Жарымжан жарнама, мәнсіз мәтіндер

Кінә кімнен?

0 15

Кез келген елдің жарнамасынан ол елдің ұлттық ерекшелігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, мәдениеті көрініп тұрады. Қазіргі таңдағы жарнамалардың қателіктерін санауға шашымыз да жетпейді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» демекші, пенде болған соң қателесуге құқы бар. Бірақ тәуелсіздік алып, еңсемізді тіктеп, өз ана тілімізбен еркін қауышқалы бері қаншама жыл өтсе де қоғамдық орындар мен билік басындағылар, білім беру жүйесінде де грамматикалық, орфоэпиялық, орфографиялық қателерден көз ашпай келеміз.

Мысалы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы заңдары талаптарына сай рәсімделуі бойынша үгіт-насихат, тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өңірлердегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың жай-күйін бақылау мақсатында рейдтер өткізіліп тұрады. Нәтижесінде соңғы 3 жылда 16 975 нысаннан 3 277 кемшілік анықталып, оның 2 826-сы түзетілген (86,2 пайызы). Десек те ел аумағында әлі де мыңдаған қателіктер мен құқықбұзушылықтар тіркелуде. Негізгі себеп жауапкершіліктің жоқтығын, ұлттық патриоттық сезімнің төмендігін көрсетеді. «Техникалық» жағынан оны түсіндіру өте оңай. Алдымен мәтін орыс тілінде жазылып, содан кейін қазақ тіліне «сөзбе-сөз» аударылады, нәтижесінде қателіктерімен жасалған калька пайда болады. Сонымен қатар әртүрлі тілдердің грамматикалық құрылымы және тек өздеріне тән әлемді сипаттау жүйесі бар, алайда оған назар аударылмайды. Сондай-ақ аударумен айналысатын адамдар электрондық аудармашыны пайдаланады.
Бірақ мәселе тек жарнамалық мәтіндердің сауатсыз жазылғандығында ғана емес. Бұл жағдайда біз заманауи қазақ тілінің көпшілік алаңында құлдырауының жарқын индикаторын көріп отырмыз. Бұл тұжырымдамаға ашуланатын адамдар бір сәтке ғана әңгімені қазақ тілі жөнінде емес, басқа бір бөтен тіл жөнінде болып отырғанын елестетіп көрсін. Айталық, сіз мысалы шетелдік қаланың көшелерінде жүріп, онда қате жазылған бірде-бір жазба жоқ екенін көрсеңіз, осы елдің тұрғындары туралы не ойлайсыз? Егер көзге түсер сауатсыздықтың объективті фактісіне негізделетін болсақ, осы ел тұрғындарының өз мемлекеттік тіліне қатысты нақты көзқарасы жөнінде сіздің пікіріңіз қандай болады?
Сондықтан сауатсыз жазылған жарнама біздің шешілмей жатқан тілдік және әлеуметтік мәселелеріміздің тек кішкентай ғана бөлігі. Сауатсыз жазылған қазақ тіліндегі жарнама қазақстандықтардың ары мен намысын оятуға тырысып жатыр деп айтуға болады. Бірақ өкінішке қарай, әзірге ешқандай нәтиже жоқ.
Сонымен нәтижені қайдан күтуге болады? «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов бекер айтпаса керек. Ана тіліміздің көркемдік ерекшелігін сақтап, ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу үшін сәби құрсақта пайда болғаннан бастап бойына дарытуымыз керек. Ана деген сөздің бағалы екендігі сондай, ұлтымыздың ұлттық құндылықтарының бірін «Ана тілі» деп атаған. Қазақ тілінің сақталу заңдылықтары мен сәби жүрегіне дарыта білу аналарға міндеттелетінін атауынан анық байқауға болады.
Бала дүниеге келмей тұрып-ақ ана құрсағында тәрбиеленсе, сәбиді ары қарай дамыту ата мен әженің қолында болған. Бесікке бөлеп, бесік жырын айтып, түрлі құнары бар ұлттық тамақтарымызды бойына сіңіре беруші еді. Бесік жырының өзі қандай құнды дүние. «Тектілік үлгісінде Зере әжеміз Құнанбайды дәретсіз емізбеген, атаның бойындағы тазалықтан Абай туды тектілік негізбенен…» дегендей, Абай бірден Абай болып туған жоқ. Оны тұлға етіп қалыптастырған өз ортасы, қоғамы, отбасыдағы тәрбиесі еді.
Ал қазіргі біздің қоғам ше? Бала дүниеге келіп, 1 жасқа толар-толмас балабақшаға береді. Ол ортада ешкім бесікке бөлеп, бесік жырын айтып, ертегі оқып бермейді. Біздің балабақшалардағы қазақ тілін оқыту қаншалықты деңгейде? Ол ортада баламен күнделікті қазақша сөйлескенімен, бүлдіршіндер үшін батырлар жыры мен ертегілер оқылмайтындығы тағы бар. Ауызекі тілде дұрыс сөйлей білу мәдениетін қалыптастыруда тәрбие берушілер екі немесе үш баланың арасында сұхбаттар жүргізіп, бір-бірімен қалай дұрыс сөйлесу керек екендігін үйретсе және қалыптасып келе жатқан жас буын үшін ең маңызды дүние – ойын ашық айтуды меңгертетін болса, қуатты тілдік жүйе қалыптасар еді. Ойын баласын ойлы етіп қалыптастыру бүгінгі таңда тәрбиешілерге жүктеледі. Мәдениетті сөйлей білу мен дұрыс тамақ ішуді үйреніп, тарихымызда болған батырлар мен шешендердің өнегелі өсиеттерін есте сақтайтын болса, мектеп қабырғасын аттаған бала үшін білім беру жүйесі қиындық тудырмас еді.
Мектептерде өтілетін сабақтардың қиындығы сондай, мұғалімдердің өзі түсінбей отырады. Нәтижесінде оқушы өз деңгейіне сай білім алып шықпайды. Университетке келген білім алушы үшін де жасалып жатқан дүниелер аздық етеді. Мәселен, гуманитарлық бағытта оқитын студенттердің ізденістері болса, оларға жағдай жасалған. Қазақ тілінде дұрыс жазу мен мәтін құрай білу техникасын жетілдіре алады. Басқа салада білім алатындар үшін ешкім уақыт бөліп, морфология мен синтаксистік жүйелерді тереңдетіп үйретпейді. Қазақ тілінің құрылымын білмеген жас буын қай салада болмасын сауатсыз маман болып шығады.
Қазіргі кездегі болып жатқан ең өзекті проблемалардың бірі сауатсыз қоғамның қалыптасып келе жатқандығы емес пе? Сол себепті де барлық нәрсенің түйіні мен шешімін тапқымыз келсе, бастауына назар аударымыз керек.

Аружан ТЫНЫШБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.