Жас ғалымның жасампаз жобасы

0 26

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына өтінімдер қабылдаған болатын. Нәтижесінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Арман Қабдушевтің «Дифференциалды қасиеттері бар тампонажды ерітінділер әзірлеу» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылып, жобаны жүзеге асыру үшін 48,6 миллион теңге арнайы грант берілді.

Арман Арыстанғалиұлы «Дулати» университетінің түлегі. Жалындап тұрған жастың таудай талабын көрген факультет деканы, профессор Сағат Мырзашев қабілетін танып, ғылым жолына түсуіне ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар көрсетті.
Білім мен ғылымның кәусарына бас қойған Арман Арыстанғалиұлы магистратураны, сонан соң докторантураны тәмамдап, ысылды, тәжірибе жинақтады, үлкен ғалымдармен танысты, ұстаз тапты.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде докторантурада жүріп Фарит Агзамов, Мұрат Сыздықов, Борис Федоров, Абдулахат Исмаилов сынды үлкен ғалымдардың озық шәкірті болды.
Ғалымның жобасы мұнай-газ ұңғымаларының (скважина) сапасын арттыруға бағытталған. Яғни ұңғыманың аяқталу кезіндегі түпмаңы аймағының ластануын төмендетуді, ұңғыманы бетондау кезінде газдың енуін болдырмауды және ұңғыманы перфорациялау кезінде бетонның беріктігін арттыруды көздейді. Бүгінде бұл аса маңызды. Себебі ұңғыма сапасының төмендігі газ өндіру барысында көп проблемаларға алып келеді. «Дифференциалды қасиеттері бар тампонажды ерітінділер әзірлеу» туралы идеяның қашан және қалай келгені жайлы Арман Арыстанғалиұлы өзі былай әңгімелейді.
– Бұл идея Башқұртстанда тәжірибеден өтіп жүргенімде келді. Ол кезде басқа ғылыми жобамен айналысып жүрген едім. Идея сап етіп келіп, ойымды кітапшама түртіп қойдым. Бұл елге тәжірибеден өту үшін екі рет бардым. Профессор Фарит Агзамов жетекшім болды. Ғылымға деген қызығушылығымыз соншалық, зертханаға таңертең кіріп, кешке бірақ шығатын едік. Әр елден келген ғалымдар ой алмасып, білгенімізбен бөлісіп, тәжірибе жинадық. Ондағы бес зертхана толықтай соңғы құрал-жабдықтармен қамтылған. Жұмыс істеудің өзі бір ғанибет болды. Осылайша әлгі идеям дәл осы жылы қайта жанданып, жүзеге асыруға бел шеше кірістік, – дейді ғалым.
Жоба 3 жылға жоспарланған. Тампонажды ерітіндіні әзірлеу зерттеу жұмысы аясында газ миграциясы, газдың жарылуы сынды проблемалардың шешімін таппақ. Алғашқы жылы «Дулати» университетінде зертхана ашу жоспарланып отыр. Зерттеу жұмысын лабораториясыз елестету мүмкін емес, әрине. Ашылған зертхана зерттеу жұмысы аяқталған соң да жас ғалымдар үшін қажеттілікке жарамақ. Әрі ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру да жоспарда бар. «Мұндай зертхананың болуы мамандық бойынша магистратураның ашылуына да сеп болмақ. Менің басты мақсаттарымның бірі – мұнай-газ мамандығы бойынша магистратураның ашылуы», деген «Мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі әр ғалым үшін зертханада зерттеу жұмыстарымен айналысудың қаншалықты маңызды екенін де айтты.
Аталмыш жоба құрамында бес ғалым бар. Оның екеуі Қ.Сәтпаев университетінің докторанттары болса, бірі уфалық магистрант, енді бірі «Дулати» университеті, оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Бауыржан Манапбаев. Зерттеу жұмыстары Уфа қаласында, Қ.Сәтпаев университетінде және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өтеді. Жобаны жүзеге асыруға, жұмысты сынап көруде «BJ-URAL» компаниясы өзара келісім негізінде қолдау көрсетпек.
Ғылыми жаңалықтың ашылуы маңызды, ал оның өндіріске енуі, қоғам қажетіне жарауы одан да маңызды. Игілікке жараған жаңалық қана баршамызға пайдасын бермек. Ғалымдарымыз бұл жаңа әдісті патенттеп, әрмен қарай «Scopus» базасындағы журналдарға ғылыми мақалалар мен монография жазуды көздеп отыр.
Арман Арыстанғалиұлы алдағы уақытта да ғылымда жаңа әдістерді ойлап тауып, ғылымның дамуына, өндіріс сапасының артуына өзіндік үлесін қосатынына бек сенімдіміз.

«Дулати» университетінің медиа-қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.