Жарқын бейнесі жадымызда

0 9

2009 жыл. Қазан айы. Біздің, алпысқа жуық азаматтың Алтайдың арғы бетінен киелі Әулиеата топырағына, ғасырлардың құт ұясы, тотыдайын таранған Таразға енді табан тіреген сәтіміз еді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің шетелден келген қандастарды жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын дайындық курсында оқып жүрген кезім. Аздап өлең жазуға ебіміз бар еді. Бір күні аға тәрбиеші Аман ағай облыстық «АRAI» жастар газетінің редакторы Болат Бекжановқа қоңырау шалып: «Алдыңызға бір баланы ертіп барсам, жазғандарын оқып, бағыт-бағдар берсеңіз», деген өтініш жасаған көрінеді. Болат ағамыз бірден келісімін беріпті. Сонымен не керек, редакцияға шалқи басып жеткенім сол еді, үмітім су сепкендей басылды. Именіп ішке кірсек, есіктің тура өкпе тұсында отырған қыз: (ол қыздың Қамар Қарасаева екенін кейін білдім) «Болат Үмбетәліұлы жиналысқа кетті, күте тұрыңыздар, келіп қалуы мүмкін», деп байыппен ескертті. Арада бие сауым уақыт өткенде қолында қоңыр папкасы бар, көзілдірік таққан жұқалтаң жігіт ағасы ширақ қимылдап ішке кіріп келді. Біз соңынан ілесіп, редактордың бөлмесіне кірдік. Жүзі жылы, жаны жайлау екенін бірден аңғардым. Аман-сәлемнен кейін топтама өлеңімді қолына бердім. Үнсіз отырып шолып шықты да: «Аяқ алысың жаман емес, жаза түс. Суретің бар ма?», деді. Қызық енді басталды. Жөні түзу қайбір сурет болсын. Шекарадан өтерде құжатқа түскен 3х4 суретімді бердім. Болат ағамыз өртеніп кетті. «Не мынау, мынаны микроскоппен көрем бе?», деп жеки жөнелді де, кілт тоқтап: «Жақсы, сені де түсінуге болады», деп фотографты шақырды. «Мына жігітті оң-солынан жақсылап түсіріп, оншақты фотосын қолына ұстатшы», деп тапсырды. Сол таныстықтан кейін қолым қалт етсе Болат ағамыздың жұмыс орнына барып, ақыл-кеңес алып тұратын болдым. Маған журналистика мамандығын таңдауды да ескерткен Болат Үмбетәліұлы еді. Негізі тарихшы болуды армандайтын едім. Болат ағамызға қарап бой түзедік. Бірақ ой түзей алмай келеміз.
Б.Бекжанов «АRAI»-дан ауысып, біз тұратын жатақхананың артындағы тоғыз қабаттан орын тепкен қалалық «Jambуl-Тaraz» газетіне ауысып келді. Қалалық газеттің редакциясына барып жүріп Ерман Әбдиев, Талғат Талапұлы, Досымжан Төлеуіш, бас редактор Эльмира Мырза-Ғали, басқа да қызметкерлермен таныстым. Ағаларға іні, апайларға бауыр болып кеттім. Болат аға, Ерман аға, тағы бір тілші үшеуі бір бөлмеде отыратын. Бірде Болат ағаның жұмыс телефоны шыр ете қалды. Тұтқаны самарқау көтерді. Тұтқаның ар жағынан бір қыз: «Әдемілер бар ма?», деп сұрамасы бар ма, сонда: «Мұнда өңшең жамандар отырмыз, әдемілер жоқ», деп әзілмен жауап қайтарды. Біз қыран-топан боп, ду күлдік. Сондай қызықтар көп еді.
Сол кабинет біздің жайлау секілді еді ғой, шіркін! Ерман ағаға еркелеп, газеттің беті қатталып жатқанда бір қайнауы ішіндегі шикі дүниемізді апарып, осы номерге салыңызшы деп жалынып-жалпайып, әйтеуір, бастыратын едік. Онымыз жылт етіп шыға қалса, «Өздері аттай қалап басты емес пе?», деп талтайып қалатынбыз. «Әй, иттер-ай!», дейтін көкелеріміз. Газетке шыққан сол дүниемізді сағатына он шолып, төбеміз көкке жеткендей қуанушы едік. Шайханаға барып жуатын едік. Қандай ыстық сезім, лапылдаған жастық жалын десеңізші?! Біз өмірдің өтпелі, жалған екенін өнегелі адамдар өмірден өткенде ғана сезеді екенбіз. Жанында жүргенде бағалай алмайтынымыз өкінішті.
