Жастар.kz

«Жас отбасы» жобасы жастардың баспана мәселесін шешеді

Written by Aray2005

Бүгінде жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылардың алдынан шығатын негізгі мәселелердің бірі – тұрғын үй алу. Енді ғана үлкен өмірге қадам басқан жұптардың басыбайлы баспаналы болуға келгенде абдырап қалатыны жасырын емес. Себебі сананы тұрмыс билеген қазіргі қоғамда қымбатшылық қос бүйірден қысып-ақ тұр. Бұл орайда жамбылдық жас отбасылар үшін жағымды жаңалық – Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 1 шілдеден бастап «Өз үйім – бақыт мекенім» ұранымен отбасын жаңадан құрған жанұяларға арнап «Жас отбасы» тұрғын үй бағдарламасын ұсынып отыр.

Жаңа бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі жылына 6 пайызды құрайды. Яғни «Нұрлы жер» бағдарламасы ұсынатын мөлшерлемеден 1 пайызға жоғары. Бұл тек алғашқы екі жылдағы мөлшерлеме көлемі, ал одан кейін ол 5 пайызға дейін төмендейді екен. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің аға қаржы кеңесшісі Ардақ Адибаеваның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «Жас отбасы» депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақ пәтерінің 50 пайызын жинауы және де бағалау көрсеткішінің 5-деңгейіне жетуі керек. Тағы бір айта кетерлігі, депозитті ашар кезде олардың некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс. Сондай-ақ қаражатты жинақтау кезінде оған жылдық 2 пайыз көлемінде банк сыйақысы мен 20 пайыз мөлшерінде жыл сайынғы мемлекет сыйақысы түседі.
– Ерлі-зайыптылар депозитті әрқайсысы өз атына ашып, кейіннен шоттарды «Отбасылық пакетке» біріктіру арқылы екі есе көп мемлекет сыйлықақысын алуларына да болады. «Жас отбасы» бағдарламасының тағы бір артықшылығы оған қатысу барысында ерлі-зайыптылардың жас мөлшері мен отбасындағы балалар санына назар аударылмайды. Бағдарлама шарттарына сәйкес, жас отбасылар пәтерді еліміздің кез-келген қаласындағы жаңа және қолданыстағы үйлерден ала алады. Немесе жер телімін сатып алып, үй салуларына да болады. Оларға заем 6 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімде беріледі, – дейді Ардақ Іңкәрбекқызы.
Бүгінгідей карантиндік режимге қарамастан аталған банк филиалдары мен бөлімшелері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Егер банктің бөлімшесіне бару қажет болса, онда банктің baspana.kz сайты арқылы алдын-ала кезекті брондап қою керек екен. Сонымен қатар банктен кеңес алу үшін кезекті азайту мақсатында Тараз қаласы аумағындағы Төле би көшесі 8, «Салтанат» ықшамауданы 20, Ы.Сүлейменов көшесі 5А мекен-жайларында кеңес беру орталықтары қызмет көрсетуге әзір.
Мемлекеттік бағдарламалар туралы жастарға кеңес беретін «Jastar» қабілет орталығында күнделікті сағат 10:00 мен 17:00 аралығында жастарға тұрғын үй алуың мемлекеттік бағдарламалары бойынша Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің арнайы мамандары да қызмет көрсететінін де айта кеткен жөн.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР