Sport

Жарайсың, Жапаров!

Жерлесіміз Азия ойындарында Жанкүйерлерін қола жүлдемен қуантты

Сары құрлықтың ең айтулы аламаны Азия ойындары қыза түсті. Индонезия мемлекетінің астанасы Джакарта мен Суматра аралының ең ірі қаласы Палембангта өтіп жатқан бәсі биік бәсекеде спортшыларымыз 12 медаль олжалап үлгерді. Олардың қатарында жерлесіміз Руслан Жапаров та бар.

Жалпы, бұл құрлықтық додаға 45 мемлекет өздерінің кіл мықты спортшыларын әкелген болатын. Ал ұлттық құрамамыз 440 саңлағын үкілеп қосқан-ды. Оның ішінде 25-і жамбылдық спортшылар. Және Азия ойындарының ашылу салтанатында мемлекеттік Туымызды ұстап шығу бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жерлесіміз Аманқұл Әбілханға сеніп тапсырылған. Міне, осы сенім жүгін түйсінген жерлестеріміз жерге қаратпауда.
Аламанның алғашқы күні-ақ қоржынымызға төрт медаль түсті. Оның алғашқысын семсерлесуден Дмитрий Алексанин әкелді. Жас спортшымыз топтық кезеңде қарсыластарын қоғаша жапырса, жартылай финалда Азия чемпионы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері оңтүстіккореялық Чон Джин Сонды тізе бүктірді. Ал, финалда Рио Олимпиадасының чемпионы оңтүстіккореялық Сан Ен Пактан айласын асырып, сенсация жасады. Осылайша айды аспаннан шығарған Дмитрий Азия ойындарының тарихына өз есімін алтын әріптермен жазды.
Ұлттық құрама ойыншыларына жеңіске деген жігер берген спортшымыздың артынан еркін күрестен балуандарымыз ерледі. Атап айтсақ, Данияр Қайсанов күміспен күптелсе, Саятбек Оқасов пен Әділет Дәулімбаев қоламен қуантты. Нәтижесінде, жарыстың бірінші күні-ақ Қазақстан жалпы жүлде жиынтығы бойынша үздік бестіктен ойып тұрып орын алды.
Ал, осы аптада қоржынымыз тағы алты медальмен толықты. Оның екеуі күміс болса, төртеуі қола. Күміс жүлдені су полосының әйелдер құрамасы мен таэквондошы қызымыз Кансель Дениз қанжығасына байласа, қолаға балуандарымыз Мейрамбек Айнағұлов, Эльмира Сыздықова, маутинбайкер Кирилл Казанцев және таэквондошымыз, жамбылдық Руслан Жапаров қол жеткізді.
Жалпы, Русланның олжасы біз үшін алтынға бергісіз. Себебі, Джакартада бақ сынап жатқан 25 жамбылдық спортшының ішінен Жапаров бірінші болып жүлдегер атанып отыр. Оған қоса, ақтық сынға дейін қарсылас шақ келтірмеген саңлағымыз жартылай финалда тек ирандық Раджаби Сайедомға ғана ұпай санымен жол беріп қойды. Десе де, Руслан қола медальмен мерейімізді үстем етті. Естеріңізге сала кетсек, Рио Олимпиадасында осы жерлесіміз Жапаровқа көк байрағымызды алып шығу сеніп тапсырылған еді. Олимпиадада Руслан жаман өнер көрсеткен жоқ. Сондықтан, біз жампозымыздың келешегі әлі алда деп сенеміз.
Сонымен Сары құрлық бәсеке­сінің төрт күндігі бойынша Қазақстан әзірге оныншы орында тұр. Спортшы­ларымыз медальдің басым бөлігін жеңіл атлетика, байдарка, каноэ, велоспорт, оқ ату, су спорты, көркем гимнастика, дзюдо, бокс және ауыр атлетика сынды спорт түрлерінен алатынын ескерсек, әлі біздің бұл Азия чемпионатында айтарымыз бар. Оған қоса, жүзу спортынан Рио Олимпиадасының чемпионы, ел мақтанышы Дмитрий Баландин ақтық айналымға шығып отыр. Ол брасс әдісімен 100 метрге жүзуден жоғары көрсеткіш көрсетіп, жолдамаға иелік етуде. Сондықтан да қоржынымызда кем дегенде тағы бір күміс бар дей берсек болатындай.
Бұдан бөлек, жамбылдық спорт­­шы­ларымыз да жүлде санын еселейді деп сенеміз. Әсіресе, бокстан Аманқұл Әбілхан, Асланбек Шымбергенов және дзюдодан Елдос Сметовке артылар үміт зор. Осы саңлақтарымыздан сөзсіз медаль күтеміз. Жерлестерімізге тек сәттілік жолдас болсын.
Алға, Қазақстан! Алға, жамбылдық жампоздар!

Бет қатталып жатқанда
Кеше кешкілік Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Азия ойындарының қола медалін жеңіп алды. Жалпы, сарапшылар отандасымызды кемі күміс жүлде алады деп болжаған болатын. Алайда, Дмитрий алға Жапония мен Қытай спортшыларын жіберіп, қоланы қанағат тұтты.
Сондай-ақ, осы күні семсерлесуден Қазақстанның қыздар құрамасы қола жүлдеге қол жеткізсе, таэквондошы Нұрлан Мырзабаев та қола жүлдемен қуантты.
Осылайша, Азия ойындарының бесінші күнінің қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары 1 алтын, 5 күміс, 9 қола жүлдемен үздік ондықты түйіндеп тұр.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР