"Кәсіпкерлік"

Жас кәсіпкерлерге мол мүмкіндік

Written by Aray2005

Биылғы Жастар жылында нақты мақсатқа ұмтылып, еңбек етуге ниеттенген жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жетіп артылады. Тіпті, кәсіппен айналысуды көздеген жастар үшін де қайтарымсыз гранттар қарастырылуда. Сондай ауқымды жоба биыл Жамбыл облысында бастау алды. Берері мол бұл конкурсқа құжаттарды қабылдау мамыр айында басталып, күні кеше ғана аяқталды. Ендігі жерде тапсырылған жобалар комиссия талқысында қаралатын болады.

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мәлімдеуінше, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік қайтарымсыз грант беруге облыстық бюджеттен 303 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы тың бизнес идеяларды жүзеге асыруға жұмсалады.
– Биылғы Жастар жылына орай «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында республикалық бюджеттен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант есебінде 166,1 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық қазынадан 21 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл аталған сома жас кәсіпкерлер өз бизнесін дамытып, әлеуетін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау.
Аталған бағдарлама аясында мемлекеттік грант алуға үміткер, яғни жас кәсіпкерлер құжаттарын Тараз қаласы мен аудандардағы уәкілетті органдарға жолдады. Толық ақпарат аламын деушілерге жергілікті «Жастар ресурстық орталықтарының» мамандары көмектесті, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мамандары.
Бұл гранттарды алуға 29 жасқа дейінгі азаматтар үміткер ретінде құжат тапсырды. Күні кеше аяқталған құжат қабылдау нәтижесінде облыстан кәсіпкерлікке ниетті 466 жастың тізімі белгілі болды. Енді комиссия құрамы бұл жобалардың халыққа қаншалықты тиімді және табысты боларын жан-жақты саралап, зерттеуде. Мұндағы мақсат – әрине, қыруар қаржының желге ұшпауы. Жұмсалатын қаржы жас кәсіпкерді демеу арқылы халыққа қажетті жаңа істі жүзеге асыруға жұмсалуы тиіс. Сонымен қатар бұл қолдау жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға да оң ықпалын тигізбек.
«Жас келсе іске» демекші, талантты да талапты жастың алмайтын қамалы жоқ. Ел үкіметі тарапынан жасалып жатқан қолдаулар нәтижесінде жастарымыз кәсіпкерлік саласында да өрлеп, өркениетке бастаған қазақ көшінің ілгерілеуіне елеулі үлес қосарына сенеміз.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жастар жылының ашылу салтанатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге арналған гранттар көлемін арттыруды тапсырып, осы мүмкіндік арқылы үш жылда шамамен 300 мыңға жуық жас азамат бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығатынын сөз еткен еді. Осындай шаралар арқылы жас қазақстандықтардың төрттен бірі, яғни кем дегенде 80 мыңы өз кәсібін бастауға мүмкіндік алмақ.
Қолға алынған қай істің де түбінде ел игілігі тұр. Конкурсқа құжат тапсырып, өз жобаларын ұсынып, нәтижесін күтіп отырған жастардың үміті ақталып, халқына адал қызмет етулерін тілейміз.

Қамар Қарасаева

ПІКІР