Қоғам Рухани жаңғыру

Жарқын жобалардың жемісі мол

Written by Aray2005

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жандандыру бағытында бүгінде облыста аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Әсіресе, аудандарда маңызды мақаладан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл орайда, Шу ауданында да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды тірліктер бар.

Аудан әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, соңғы алты айда шулықтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау бағытында жалпы саны 325 іс-шара өткізген екен. Оған 16 623 адам тартылған. Енді екінші жартыжылдықтың жоспарына 264 шара ұйымдастыру енгізіліп, оған 12 750 адам жұмылдырылады деп күтілуде.
Шаралардың мазмұнына келсек, жиындардың дені форум, конференция, семинар, көрмелер, акциялар, флешмоб және дөңгелек үстел отырысы форматында өткен.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсында «Рухани жаңғыру» логотипімен арнайы парақша ашылған. Онда 291 материал жарияланса, көшелерге 206 көрнекі ақпарат құралдары орналастырылған. Сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының саны 137-ні құраса, билбордтар мен брандмауэрлер 12 көшеге, 8 қоғамдық орынға, 8 мемлекеттік мекемеге, 59 білім беру нысанына, 19 денсаулық сақтау ұйымының ғимаратына және 31 мәдени ошаққа ілінген. Ішкі көрнекі ақпарат құралдарына келер болсақ, 61 стенд пен 9 буклет білім, денсаулық және мәдениет мекемелеріне таратылған. Сондай-ақ, «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы аясында аудан әкімдігіне қарасты мекеме-кәсіпорындар мен ұйым қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Тағы бір айта кетерлігі, ауданда жобалық офис жұмысы да жолға қойылған. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін жобалық офис аудан әкімі аппаратында орналастырылып, қажетті құралдармен толықтай жабдықталыпты.
– Жобалық офис жұмысын жүйелеу үшін орталыққа интернет желісіне қосылған 4 компьютер мен байланыс телефонын қойып, кеңсені толықтай көрнекі ақпаратпен жабдықтадық. Нәтижесінде, аудандық жобалық офис тарапынан 10 жоба әзірленіп, облыстық сараптама комиссиясының қарауына жолданды. Оның ішінде «Тәрбие және білім беру» кіші бағдарламасы аясында 5, «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 3 және «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша 2 жоба әзірленді. Аталған жобалардың жалпы құны – 49,0 миллион теңгені құрады. Оның 37,615 миллион теңгесі биыл игерілмек.
Жобаларға тоқталсақ, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында әзірленген 4 жобаның бірі – «Жас дарын». Оны іске асыру мерзімі 5 жыл. Бұл мақсатқа 10 миллион теңге қаралып отыр. Алғашқы 5 миллион теңге биыл тетігін табуда.
Ал «Сыршыл өлке соқпақтары» жобасы туристік бағытты дамытуды көздесе, «Ұлы елдің дарынды ұрпағы» жобасы математика, физика, информатика саласына бейім балаларды тәрбиелеуге бағытталмақ. «Табиғаты тамаша туған өлкем» жобасы қоршаған ортаны аялап ұстауға үндеп, жастардың бойында туған өлкеге деген патриоттық рухты оятады. Осы сынды «Киелі Шу өлкесі», «Әлеуметтік дүкен» сынды жобалар да ел игілігі үшін қызмет етеді деп күтілуде, – дейді аудан әкімі Қ.Досаев.
Бұл жобалардың биыл нақты қолға алынғаны үшеу. «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша жанданған «Жан жылуы» жобасы шеңберінде бүгінде көмекке мұқтаж, аз қамтылған, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға демеушілер есебінен әр ай сайын азық-түлік себеті үлестіріліп, қаржылай көмектер көрсетілуде. Жоба аясында дәл қазір 683 адамға 3 миллион 415 мың теңге көлемінде қайырымдылық көрсетілген.
Ал, «Ұлы елдің дарынды ұрпағы» жобасы өткен жылдың қазан айынан бастап іске асырылуда. Жастардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған бастама аясында байқау ұйымдастырылып, бірінші кезең жеңімпаздарының 50 жұмысы іріктелініп алынған. Енді осы жеңімпаздардың жобалары жанданып, балаларға физика, математика және информатика бағытында тәлім берілуде.
«Сыршыл өлке соқпақтары» жобасы да көпшілік тарапынан қолдау табуда. Былтыр басталған бұл жоба спорттық-туристік жорық ұйымдастыру мақсатында құрылған. Жоба бойынша қазан айынан бастап 4 бағытта, атап айтқанда Жайсан өңіріне, Төле би Әлібекұлының туған жеріне, «Үңгірлі шатқалы» петроглифтеріне, Ақтөбе (Баласағұн) қалашығына ауданның 500-ден астам оқушысы қамтылған саяхат жасалған. Оқушыларды тарихи орындармен таныстыру, алғашқы туристік соқпақтардың бағытын анықтау мақсатында ұйымдастырылып жатқан шараның барлық шығындарын демеушілер көтеруде.
Иә, осылайша шулықтар рухани жаңғыруға үлкен қадамдар жасауда. Одан бөлек, Шу қаласындағы №40 орта мектептен алғашқылардың бірі болып «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылған. Онда оқушыларға түрлі көрнекі ақпарат құралдарымен дәріс беріліп, заманауи құрылғылармен сабақтар оқытылуда. Ал, қазіргі таңда мұндай рухани сыныптар аудандағы 14 мектепте өз жұмысын бастап отыр. Бұл да болса көпке үлгі шаруа екені сөзсіз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР