Жалын

«Жас сарбаздың» жұмысын әлі де жүйелеу қажет

Written by Aray2005

Өткен жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысы құрылып, елімізде әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту жауапкершілігі жүктелді. Көп ұзамай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта «Жас сарбаз» қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің тәрбиеленушілерімен кездескен Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі де жас ұрпақтың баянды болашағы үшін екенін жеткізді.

Cонда Елбасы еліміздегі жас буынды «Жас сарбаз» қозғалысы мүшесінің қатарына қосылуға шақырып: «Жас сарбаз» қозғалысы еліміздің барлық өңірінде құрылуы тиіс. Еліміздегі жастар осы қозғалыстың қатарынан табылуы қажет. Сондықтан дене шынықтырумен айналысып, әскери мамандықтарды игерген жөн. Бұл қозғалыс Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, патриоттар тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысуы керек. Сонда ғана сіздер өз халқыңыздың тірегіне айналасыздар», деді.
Елбасы қойған міндеттер мен тапсырмаларды орындау мақсатында Қорғаныс министрлігімен бірге «Жас сарбаз» қозғалысының республикалық және өңірлік деңгейлердегі іс-шараларының жоспары бекітіліп, аймақтарда қозғалыстың филиалдары ашыла бастады. Алғашқылардың бірі болып облысымызда да филиалы ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен және «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиевпен арнайы кездесіп, үшжақты меморандумға қол қойды. Бес жыл мерзімге жасалған меморандум аясында тараптар жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі саласында және әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттаудағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасауға келіскен-ді.
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысының облыстық филиалының төрағасы Дулат Абдусамит өңірдегі барлық мектепте жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында клубтар құрылғанын, бүгінгі таңда облыс бойынша қозғалыстың 13 500 мүшесі бар екенін жеткізді.
– Жалпы, «Жас сарбаз» қозғалы­сының басты мақсаты – барлық өңірле­ріміздегі жас қазақстандықтарға өз әлеуеттерін жүзеге асыруына жәрдем­десу, оларға өршіл батырларымыз үлгісінде патриоттық тәрбие беру, бойларына Отанға деген сүйіспеншілікті егу, рухани кемелдікке алғашқы қадамын жасауына септесу. Облыстық филиал бүгінгі таңда жүктелген жауапкершілік жүгін мүмкіндігінің жеткенінше көтере біліп, сенімге селкеу түсірмеуге тырысып бағуда. Жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында облыстық деңгейде, аудандарда түрлі шаралар өткізіліп, жобалар жүзеге асырылуда. Жастарымыз республикалық аламандарға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүр,– дейді Дулат Ержанұлы.
Облыстық филиал төрағасымен кездесіп, әңгімелесу барысында «Жас сарбаз» қозғалысының өңірдегі жұмысын жүйелеп, жандандыруда кедергінің көп екеніне көз жеткіздік. Ең біріншіден, қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр. «Даңқ» залынан берілген арнайы жұмыс бөлмесінің де керек-жарақпен жабдықталмауы жүйелі жұмыс жүргізуге кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар «Жас сарбаз» мүшелері бекітілген киім үлгісімен де (форма) толықтай қамтылмаған.
Ал Тараз қаласы әкімдігі Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатов бар мәселе қаржыда, формада немесе кеңседе емес, ең маңыздысы қозғалыстың әкімшісі (облыс әкімдігі білім басқармасы) тарапынан ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінде екенін айтады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы басқаратын тәуелсіз үкіметтік емес ұйым «USAID» қоры Орталық Азия жастары арасында «Соғыс бола қалған жағдайда еліңді қорғауға дайынсың ба?» (соғыстың бетін аулақ қылсын) деген сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысына сүйенер болсақ, Өзбекстан мемлекеті жастарының 80 пайызы, ал Қазақстан жастарының бар-жоғы 15 пайызы ғана өз елі үшін басын бәйгеге тігуге дайын екендігін білдірген. Сауалнама нәтижесінен қандай ой түюге болады. Яғни Отанын шексіз сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге қазірден айрықша назар аудармасақ, кейін кеш болып қалуы мүмкін. Қынжылтатын тағы бір мәселе, «Алғашқы әскери дайындық» пәні бұрын мектептерде 250 сағат болатын. Ал қазір 150 сағатқа азайтқан. Көбейтудің орнына, керісінше кемітіп отыр. Сонда елді қорғайтын, қалқан болатын азаматтар керек жоқ па? Біздің бабаларымыз ел мен жер үшін жанын қиып, қанын төкті. Қазақта «білектің күшімен, найзаның ұшымен» деген сөз тіркесінің қалыптасуы сол батыр бабаларымыздың қайтпас өмірлік ұстанымын паш етеді. Енді осы бабаларымыздың бойындағы ерлік дәстүрді жастарымыздың бойына қалай сіңіреміз деген ой мазалайды.
Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған «Жас сарбаз» қозғалысы өскелең ұрпақтың бойында мемлекетшілдік, патриоттық сезімдерін қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Әрине, егер тапсырма аясында тиянақты жұмыс жүргізе алсақ. Өкінішке қарай, Тұңғыш Президент тапсырмасына сай өзге өңірлерде қозғалыс филиалдары қарқынды жұмысқа әлдеқашан кірісіп кетсе, біз жайсабарлық пен жайбарақаттық танытып әлі жүрміз.
Әлдекімдерді кінәлап, қаралағым келмейді. Бірақ дәл осы қалпымен жалғаса беруіне жол беруге болмайды. Әрі-беріден соң Елбасы Жолдауы туындатқан міндеттерді созбақтамай, мүлтіксіз орындау қажет емес пе? Сол себепті облыс әкімдігі білім, жастар басқармалары «Жас сарбазға» жанашырлықпен қарап, көңіл аударса, кемшіліктерді түзеуге әлі де кеш емес,– деген Нұрлан Қанатов қазіргі таңда «Жас сарбаз» қозғалысы облыстық филиалының төрағасымен бірлесе жұмыстар жүргізіп жатқанын айтады.
– Дулат Ержанұлы облыстық филиалдың жұмысын жандандыру мақсатындағы алдағы жоспарларын айтқанда қуана-қуана қолдайтынымызды айтқанмын. Бүгінгі таңда бір мақсатта бірлесіп жұмыс істеудеміз. Әсіресе облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Молдиярұлымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаудамыз. Облыстың бас полицейі жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын терең сезініп, кез келген жағдайда қолдау білдіруге дайын екендіктерін білдіруде. Алдағы уақытта полиция департаментімен бірлесіп, «Жас сарбаз» қозғалысының аясында «Жас инспектор» жобасын қолға алғалы отырмыз, – дейді Нұрлан Қанатов.
Ал облыс әкімдігі білім басқармасының ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының ғылыми қызметкері Ізбасар Есболов ағымдағы жылы «Жас сарбаз» қозғалысының жұмысына қаржы бөлінбегенін, сондықтан да қоғамдық негізде жұмыс істеп жатқанын айтады. Осы ретте айта кетсек, кеншілер астанасы Қарағанды облысында «Жас сарбаз» қозғалысының облыстық филиалына бір жылға 74 миллион теңге бөлінген екен. Міне, осы қаржы көлемінен-ақ қарағандылықтардың Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмаға қаншалықты көңіл бөліп отырғанын аңғаруға болады.

Талғат Нұрханов

ПІКІР