«Жас сарбаздың» жігіттері жарап тұр

0 0

Мемлекеттік жүйенің сын-қатерлерге қарсы тұру қабілетімен бірге халықтың бірлігі мен елдігі таразыланар шақта «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла әрекет ету әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Соңғы бірер жұмада кеселмен күрестің алдыңғы шебінде жүрген жандарды демеп, қолдау білдірген отандастарымыздың амалы осыған саяды. Дәрігерлер мен науқастардың тамақтандыруын ұйымдастырып, дерт дендеген жандарға қажетті дәрі-дәрмек пен құрылғыларды жеткізіп жүрген атпал азаматтардың барлығы да құрметке лайықты. Осы қатарды толықтырған ерікті жастар да елге еріктіліктің ерен үлгісін көрсете білді. Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған Волонтер жылы аясында қоғам өмірінің шын мәнінде көмекке мұқтаждарға қолғабыс етушілердің қатарында жамбылдық жалынды жастар да бар.

Кісіге қайырымдылық жасау қазақ халқы үшін ең ізгі амал саналады. Әсіресе бүгінгідей сын сағатында кей кеудедегі үміт отының сөнбеуі қайырымды жандардың көп болуын қажет етеді. Расында дауасыз дертпен күресіп, өлім мен өмірдің арасында жатқан әрбір науқас қамқорлықты қажетсінеді. Қарапайым ғана ауа жұтудың өзі мұңға айналған жандар үшін қазір оттегі балландоры оларға екінші өмір сыйлаудың «құралы» деуге де болады. Міне бір топ жамбылдық ерікті осы оттегі баллондарын жүктеу-түсіру жұмыстарына атсалысып жүр.
– Шынында биылғы Волонтер жылы еріктілердің қоғам өміріндегі пайдасын екшеудің жылына айналды. Коронавирус індеті таралған сәттен еріктілер індетпен күрестің алдыңғы шебінен табылды. Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ыстық тамақ, азық-түлік себеттерін жеткізумен басталған еріктілер қызметіне бүгінде жоғары сұраныс байқалады. Бұл орайда ауруханаларда қауіпті індетпен күресіп жатқандарға қажетті оттегі баллондарын жеткізу үшін волонтерлердің көмегіне жүгінетіндердің қатары артты. Осы тектес хабарландыруды әлеуметтік желілерден көптеп кездестіруге болады. Сәйкесінше жамбылдық еріктілер де сын сағатында өздеріне артылған сенімнің үдесінен шығуға барын салып жатыр. Қазіргі таңда орталықпен тығыз байланыс орнатқан еріктілер қозғалысы мен жастар ұйымының 20 мүшесі оттегі баллондарын толтыру базаларында қызметке тартылған, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арайлым Әбдуалиева.
Қолдан келгенінше халыққа қалтқысыз қызмет етуді мақсат тұтқан ерікті жастардың бір тобын облыстық «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері құрайды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасының бастамасымен құрылған ұйым осылайша көптеген жастарға патриоттықтың ерен үлгісін іспен дәлелдеп жүр.
– Интернеттен «Оттегі баллондарын жүктеуге, түсіруге еріктілер қажет» деген хабарландыруды көзіміз шалып, көп ойланбастан базаға келдік. Мұнда өзіміз сынды 15 еріктінің оттегі баллондарын науқастарға уақытылы жеткізу қызметінің басы-қасында жүргенін көріп риза болдық. Бізге негізінен толтырылған оттегі баллондарын көлікке тиеу және бос баллондарды түсіріп алу міндеті жүктелген. Күніне 500 дана толтырылған баллонды жүктеп, 500 дана бос баллонды түсіріп аламыз. Айтуға оңай болғанымен 80 келілік баллонды көлікке тиеу дегеніңіз оңай жұмыс емес. Дегенмен бұл жұмысқа өз еркімен келген біздің ұйымның 5 мүшесі қиындыққа мойымай жігерлілік таныта білді, – дейді облыстық «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының жетекшісі Дулат Әбсамат.

Дауасыз дерттің ырыққа көнбей тұрған шағында қара жұмысқа жегіліп, жүздеген науқастың «екінші» тынысын ашып жүрген жастардың ісіне қарап сүйсінбеске шараң жоқ. Мағжан сенген өрендердің елге қызметтің жанқиярлық үлгісімен замандастарына үлгі болып жүргені де қуантады. Лайым халық қызметіне қажыр-қайратын сарқа жұмсайтын жастардың қатары қалың болғай!

Шынболат Күзекбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.