Қоғам

Жас қаламгерлерге Әдебиет академиясы не береді?

Written by Aray2005

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде — ұлт та ұлы бола алмайды» дейді Ғабит Мүсірепов. Ащы да болса ақиқат. Жалындап жеткен Жастар жылы төрден тұғырға тай-құлындай талпынып өскен тәуелсіз ел ұрпағына тосыннан күш-қуат дарытып, максималистік рух бергендей. Сан салаға садағын сілтеп, жебедей жүрегін қол жетпес арманға самғатқан жастар ағымдағы жылы Ұлы дала елінің болашағы үшін аянып қалмайтын сыңайлы. Ғылымнан ғибрат алып, инновацияны игілігіне игеріп, технологияның тілінде сөйлейтін бүгінгі буын Мәңгілік Елдің мазмұнды әдебиеті үшін де тыңнан түрен салмақшы. Елордада өткен жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысында қаузалған «Әдебиет академиясын» құру жөніндегі ұсыныс Жастар жылының ашылу салтанатында жастардың жанашыры – Ұлт көшбасшысына да жетті. Бұл ұсынысты әулиеаталық әдебиетсүйер қауым да қос қолдап қолдап отыр.

«Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов заманның күретамырын дөп басып айтқандай-ақ, шындықтың шоқжұлдызына айналған қаранар қаламгер Шерхан Мұртаза ағамыз «ауыр артиллерияға» теңеген көркем әдебиет жұмыр жердің бетінде адамзатпен бірге жасай беретіні ақиқат. Осы тұста жалынды Жастар жылының жылашарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жас ақын Мерей Қарт «Әдебиет әлемінде жаңа кеңістік ашу мақсатында жас қаламгерлерге арналған «Әдебиет академиясын» ашуды ұсынамын. Әдебиет академиясы ашылса, жас ақын-жазушыларымыз білімін шыңдап, әлем философтарының, мәдениеттанушыларының ілімін бойына сіңіріп, әдебиетіміздің әлеуеті артып, тың өріс алуына септігін тигізер еді. Сол кезде жас қаламгерлер жаһандық бәсекеге қабілетті шығармаларды дүниеге әкелер еді», – деп өз ұсынысын Елбасыға жеткізді. Игі идеяны Астанада өткен жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек көтерген еді. Қазақ әдебиетінің классиктері Әбділда Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Сәкен Жүнісов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Әкім Тарази, Марфуға Айтқожина, Иран Ғайып, Ұлықбек Есдәулет, Айгүл Кемелбаевалар оқыған Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтына түсу жөніндегі бала күнгі арманнан туындаған ой екенін айта келе: «Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жас қаламгерлердің республикалық кеңесі құрылды. Кеңестің бірінші отырысында Орталық Азия Әдебиет академиясын құру жөнінде ұсынысты ортаға салдым. Жастарға сондай бір оқу орны құрылса, сол жерде олар білімін жетілдірсе деген сыңайда. Бұл ұсыныс та, өзге ұсыныстар секілді Үкіметтің жоспарына кіреді деп сенемін. Ендігі мақсат – осы үлкен жобаны ойлағандай, қиялдағандай етіп жүзеге асыру. Академия құрылып, оның оқу бағдарламасы тиісті деңгейде ұйымдастырылса, бұл біздің әдебиетті жаңа белестерге көтерері сөзсіз. Себебі әдебиетке келіп жатқан жастар университеттер мен өзге де оқу орындарында алған біліміне қоса, таза әдеби-гуманитарлық білім алса, олар болашақта ұлы шығармалар жазатыны анық. Академияның факультеттерінде оқып жатқан жас әдебиетшілерге өзіміздің мүйізі қарағайдай классиктеріміз дәріс оқып, қазіргі интернеттің бар мүмкіндігі арқылы немесе Академияға арнайы шақырылған әлемге әйгілі қаламгерлер, философтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дінтанушылар, жаратылыстану ғылымдарының озық ойлы ғалымдары лекция оқыса, отандық және шетел классиктерінің жеке-жеке шеберханалары жұмыс істеп тұрса, бұл жас ақын-жазушылардың интеллектуалдық деңгейін мүлде басқа кеңістікке шығарып жіберер еді. Ой – осы. Орындалуы – жоғары деңгейде болсын деп тілеп отырмыз. Сонда ғана бәсекеге қабілетті, ертең адамзатқа ой айта алатын, әлемді шығармаларымен тәнті ете алатын, ұлттық әдебиетіміздің әлемдегі орнын сенімді бекітіп беретін ерекше толқынды, мүлде айрықша буынды тәрбиелей алар едік. Бұл өз кезегінде ой-өрісін жаңа асқарларға шығаратыны ақиқат»,– деді идея авторы өз сөзінде. Ал тамыр тарихы сонау 1600-жылдардан бастау алатын әлемдік әдебиет академиялары нақты уақытта біз үлгі алып жүрген алпауыт елдердің барлығында бар. Польшада осындай әдебиетке қамқор ұйымның 1930 жылы негізі қаланса, Германиядағы әлемге мәшһүр Гете институтын білмейтін жан кемде-кем шығар. Ал қасымыздағы Қытайда бір емес, бірнеше әдебиет институттары бар. Соның ішіндегі «Лушүн» атындағы әдебиет институты Нобель сыйлығын алған һәм мүйізі қарағайдай қытайлық қаламгерлердің алтын ұясына айналған. Небәрі 20-30 жылдың ішінде аталмыш институттың талантты түлектері Қытай әдебиетін әлемге танытты, өзге елдердің әдебиет академияларымен бірлесе отырып, өз мұраларын барлық тілде сөйлете алды. Саналы, өрелі, өркениетті қоғам қалыптастырған мемлекеттердің басым көпшілігі «Әдебиет магистрлерін» дайындауды қолға алғалы қашан. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті секілді белді білім ордаларындағы тіл мен әдебиет бөлімдері, Ұлыбритания, Аустралия, Ирландия, АҚШ, Үндістан, Шотландия секілді шоқтығы биік елдерде осындай оқу ордалары һәм олардың жанынан ашылған арнайы сыныптар бар. Сөз шеберлерін дайындайтын мұндай орындардың тегіні, ақылысы да қалтқысыз қызмет көрсетуде. Оқыту ұзақтығы да 1-3 жыл аралығында. Бір ғана АҚШ-тың өзінде Нью-Джерси штатындағы Мэдисон қаласының Drew University , осы секілді Алабама штатының астанасы – Монтгомеридегі Faulkner University, Виргиния штатының тәуелсіз қаласы Стонтондағы Mary Baldwin University, Sewanee: The University of the South (Сьюани қаласы, Теннесси штаты), Middlebury College (Миддлбери, Вермонт), Oxford Graduate School (Дейтон, Теннесси) секілді бірнеше ондаған өңірінде «әдебиет магистрлерін» дайындайды. Міне, шежіресінен шешен сөйлеп, шымыр ойлайтын біздің әдебиетімізге де осындай жүйе ауадай қажет-ақ. Себебі қазіргі қазақ әдебиетінде сапалы сыншылар мен әккі аудармашылар саусақпен санарлықтай. «Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Мәңгілік Елдің мәнді ғұмырын болашаққа баяндайтын әдебиеттің болашағына қазірден бастап алаңдауымыз қажет.
– Отанымыз өміршең істерімен еліміздің экономикасын, сарабдал саясатын аяққа нық тұрғызып, 30 жылға жуық уақытта рухани байлығымызға айрықша басымдық бергеніне ерекше қуандым. Қазақ жастары әлемдегі барлық жастардан алғырлығы артық болмаса, талабы басым түспесе, еш кем емес. Оған халық куә. Отандық шығармаларды шет тілдеріне аудару мәселесі де ретімен жолға қойылып келеді. Бірақ оны жолға қоятын нақты жүйе жоқ. Ол жүйе осы әдебиет академиясы арқылы шешіледі деген ойдамын. Мәселен, медициналық немесе ғылыми техникалық жаңалықтардың барлығы дамыған елдердің арнайы оқу орындарындағы зертханаларда жасалатынын білеміз. Сол секілді әдеби өнімдерімізге де осындай өміршең өндіріс қажет. Бұрын, біздің жас кезімізде ақын, жазушы боламын деп алдына мақсат қойған жастардың барлығы Алматыға ат сабылтып баратын. Сондағы әдеби ортаға сіңіп, бір қазанда қайнайтын. Жазушылар одағы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жасайтын. Мүйізі қарағайдай ақын, жазушыларымыздың өздері студенттердің жатақханаларына арнайы келіп, кездесулер өткізетін. Шығармашыл жастарға дәріс оқитын. Бұл сол кездегі отандық әдеби ортаның табиғи көрінісі еді. Ал қазір, еліміз тәуелсіздік алғалы бері ешкім Алматыға баяғыдай мұқтаждық танытпады. Себебі қазір әр өңірде өзінің ірі оқу орындары, өз әдеби ортасы бар. Яғни, әрқайсысы өз қазанында қайнауда. Олар барлығы бір арнаға тоғысатын бұрынғы ортаны көрген жоқ. Әдебиет академиясы құрылса, осы олқылықтың орнын толтырып, тәжірибелі ақын, жазушылар, драматургтер, сыншылар өз курстарын өткізсе, одан ұтарымыз мол. Әсіресе жергілікті жерлердегі жастар, тасадағы таланттар үшін үлкен мүмкіндік болар еді.
Біз надан боп өсірдік,
Иектегі сақалды.
Өнер – жігіт көркі деп,
Ескермедік мақалды…
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды, – деп Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, мемлекет тарапынан мұндай қолдау отандық әдебиетімізге, жалынды жастарымызға ауадай қажет, – дейді жазушы-драматург Елен Әлімжан.
Ала шапанды ағайындарымыздың әйгілі жазушысы Абдолла Қаһар «Әдебиет атомнан да қуатты, бірақ оның күшін отын жаруға қолданудың қажеті жоқ» деп сөз қадірін қырағылықпен бағамдағаны да бекер емес. Себебі әдебиеттің мықтылығы ол – ұлттың, рухтың, идеологияның энергиясы екені анық.
– Баспасөз бетінде Әдебиет академия­сының ашылуы туралы жақсы ұсыныс айтылуда. Бұл биылғы Жастар жылындағы жақсы бастама, ұсыныс десек болады. Өйткені Жастар жылының басты мақсаты да осы еліміздің ертеңі – жастардың жан-жақты қалыптасуына қамқорлық жасау емес пе?! Ал дарынды, әсіресе ақындықпен, жазушылықпен айналысамын деген жастардың жөні тіптен бөлек. Олардың әдебиет әлемінен өзінің салмақты орнын алуы үшін білім, дүниетаным кеңдігі қажет. Білімсіз дарын – күтімсіз қалған дән іспетті. Өсіп-өнуі, толық жеміс беруі мүмкін емес. Осы ретте Әдебиет академиясының ашылуын біз дарынды жастарға деген жасалған үлкен қамқорлық деп білер едік. Сөз өнерінің қыр-сыры мол. Шеберлік, әдеби дәстүр деген мәселе өте күрделі. Мықты ақын, танымал жазушы, шебер драматург, сценарист боламын деген талантты жастар әдебиетіміздің мықты ақынынан, жазушысынан, драматургінен, сценарисінен білім алып, тәжірибесінен өтіп, әдеби жанрдың сырын терең меңгеріп жатса, керемет емес пе? Бұдан ұлттық өнеріміздің тек ұтары анық. Әдебиет академиясы бүгінгі жоғары оқу орнының үлгісіндей болса, оның шәкірттерінің шетелге де барып, белгілі ақын-жазушылардың шығармашылық лабораториясымен танысуы да оларға жақсы әсер етері сөзсіз. Сондықтан бұл бастама толық қуаттауға тұрарлық құнды ұсыныс деп білемін, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор, «Дулатитану» ҒЗО директоры Сәмен Құлбарақ.
Ал күні кеше ғана Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ұтымды ұсынысты нақты уақытта Мәдениет және спорт министрлігі қарастырып жатқанын, тіпті ведомство жаңа жобаны «Жол картасына» енгізіп те қойғанын жеткізді. Егер қолдау болса, әдебиет институты елордамыз – Астана қаласында ашылуы мүмкін екен.
– Жастар жылының ашылу салтанатында бүгінгі жастардың Елбасымен пікірлесуі шын мәнінде де құптарлық жағдай. Бұл кездесу тәуелсіз Қазақстан жастарының болашаққа деген сенімін күшейтеді, елдің келешегі туралы, мемлекет алдындағы жауапкершілікті, қоғам алдындағы толыққанды мүшесі екенін, кез келген жастың көзқарасы мемлекет үшін маңызды екенін ұқтырды. Жиында «Әдебиет академиясын ашу керек» деген ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныс өте орынды. Және менің айтарым, Астана мен Алматы секілді республикалық мәртебеге ие қалалардағы шығармашыл жастар мен саясат, спорт, өнер, ғылымға үлес қосып жатқан жастар баспаналы болса деген ұсынысым бар. Әрине, құстың да ұясы болады ғой. Екіншіден, елімізде шығармашыл жастарға арналған «Шабыт» атты бір ғана фестиваль бар. Бұл еліміздің жастарына аздық етеді. Енді осы секілді тағы бір фестиваль керек. Үшіншіден, Елбасымыз ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетін жақсы біледі. Соның арқасында, әр жылдары еліміздің әр өңірінде «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары» сияқты іс-шаралар өтіп жатыр. Осы іс-шаралар жалғасын тауып, мектеп қабырғасында жүрген жастарды қанаттандыру мақсатында әрқайсысына 5 гранттан бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір айтарым, аударма жөнінде болмақ. Қазір қазақ шығармалары әлемнің алты тіліне аударылып жатыр. Осы жобаға жастарды да қатыстырса демекпін, – дейді ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы.
Марғасқа жазушы Мұхтар Әуезовтің «Өткен күннің әдебиетін еске түсіргенде, ескіліктен сол белгіні қалдырып кеткен адамды ойлағанда, айтылған өлең, жыр, тақпақ, мәтелдердің ауыздан шыққан кезін ойлағанда, бәріміз де өткен күннің өнеріне ішімізден бас игендей боламыз, сөзі қалған кісінің атын құрметпен атағандай боламыз… Біз ескі әдетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз, құрметіміз орынсыз емес. Себебі әдебиетімізде өзге жұрттың ауызша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр» деп айтқаны бар. Жоғымызды түгендеп, барымызды байытуға да бұл әдеби ұйымның маңызы зор болары сөзсіз.
– Әдебиет – альма-матер, идеялар локомотиві. Әдебиет және оның жанрлары тудырған идеялар барлық гуманитарлық, ғылыми-теxникалық прогрестің қайнар бастауында тұр. Сондықтан академияның құрылуын қолдаймын! Әдебиет академиясы – жаңа идеялар академиясы, жаңа қазақстандық руxани-эстетикалық моделдің арқауы болады деп ойлаймын, – дейді жас таланттардың атынан халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, Президент кубогының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР