«Жас натуралистер» стансасы балаларды шаруашылыққа баулиды

0 16

Халқының қамын жеп, өмірін елінің бағына арнаған аяулы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтатын тілі жоқ» деп, өз заманында қоғамның назарын Табиғат-анаға бұрған еді. Әйткенмен одан бері қаншама жылдар өтсе де қоғам әлі де қоршаған ортаны қорғауды, аялауды ұмыт қалдырып келеді. Тек арнайы іс-шаралар мен сенбіліктер кезінде ғана табиғатсыз күніміздің жоқтығы еске түседі. Табиғат аясында тынығып, демалған соң отырған жерін жинамай, қоқыстарын шашып кететін бейәдеп әрекеттер талай мәрте айтылып та жүр. Сонда да пенделік парықсыздығымыз тыйылмай келеді.

Осындай олқылықтардың орнын толықтыру үшін елімізде 1957 жылы «Жас натуралистер» стансасын ұйымдастыру қолға алынған. Бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде адамды бала күнінен табиғатты аялауға баулитын «Жас натуралистер» стансасы құрылып, оқушылармен жұмыс жүргізуде. Сол мақсатпен 2017 жылы Т.Рысқұлов ауданынан ашылған станса өткен жылдың аяғында өз жылыжайларын іске қосты. Жылыжай 500 шаршы метр аумақты алып жатыр. Енді оқушыларға тек экологиялық бағытта емес, биологиялық тұрғыда да өсімдіктерді егіп, күтіп-баптау тәсілдерін үйрете оытырып тәрбиелемек.
Мектептің 5-8-сынып оқушыларына қосымша білім, тәрбие бере отырып, аталмыш мекемеде 33 мұғалім қызмет етеді. Бүгінгі таңда 1350 оқушысы бар. Пандемияға байланысты тек 50 оқушы стансаға күнделікті келіп білім алып жүр. «Жас натуралистер» стансасының директоры Қуандық Маханбетқұловтың айтуынша, басқа оқушылар білім алатын мектептерге «Жас натуралистер» стансасының мұғалімдері өздері барып, сабағын өтіп, белгілі бір уақытта саяхатқа да әкеледі екен.
– Мұнда биологиялық және экологиялық бағытта жұмыс жұргізіледі. Оқушылар өз өтініштерімен, яғни өздерінің қызығушылығымен келеді. Түпкі мақсатымыз– балаларды табиғатты аялауға, қорғауға тәрбиелеп, егін егудің әдістерін үйретіп, жастай шаруашылыққа, қоршаған ортаға қамқор болуға бейімдеу. Кей көкөністерді тұқым себу арқылы өсірсе, енді біразын көшеттеу арқылы баптап өсіретінін теорияда ғана емес, тәжірибе түрінде үйретуді көздейміз.
Станса жылыжайына қазір 500 түп қияр және ақжелкен, аскөк отырғызылды. Оқушылар тәжірибе түрінде білім алып, осы жылыжайдың күтімін өздері жасайды. Алғашқы отырғызылған қиярды жинап алғаннан кейін шырайгүл (петуния) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Ал эколог мамандарымыз оқушылармен арасында қоршаған ортаны тазалау, көктемгі абаттандыру жұмыстары кезінде акциялар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар оқушылармен бірге ғылыми жобалар әзірлейді. Жақында «Қалдық заттарға екінші өмір сыйла» тақырыбымен аудан оқушылары арасында байқау ұйымдастырдық. Онда қажетсіз деп қоқысқа тасталатын заттарды қайта өңдеп, тұрмыстық қажеттілікке жарату тәсілдерін балалар өздері ойлап тауып, жүзеге асырған істерін көрсетті. Біріншіден, бұл арқылы біз табиғатты күл-қоқыстан тазартуды, екіншіден, әрбір затты тиімді пайдалануды балаларға үйретіп, сондай-ақ қоғамға көрсеткіміз келеді.
Енді жұмысымызды зоологиялық бағытта кеңейтсек деп отырмыз. Қажетті қора-жай салсақ, қоян, тауық секілді жануарларды асырап, балаларға жан-жануарларға қамқорлық көрсетуді тереңірек түсіндірсек деген жоспарымыз бар, – дейді Қуандық Маханбетқұлов.
Қалдық заттарды қайта өңдеп, қолдану бойынша оқушылармен бірге ғылыми жоба әзірлеген эколог, ұстаз Балнұр Әбілда:
– Балалармен жұмыс жүргізу барысында бейберекет тасталған тұрмыстық қалдықтарды зерттей жүріп, олардың ішінде қайта қолдануға болатындарын байқадық. Сөйтіп, біз қалдықтарды іріктеу үшін не қажет екенін ойластық. Егер қоқыс тастайтын орындарға қағаздарға, пластик және шыны заттарға, тамақ қалдықтарына арналған жеке жәшіктер қойылса, қоқыстарды іріктеу оңай болар еді деген ұсынысымызды жеткізгіміз келді. Айталық, қазір кез келген жерден шашылған пластик бөтелкелерді, целлофан қаптарды көп кездестіреміз. Егер соларды басқа қалдықтарға қоспай жинасақ, оны қайта өңдеп, қажетті нәрсе шығаруға болар еді. Бұл тіпті қолданыста бар ғой. Бізге керегі– тұрмыстық қалдықтарды материалына қарай бөлек жинау. Сондықтан балаларды қызықтырып, үлкендердің назарын аударту үшін қоқыс тастайтын жәшіктерді қызыл, жасыл, сары түсте және бөтелке секілді формаларда әзірлесе, пластик, қағаз және тамақ қалдықтары бөлек жиналар еді. Сонда ғана біз өзіміздің таза ауамен тыныстап, жайлы да сапалы өмір сүріп, тұрмысқа қажетті заттарды үнемдеп жұмсай алар едік. Қайта өңделген қалдықтардың да экономикаға әкелер пайдасы бары бесенеден белгілі. Ал экологиямыздың тазалығы өз өміріміз, денсаулығымыз үшін, табиғаттың таза да әдемі қалпында сақталуы болашағымыз үшін қажет, – дейді болашақтағы экологиялық жағдайға алаңдайтынын байқатып.
Ал стансада білім алып жүрген оқушылардың бірі – Эльнара Махталы:
– Мені өсімдіктердің алуан түрлілігі қызықтырады. Сондықтан ата-анамнан, мұғалімдерімнен неліктен түрліше болатынын жиі сұрайтынмын. Сол қызығушылықпен әрбір өсімдіктің, ағаштың өсуі қалай жүретінін білгім келді. Әсіресе гүл өсіру – менің ең сүйікті ісім. Өсімдіктер мен ағаштардың лас ауаны жұтып, таза ауа шығаратынын білгеннен бері оларды егіп, өсіру ісіне бұрынғыдан да бетер құмарта түстім. Сондықтан «Жас натуралистер» стансасына келіп, өтініш білдірдім. Мұныма ата-анам да қарсы болмады. Ол жерден жақында жылыжай салынғаннан соң ондағы сабағымыз бұрынғыдан да қызықты бола түсті. Мұғалімдеріме рахмет айтамын. Көп нәрсе үйреніп жатырмыз. Өзім Әлихан Бөкейханұлы атындағы мектептің 6-сыныбында оқимын. Сабақтан қолым босай салысымен гүл өсіру ісіне асығамын, – дейді балалық шынайы пейілімен разылығын аңғартып.
Қазір коммуналдық мекеме атанып отырған бұл станса жуырда қазынашылық мекемеге ауысса, өсірген өнімдерін сатумен айналысуды қолға алмақшы. Біріншіден, жасөспірімдерге табиғаттың тілін түсініп, экологиялық жағдайды сақтай отырып өнім алуды үйретсе, екіншіден, мекеме шығындарын жабу үшін өнімді сатып, табыс табу да көзделіпті.
Табиғаттың тілін ұғынып, қоршаған ортамен үндестікте тұрмысқа қажетті өнім әзірлеуді мақсат еткен стансаның ісіне сәттілік тіледік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.