құрама еркін күрестен тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте ІІ орынға табан тіреді. Сондай-ақ жерлесіміз Әлішер Ерғали Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Әлем біріншілігінде 190 ұпаймен ресейлік балуандарды ғана алға шығардық. Ал Қазақстан еншісінде 103 ұпай.
Бұл әлем чемпионатында Маирбек Юсупов пен Әсет Серікбаевтың шәкірттері үш медальға қол жеткізді. 65 келіде қызылордалық Дәулет Ниязбеков пен 70 келіде петропавлдық Нұрқожа Қайпанов күміс медальмен күптелсе, 57 келіде Нұрислам Санаев қоланы қанағат тұтты.
Бұл тізімге Әлішер Ерғали (97 келі), Ғалымжан Өсербаев (79 келі), Әділет Даулымбаев (86 келі) қосылар еді. Бірақ үшеуі де қола жүлде үшін тартыста ұтылды.
Дегенмен жігіттерге артар өкпе жоқ. Себебі жартылай финалдық белдесуде кіл Олимпиада чемпиондары бозкілемге көтерілді. Ал құланның құлжасы, жерлесіміз Әлішер Ерғали даңқты Снайдермен күш сынасып, сәл сәттілік жолдас болмады. Десе де 97 келі салмақта күрескен балуанымыз ширек финалда моңғолиялық қарсы­ласын 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіп, жартылай финалға шыққаны үшін Токио Олимпиадасының жолдамасына иелік етті. Сондай-ақ, Данияр Қайсанов, Нұрислам Санаев пен Дәулет Ниязбеков те Олимпиада лицензиясына иелік етіп отыр.
Айта кетейік, небәрі 20 жастағы Әлішер Ерғали Алматы облысының атынан өнер көрсетіп жүргенімен, ол Т.Рысқұлов ауданының тумасы. Бала кезінен Алматы қаласындағы Олимпиа­да жеткіншектерін дайын­дай­тын мектепте тәрбиеленуде. Және ұлттық құрама сапындағы ең жас балуан саналады.
Біз жерлесімізді осынау биігімен шын жүректен құттықтаймыз! Әлішердің алар асуы алда! Ол асу Токио Олимпиадасы деп сенеміз!
Жарайсың, Әлішер!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР