Жас келіншек бие байлап, мал бордақылап отыр

0 43

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ», – деген еді.

Жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында экономика мен шағын және орта бизнестің дамуына, кәсіппен айналысамын деген азаматтардың аз уақытта іс бастауына айрықша әсер етіп отырған мемлекеттік қолдау тетіктері елімізде баршылық. Соның бірі – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Баянды бағдарлама жұрттың кәсіпкерлікке бет бұруына өз септігін тигізіп қана қоймай, халықтың жұмыспен қамтылуына да оң әсер етуде. Бағдарлама шарапатын сезініп, бизнеске бет бұрған жастар саны Байзақ ауданында да жыл санап артып келеді. Аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіпкерлікті дамыту және кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Бахытжан Қияшевтің айтуынша, былтыр ауданда 318 жас мемлекет қолдауымен өз кәсіптерін ашыпты. Аталған жастардың арасында 22 жасар Сазтерек ауылдық округі Ақтөбе ауылының тұрғыны Нүрилә Кеңес те бар.
Аталған ауылдық округ әкімі Жұмабек Шайхиев былтыр ауылдық округ бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 20-дан астам адам өз ісін ашқанын айтады.
– Бағдарлама жаңа бизнес-идеяларды іске асыратын азаматтарға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды. Абай, Ақтөбе және Жаңасаз елді мекендерін біріктіріп отырған ауылдық округте мемлекеттік, салалық бағдарламалар аясында нәтижеге бағытталған тындырымды тірліктер жүзеге асырылып жатыр. Барлығы 1 825 адам тұратын округте өткен жылы 12 адам несие алса, оның үшеуі – жастар. Сондай-ақ
9 жас азамат өздерінің өміршең жобаларын ұсыну арқылы мемлекеттен 555 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін ашты. Сазтерек ауылдық округінің жалпы аумағы 11 976 гектарды құрайды. Жеріміз мал ұстап, егін егуге қолайлы. Ауылдық округтегі елді мекендер жыл өткен сайын жаңғырып, көркейіп келеді. Кәсіп ашамын деген адамға мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Биыл мемлекеттік грант бойынша 10 шақты жас азамат өз өтініштерін білдірді, – дейді Жұмабек Асанұлы.
Мемлекеттен 4 миллион теңге несие алған Нүрилә Елібекқызы қаржысына 8 бие, 1 айғыр сатып алыпты. Былтыр жаздай бие байлап, саумал мен қымыз сатқан.
– Бұрнағы жылы аудандық кәсіпкерлер палатасы арқылы арнайы оқыту курсынан өтіп, ауылдан сән салонын ашу үшін бизнес-жоспар жасадым. Кәсіпкерлік бағыттағы жобамды сәтті қорғап, мемлекеттен 505 мың теңге грант ұтып алдым. Оған жеткенінше қажетті құрал-жабдық сатып алғаныммен, өзім жаңа туған нәрестемнен босай алмадым. Алла қаласа, сән салонын осы жылы ашамын деп ниеттеніп отырмын. Негізі ойға алған ісімді былтыр қолға аламын деп жүргенде елімізде карантин жарияланып, үйден ұзап шыға алмадық. Десе де қарап отырмай тағы бір жоба ұсынып, мал шаруашылығымен айналысқанды жөн көрдім. Осылайша былтыр 9 бие сауып, саумал мен қымыздың литрін 600 теңгеден ауылдастарыма сатып, пайда таптым. Күніне 20 литр қымыз өткеріп жүрдік. Қыста 4 жылқы бордақылап, әрқайсысын 400 мың теңгеден саттық. Менің жұмысым бие сауу, ал мал бордақылау ісіне күйеуім Арнұр бас-көз болып жүр. Қазір өзімнен бөлек екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Қолымызда 15 жылқы бар. 8 гектар суармалы жеріміздің 3 гектарына жоңышқа, қалғанына бидай егеміз. Бордақы малға қажетті жем өзімізде бар, ал шөптің әр түгін 700 теңгеден сатып алып жатырмыз, – дейді Н.Кеңес.
Мемлекет еңбек етемін деген адамға бар мүмкіндікті жасап отыр. Әсіресе жастарға қолдау көп-ақ. Кәсіпкерлік тәуекелді талап ететін тірлік болса да, бел шеше кіріскен адам нәсібін көретіні анық.

Нұрым Сырғабаев

Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.