Sport

Жарыс алаңында – журналистер

Written by Aray2005

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Тараз-Арена» спорт кешенінде аймақтағы журналистер арасында спартакиада өтті. Биылғы доданың басты ерекшелігі – турнир Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы аламан ретінде бастау алды. Жарысқа барлығы алты команда қатысып, тартысқа толы бәсеке көрсетті.

Спартакиаданың ашылуында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қоғам өмірінде алатын орны ерек. Билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып жүрген журналистердің «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» екені даусыз.
Бүгін сіздердің кәсіби мерекелеріңізде достық пен бірліктің үлгісі ретінде жарыс ұйымдастырылуда. Бұл аламанның негізгі мақсаты – сіздерге мерекелік көңіл сыйлау.
Сондықтан барлықтарыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сәттілік серік болсын деп тілеймін! – деді Б.Бегалиев.
Бұдан кейін сөз тізгіндеген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бұқаралық спортты насихаттау мен өңір спортшыларының жетістіктерін жанкүйерлерге жеткізудегі БАҚ өкілдерінің айрықша орнын айта келе, журналистер мерекесіне деген жылы лебізін жеткізді.
Тілектер тізбегінен соң жарыс көркі бес спорт түрінен қыза түсті. Ең алдымен, журналистер эстафеталық жүгіруден сынға түсіп, жүзден жүйріктерді анықтады. Бұл айналымда «77 тв» телеарнасының желаяқтары қарсыластарын шаң қаптырып, оқ бойы оза шапты. Ал қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы жүлделі ІІ орынға табан тіресе, «Jambyl» телеарнасы үздік үштікті түйіндеді.
Арқан тартуда «Jambyl» арнасының жұлдызы жанды. Бұл сында ақтық айналымға дейін күш атасын танымайтынын көрсетіп келген «ARAI» газеті күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал «Aq jol» газеті ІІІ орынға жайғасты.
Үстел теннисінде ерлер мен әйелдер екі бөлек бақ сынады. Ұлдар арасында «Jambyl» арнасының бас редакторы Нұржан Мергенбай теңдессіз атанса, қыздар арасында «Jambyl-Taraz» газетінің журналисі Анель Әбдімомынова қарсылас шақ келтірмеді. Ал ІІ және ІІІ орындарды ерлерде «Aq jol» газетінің Шу мен Мойынқұм ауданындағы меншікті тілшісі Ерғали Қартайған мен «Знамя труда» газетінің қызметкері Мұрат Таубаев өзара бөліссе, әйелдерде «Jambyl» арнасының тілшісі Гүлнұр Құланбаева мен «Знамя труда» газетінің тілшісі Елена Лялина жүлдегер атанды.
Дойбыда да қатысушылар ерлер және әйелдер арасында жүлдеге таласты. Ұлдардан «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторының орынбасары Асхат Райқұл алдына қара салмаса, әріптесіміз, «Саясат» бөлімінің редакторы Саятхан Сатылғанов ІІ орынды еншіледі. Үздік үштіктен «77 тв» телеарнасының бейнеқұрастырушысы Нұрбол Қыстаубеков көрінді.
Қыздар арасында «Jambyl-Taraz» газетінің дизайнері Жарқын Балқыбекова бас жүлдені иеленсе, ІІ орын «Jambyl» арнасының бас режиссері Дана Смайловаға, ІІІ орын «Aq jol» газетінің қызметкері Альмира Омароваға бұйырды.
Волейболға кезек келгенде журналистер «жан алысып, жан беріскен» ойын көрсетті. Әсіресе финалдық кездесулерде жанкүйерлердің қиқуынан құлақ тұнды. Ақтық айналымға алқынбай жеткен «ARAI» газетінің ұжымы ІІІ орынға таласта «Aq jol» газетінің командасын тізерлетсе, финалда «Jambyl» арнасының жігіттері «77 тв» телеарнасына есе жіберді.
Осылайша журналистер бәсекесінде жалпыкомандалық есепте «Jambyl» телеарнасы жеңіс тұғырынан көрініп, 120 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы жүлделі ІІ орынға қол жеткізіп, 100 000 теңге сыйақы алды. «77 тв» телеарнасының командасы кубок пен 80 мың теңгеге ие болды.
Сондай-ақ өзге де командалар диплом мен ақшалай сыйақылармен марапатталды. Ал басылымымыздың директор-Бас редакторы Дәулет Төлендіұлы волейболдан «Ең үздік ойыншы» атанып, құрметтелді.
Әрине, спорт салауатты өмір салтымен қатар, достықтың да дәнекері. Бұл күні жамбылдық журналистер нағыз бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті.
Мереке құтты болсын, құрметті әріптестер!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР