Жастар.kz

Жас түлектер жарқылдайтын сәт жақын

Мектеп бітіру кештері бәсекеге айналмаса игі 

Ертең еліміздің барлық мектебінде кезекті оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау соғылады. Осылайша бала біткен асыға күтетін жазғы демалыс басталады. Алайда, мектеп түлектеріне қуануға әлі ерте. Өйткені, алда Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы күтіп тұр. Облыс әкімдігі білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңірде биыл оқу жылын аяқтайтын 214 мың 599 баланың 9 мың 611-і 11-сыныпты бітіреді екен. Оның ішінде 241 бала – «Алтын белгіден», 194-і «Үздік аттестаттан» үмітті. Арман қуып алысқа қанат қаққалы отырған бұл түлектерден қоғам үлкен үміт күтеді.

Сағадиев салтанатты шараға қарсы емес

Бір айта кетер жайт, соңғы қоңырау соғылғаннан кейін, жылда қала көшелерінде кеудесін қиғаштай көкшіл лентамен орап, ұзындығы есік пен төрдей «Лимузинге» мініп алып, шаштары желбіреп кетіп бара жататын жастарды көзіміз шалып жатады. Олардың кейбіреулері шетел автокөлігінде жер дүниені басына көтеріп, ысқырып, улап-шулап, ерсі қылық танытудан да тайынбайды. Сондай кезде жаңа өмірге жолдама алған жастардың алдағы тағдыры тайталас пен текетіреске, айқай-шуға толы болмаса екен деп те тілейсің іштей. Десе де, мектеп бітіру кешін шоуға айналдыруға жаны құмар жастардың елірме қылығы биыл да көрініс табуы мүмкін бе?
Негізінен, осыдан бірер күн бұрын еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектеп бітірушілердің «Лимузинмен» қыдыруы және қыруар ақша жинап, мектеп бітіру кешін шоуға айналдыруы дұрыс емес екенін, десе де, оқушылардың арайлап атқан таң шапағын қарсы алуына, мектеп бітіру салтанатын өткізуге тыйым салуға қарсы екенін де айтқан болатын. Бұл ұшқан ұясымен және кішкентайынан білім бағына жетелеген ұстаздарымен бітіруші түлектердің жер-дүниені даңғаза қылмай, кеш өткізуіне болады деген сөз.

Аттестат тапсырғаннан кейінгі әңгіме ата-аналар құзырында

Әйтсе де, біз осының анық-қанығына көз жеткізу үшін және түлектер қоштасу кешін қашан, қалай атап өте алатынын білмек мақсатпен облыс әкімдігінің білім басқармасына бас сұқтық. Аталған басқарманың бас маманы Жанна Қалыбаеваның айтуынша, жас түлектер ҰБТ тапсырып, қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін, 15 маусым күні барлық орта мектепте салтанатты түрде аттестат тапсырылады екен. Ал, ата-аналар ортадан ақша жинап, балаларына қоштасу кешін ұйымдастырып береміз десе, аттестат берілген сәттен бастап құқылы көрінеді.
– Биыл облыс бойынша 9 мың 611 бала 11-сыныпты бітіргелі отыр. Олар 28 мамыр-8 маусым аралығында қорытынды аттестаттаудан, яғни 5 пән бойынша мемлекеттік емтихан тапсырып, 15 маусымда аттестатқа ие болады. Аттестат тапсыру рәсімі тек орта мектептерде ғана өткізіледі. Егер ата-аналар мектеп бітіруші түлектер үшін қоштасу кешін өткізетін болып ұйғарым жасаса, тиісті білім беру мекемелері аудандық немесе қалалық білім бөлімдеріне, ал аталған білім бөлімдері жергілікті жердегі ішкі істер бөліміне хат жолдауы тиіс. Бұл қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін қажет. Жалпы, екі жылдан бері түлектер кешін ұйымдастыру ісіне мұғалімдер араласып жүрген жоқ. Биыл да біз өңірдегі барлық мектептерге түлектердің мектеп бітіру кешін өткізу үшін ақша жинауға болмайтынын ескертіп, хат жолдап қойдық, – дейді Жанна Ыбышқызы.