Белгілі абайтанушы, әкемнен кейінгі ақылшым Әлімбай ағамның үйіндегі сұлу жеңгем Құралай Райымбекова Айша бибі ауылдық орта мектебінде оқушылармен кездесу ұйымдастырды. Кештің құрметті қонағы – Болат Бекжанов. Сол кеште мектеп оқушысы (аты есімде жоқ) менің Бөкеңе арнаған «Бөкең тартқан адырна» атты өлеңімді оқыпты. Негізі өлең ешқайда жарық көрмеген болатын. Кеште алғаш оқылған арнау өлеңім Бөкең үшін тосынсый болыпты. Осы өлеңді әлгі оқушыдан Бөкең сұрап алыпты. Кейін тартпасына сақтап қойғанын көрген едім.
Әрқашан ұлттық мүдде мен руханияттың жанашыр жоқшысы, студенттердің құрдасындай құрақ ұшып жүретін ТарМУ-дың «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультетінің деканы Әзімхан Ыбырайымовтың шақыруымен Болат Үмбетәліұлы бізге журналистикадан жылға жуық дәріс оқығаны бар. Біз сол дәрістен көп нәрсе үйрендік. Әлі күнге соны жанымызға азық қылып келеміз.
Төрт жылдық университетті тәмамдап, Тараздан ат басын Алматыға бұрғанда ақ батасын беріп, шығарып салған да Болат ағамыз болатын. Араға жылдар салып Таразға барғанымда Болат Бекжанов театрдың директоры екен. Екеуміз сыртқа шығып ұзақ әңгіме-дүкен құрдық (суретте). Ол кезде менің басымнан бұлт ауып, бауырымдағы қазан шағылып, тіккен туым жығылып, жайсыз жүрген сәтім болатын. Маған ақылын айтып, қолтығымнан демеді. Ит тірлігі мен қым-қуыт сұрауы бітпейтін қазақ елінің азаматтық куәлігін алудың сарсаңында жүрген шағым да осы кез-тұғын. Ақыры сәтін салып, барлық түйін шешілді ғой. Маған Құдай бас редакторлардың қамқорлығына бөленуді жазыпты. Несіпбек Дәутай, Ұлықбек Есдәулет, Оралхан Дәуіт, Рәтбек Терлікбай ағаларға жақын жүріп, тәлімін алуды Бөкең үйреткен болатын.
Алматы облысы, Жамбыл аудандық «Атамекен» газеті редакторының орынбасары қызметіне тұруыма Несіпбек Дәутай көкем мен Бөкеңнің тікелей ықпалы болғанын несін жасырайын. «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев Бөкеңнің студент шақтан бергі досы екен. Мен Бөкеңнің өмірден өткенін естірткенімде дауысы дірілдеп қоя берді. Жүректі қалтыратқан қаралы суық хабарды Дәулет Төлендінің әлеуметтік желідегі парақшасынан оқып, салмағын көтере алмай, қолқама өксік тығылып, жанарым жасқа шыланып тұрған сәтімде Рәтбек ағаға тіке айта салғанымды кейін білдім.
Адам баласын бөліп-жаруды білмейтін, тәкаппарларды көзіне ілмейтін, кердеңбайларды мысқылмен жүндейтін, ешқашан күрсінбеуді үйретіп, өзі күрсіндіріп кеткен Бөкеңнің бөрісоқпағы ғана қалды. Келместің кемесіне мінген Болат ағаның күлкісі мен мысқылынан қасат қар қопсып, көкше мұз еритін еді ғой. Бөкең тартқан адырна қара қылды қақ жарған сәт аз емес. Бізге дәріс оқыған сәттері жадымызда жаңғырып тұрады. Мәдениет пен өнердің адал күзетшісі қалғып кетті дегенге әлі күнге сенбеймін!

Көгедай ШӘМЕРХАН, ақын,
Күршім аудандық «Рауан» газетінің тілшісі

Шығыс Қазақстан облысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.