Жастар.kz

Жас келсе – іске!

Written by Aray2005

Ертең Жамбыл облысының әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің әлеуметтік әріптестігі аясында «Жас келсе – іске!» атты форум өз жұмысын бастайды. Жастар жылы аясында Меркі ауданында өткізілгелі отырған ауқымды шараның мәні терең, маңызы ерен. Байыпты басқосуға орай облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым өз құттықтауларын жолдап, шараның жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдіруде.

Құрметті жас достар!
Биылғы жыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Жастар жылы» болып жария­лан­ды. Бұл туған Отанымыздың өсіп-өркендеуі мен гүлденуі жолында жастардың қоғамда алатын ерекше орны мен оларға жасалып келе жатқан мемлекеттік қамқорлықтың айқын көрінісі болып табылады. Қай елде болмасын жастар бәсекеге қабілеттілікті ғана емес, адам капиталын дамытудың да шешуші факторы. Сондықтан да жастар мәселесіне ұдайы назар аударып, олардың толыққанды тұлға және заманға сай азамат болып қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет.
Облыс әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің әлеуметтік әріптестігі аясында ұйымдастырылып отырған бұл форум аймақтың еңбеккер жастарының өзара бас қосып, толғандырған өзекті мәселелерді талқылап, еңбек құндылықтарының мәртебесін арттыруға және алда тұрған міндеттерді бірлесіп атқаруға жәрдемдесетін тәжірибелерімен алмасуға және еңбек қатынастарын реттеуге байланысты сауалдарға ортақ жауап табуға, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысын дамытуға қызмет ететін болады.
Елімізде Жастар жылына байланысты «Жол картасы» жасалды. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» жастар саясатын жүзеге асыру тұжырымдамасы бекітілді. Жастарды қолдауға байланысты мемлекеттік бағдарламалар аясында біздің облысымызда да көптеген тиімді жобалар нақты қолға алынуда.
Еңбекші жастар – ел байлығы. Біздің облыс халқының 22 пайызға жуығы жастар. Бұл – үлкен күш. Сондықтан еңбекші жастарды жарқын болашаққа негіз қалайтын жасампаздық, бірлік пен тірлікке шақыра отырып, Отанымыздың әл-ауқатын жақсартуға қомақты үлес қосады деп зор сеніммен қараймыз. Халқымызда «Жас келсе – іске!» деген аталы сөз бар.
Бұл Сіздерге деген халықтың зор сенімі және абыройлы міндет!
Баршаңызға сәттілік және табыс тілеймін!

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, облыс әкімі

Құрметті еңбекші жастар!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған биылғы Жастар жылы аясында Кәсіподақтар федерациясы жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттырып, кешенді түрде қолдау көрсету жұмыстарын жалғастыруда.
Жамбыл облысы еңбекші жастарының «Жас келсе – іске!» атты форумының негізгі мақсаты – еңбек мамандықтарын дәріптеу, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, еңбек жастарының әлеуметтік мәселелерін жақсартуға үлес қосу.
Қазіргі таңда еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналған Кәсіподақтар федерациясы мүшелерінің қатары екі миллионға жуықтады. Соның ішінде 32 пайыздан астамын жастар құрайды. Барлық аймақта құрылған «Келешек» жастар кеңесі кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамытуға идеялар мен жобалар ұсынып, игі іс-шараларды белсенділікпен жүзеге асыруда.
Кәсіподақтар тарапынан жастардың еңбек нарығындағы бәсекелестігін арттыруға, мүдделерін қорғауға және азаматтық белсенділігін қалыптастыруға қолдау көрсетіледі.
Құрметті жастар!
Біз сіздердің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын толық жүзеге асыруға бағытталған жалынды да креативті ұсыныстарыңызды әрдайым қолдаймыз. Жастар форумының жұмысына сәттілік тілей отырып, жаhандық бәсекелестік кезеңінде жігерленіп жұмыс жасауға, білімге ұмтылыстарыңызбен өз ісінің нағыз кәсіби маманы болуға, сол арқылы еліміздің көркеюіне үлестеріңізді қосатындарыңызға сенім білдіремін.

Бақытжан Әбдірайым, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы

ПІКІР