Ақша болса, «Арашты» шақыруға болады

Дегенмен, бүгінде кейбір 11-сынып оқушылары салтанатты кешке өзара қызу дайындықты әлдеқашан бастап кетіпті. Ал, журналист Ақбота Батырбекова мұндай жағдайда ата-ана арасындағы теңсіздік ескеріле бермейтінін айтады.
– Мен Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназияның түлегімін. Мектепті үздік бітіргендігімнен шығар, ата-анам ойымдағы көйлекті қымбат бағаға Алматы қаласынан сатып әперді. Шашым мен бетімді әрлеуге тағы да шығынданды. Себебі, сыныбымда өңшең бай-бақуаттылардың балалары оқыды. Ал, мен қарапайым құрылысшының қызы едім. Намысқа тырысқан ата-ана баласынан аянып қала ма?! Осылайша, мектеп бітіру кешіміз шаһардағы ең үлкен «Мөлдір» мейрамханасында өтті. Аспанға шар ұшырып, «Лимузинмен» де қыдырдық. Сол күні 2-3 көйлек ауыстырғаным есімде. Осыны көріп өскен інім Мадияр Батырбек те замандастарынан қалғысы келмей, сыныптастарымен дайындықты қыс мезгілінен бастап кетті. Ол №35 мектепте оқиды.
Тегінде, не нәрсе болса да, біз мектеп пен мұғалімдерді кінәлап жатамыз. 15 мамырдағы жалпы ата-аналар жиналысында да мектеп басшылығы дүркіретіп той жасау қажет еместігін ескерткен-тін. Алайда, оны тыңдайтын бала, ата-ана бар ма? Осыдан кейін, жас түлектердің кешін тоқтатуға мектеп директоры да қауқарсыз екеніне көзім жетті. Ата-ана балам сенімімді ақтасын, қатарынан қалмасын деп, ұлан-асыр той жасап беруге мәжбүр. ҰБТ-ға дайындалып жүргенде, баламның жүйкесіне салмақ түспесін деп те ойлайтын шығар. Мәселен, біз інімнің айтқанын істемесек, ол бөлмесінің есігін «тарс» жауып алып, шықпай қояды. Қазір шамамен 30 мың теңгеден жинап жатырмыз. Одан бөлек інім Алматы қаласындағы «MEGA» сауда орталығынан киінбекші. 1 800 теңгеге аты-жөні және «Жас түлек – 2018» деген жазуы бар лентаны Ақтөбе қаласынан арнайы тапсырыспен алдырды. Киімінің өзі 30 мыңнан асып жығылатын түрі бар. Мейрамхананы әлі таңдап үлгерген жоқпыз, бірақ әр орын 5 мың теңгеден деп шешіліп қойды. Керек десеңіз, кейбір ата-ана салтанатты кешке әлемге әйгілі әнші Арашты да шақыруға бейіл, – дейді ол.

Ауылдағы ағайын не дейді?

Қалада оқитын оқушылардың мына дайындығы еріксіз бас шайқатты. Біз ауыл мектептерінің де түлектерінің тіршілігін білмек мақсатта Талас ауданы, Қызыләуіт ауылында орналасқан М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектепке хабарластық. Биыл бұл мектепті 16 оқушы тәмәмдамақ. Сынып жетекшісі Тұрсынкүл Рысбаева ата-аналар аста-төк той жасамай, есте қаларлықтай әсерлі кеш ұйымдастырып, оған қонақ ретінде шақырса бас тартпайтынын жеткізді. Сондай-ақ, екі жылдан кейін зейнетке шығатынын, ұстаздық өмірінде осымен алтыншы мәрте қарлығаштары қияға қанат қаққалы жатқанын айтып берді.
Осы ауылдағы ата-ананың бірі Зерхан Стамқұлова түлектердің бітіру кешін ауылда, ата-аналардың бірінің үйінің ауласында «палатка» құрып, атап өткелі отырғандарын сөз етті.
– Менің Боран деген ең кенже перзентім мектеп бітіргелі жатыр. Сол секілді бала біреудің бетіне қарап отырған жалғызы, біреудің тәтті немересі. Сондықтан, ата-аналар ақылдаса келе, ауылда кеш өткізуге ұйғарым жасадық. Алдағы күндері нақты кімнің үйінде өтетіні белгілі болады. Әр ата-ана жинауы тиіс қаражат көлемі 10 мың теңгені құрады. Бастауыш сыныпта оқытқан мұғалімдер мен сынып жетекшілеріне беретін сыйлығымыз осы қаражаттың ішінде. Балам мектепті үзік бітіргелі жатыр. Жалпы, ауылдың қарадомалақтары «ананы-мынаны әпер» деп қиғылық салатындардың қатарынан емес. Соның өзінде әкесі екеуміз ұмытылмас сәтке орай жеңіл-желпі киіндіруді көздеп отырмыз, – деді Зерхан Әшірқызы.
Зерхан апаның айтқаны рас болса, ауылдағы ақша жинау үрдісі қалалықтарға қарағанда иман таразылау екен. «Бақытты өмір болмайды, бақытты сәт қана болады» дейді халық даналығы. Бастысы – жас түлек үшін ең бақытты сәт қоштасу кеші емес, оның ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, қалаған мамандығының иесі атану. Жоғары оқу орнын да жақсыға тәмамдап, жұмысқа орналасу. Десе де, біз бітіруші түлектердің кешінің дұрыс ұйымдастырылуын, олардың қауіпсіздігін мектеп әкімшілігі мен ата-аналар мен учаскелік полиция инспекторлары жіті назарда ұстаса екен дейміз.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР