«Zhas Project» жастарды жымқыруға үйретті ме?

0 29

2017 жылы елімізде «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы жанданғанын жұрт жақсы біледі. Бастапқыда Алматы, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында бастау алған бастама 2018 жылы Жамбыл жеріне де жетті.

Жобаның негізгі мақсаты – жастардың қоғамнан өз орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру, оларды пайдалы қызметтерге тарту арқылы жұмыссыздардың санын азайту. Гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтарға қатысуға мүмкіндік беріліп, бір әлеуметтік жобаны 3-5 адам бірігіп дайындау талап етілді. Үш кезеңнен тұратын іріктеуден сүрінбей өткендер 1 миллион теңгеге ие болып, алты ай ішінде өз жобаларын жүзеге асыру міндеттелді. Сондай-ақ оларға 40-60 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленді. Есесіне жоба жеңімпаздары халыққа жарты жыл тегін қызмет көрсетуі қажет болды. Жастар кәсіпкерлігін жандандыруға бағытталған баянды бастаманың шарапатын жастардың дені көрді. Алайда аталған грант иегерлерінің барлығы бірдей жобаларын сәтті жүзеге асыра алды ма? Олар қазір қайда және қандай кәсіппен айналысуда? Биыл бұл бағытқа қаржы қарала ма? Міне, осы сауалдарға жауап іздеген едік.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылы өңір жастарынан 555 жоба ұсынылып, 222-сі қолдау тапқан екен.
– «Zhas Project» – өз кәсібін ашамын деген талай жасқа жол ашты. Қолдау тапқан жобалардың 56-сы ауыл шаруашылығы саласына бағытталса, 47-сі білім, 37-сі халыққа қызмет көрсету, 8-і ғылым және техника, 17-сі салауатты өмір салтын қалыптастыру, 14-і мәдениет, 5-і туризм және 22-сі түрлі бағыттарға бағытталды. Нәтижесінде өңірге 435 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Жалпы жоба аясында өңірдің 762 жасы жұмыспен қамтылса, оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.
Расымен, 222 жобаның қолдау тауып, жастар­дың 435 миллион теңгеге қол жеткізуі үлкен олжа. Осы ретте жоба иелерінің қазір қандай бизнеспен айналысып жатқанын өздерінен сұраған едік.
– 2018 жылы «Zhas Project» жобасына қыш құмыралар шығаратын жобамды ұсынып, грант иегері атандым. Құмыра жасайтын бір құрылғыны сол кезде 485 мың теңгеге сатып алдым. Үш қыз бірігіп, алты ай мектеп оқушыларына құмыра жасау бойынша тегін дәріс бердік. Осы мерзім ішінде 40 мың теңге көлемінде шәкіртақы да төленді. Алайда алты айдан кейін тауарымызға сұраныс аз болып, кәсібімізді жабуға тура келді. Бір құрылғыны қолөнер шеберіне сатсам, екіншісі үйде тұр. Қасымдағы қыздардың бірі бала күтімімен демалысқа кетсе, екіншісі қоғамдық жұмыстарға бет бұрды. Сөйтіп жалғыз қалып, қазір қыш құмыра жасайтын шебермен келісімшартқа отырып, дайын бұйымдарды дүкендерге жеткізіп берудемін. Меркі ауданында қыш бұйымдарға сұраныс жоғары болмағандықтан, 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасымен қосымша 505 мың теңге грант алдым. Сол сәттен бастап былғары әмияндарға тапсырыс беріп, сыртына Меркі ауданының логотипін жапсырып сатып жүрмін. Бұл тауарыма да сұраныс жоғары дей алмаймын. Егер жергілікті билік қолдау білдіріп, тауарымды жарнамалауға көмектессе, тығырыққа тірелмес едік. Алайда бизнес бастағаныма екі жылдан асса да аудан әкімі бір шақырып, жағдайымызды білген емес, – дейді жоба жеңімпазы Ажар Жүнісова.
Міне, грант иегері кәсіпті ашқанымен, бірақ жүргізу қиынға соғып жатқанын айтады. Сондай-ақ жалынды жас жергілікті биліктен қолдау күтуде.
Негізі жоба жеңімпаздарына жергілікті билік тарапынан тиісті деңгейде қолдау болмай отырғанын аңғару қиын емес. Оған дәлел, бүгінгі таңға дейін 12 грант иегері жобаларын жалғастырудан бас тартқан. Тараз қаласынан 6, Шу ауданынан 3 және Жамбыл, Жуалы, Сарысу аудандарынан бір-бір жастан жобасын тоқтатқан. Мұның себебін білмек мақсатта «Zhas Project» жобасының өңірлік үйлестірушілеріне хабарластық.
– 12 жоба жүзеге аспай қалғаны рас. Оның дені топтағы адамдардың тарап кетуі немесе қаржылық сауаттары болмауынан орын алды. Тіпті 8 жобаның жеңімпазы алаяқтар болып шықты. Ондай азаматтар Тараз қаласы мен Байзақ ауданынан тіркелді. Сол себепті біз қаржының екінші бөлігін аударуды тоқтаттық. Алайда аталған азаматтар алған қаржының бір бөлігі мен үш ай төленген шәкіртақыны осы күнге дейін қайтармай келеді. Десе де 2 жобаның жеңімпазы гранттан бірден бас тартып, олармен мәселе түйткілсіз шешілді. Бір жобаны жеңімпаз емес, оның ағасы жүргізгендіктен онымен де келісімшартты бұздық. Бір сөзбен айтқанда, грант иегерлерінің басым бөлігі NЕЕТ жастардың санатынан болғандықтан қарапайым компьютердің тілін білмейтіндер көп болды. Сондықтан көптеген жобалар кенжеледі. Жергілікті билік өкілдерінен қолдау мен қадаға болмауынан грант ақшасын өзінің бас пайдасына пайдаланған жастар да кезікті. Міне, осындай келеңсіздіктерден кейін пилоттық жоба жалғасын таппады. Ал басқа облыстарда жоба әлі де жүргізілуде, – дейді «Zhas Project» жастар корпусын дамыту орталығының гранттық менеджері Еркін Қайырбекұлы.
Жауапты маман осылайша бүкпесіз бар шындықты жайып салды. Демек, қаржылай қолдау тапқан 222 жобаның жеңімпаздарын шындап тағы бір тексерсе, талай былықтың беті ашылатын секілді. Оған дәлел – меркілік А.Жүнісованың өзі қыш құмыра жасайтын құрылғысын сатып жіберіп отыр. Еркін Қайырбекұлының айтуынша, алты айдан кейін жастар алған қондырғыларын сатуға құқылы екен. Тек 5 жыл бойы тауарды сатып алған чектерін сақтаса болғаны. Осы сәтте «Zhas Project» «Жастар кәсіпкерлігін дамытуды емес, балға бармақ батыртуды көздеген бастама ма?» деген ой келеді. Олай дейтініміз, грант жеңімпаздары алты айдан кейін кәсіпкерлігін жауып, ал қондырғыларын қайта сатып жіберуге құқылы болса, сонда өңірге бөлінген 435 миллион теңгенің қайтарымы қайда?
Қай жағынан болсын алып қарасақ, «Zhas Project» жобасы жастардың уақытын текке өткізіп, көзбояу жасау үшін жанданған бастама емес. Сондықтан әрбір жобаға қырағы қадаға мен жанашырлықпен қараған жөн. Тағы бір қызықты жайт, жоба жеңімпаздарының арасында ұсынған кәсібінен мүлде хабарсыз азаматтар да бар болып шыққан. Мәселен шаштараз бизнесін ашуға ниет білдірген топ мүшелерінің бірде-біреуінің шаш ала алмайтыны анықталған. Сондықтан олар шаш алуға қосымша адам жалдаған. Осылайша грант иегерлері 6 айлық шәкіртақысын шаш алатын шеберге төлеп, тұрғындарға тегін қызмет көрсеткендей болып, кейін кәсіпкерлігін жауып тастап отырған. Ал кейбір жастар қондырғыларды сатып, топ мүшелері ақшасын өзара бөліп алған. Бұған енді не деуге болады?
Жас өскін бастапқыда қисық өссе, оның ертеңі не болатыны белгілі. Сол себепті «Zhas Project» жобасының жеңімпаздарын тағы бір мәрте сүзгіден өткізу қажет-ақ. «Біз жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп жатырмыз», деп сүйіншілеп жатқанда, ертең былықтың беті ашылып, бармақ тістеуіміз бек мүмкін.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.