«Жас Ұлан» – жарқын болашақтың иесі

0 0

2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған «Жас Ұлан» ұйымының бүгінгі жұмысы жүйелі, жоспары жұмыр. Еліміздегі республикалық қозғалыстар арасында ауқымдысы, әрі мүшелері көп ұйымның құрылғанына биыл 9 жыл болады. Осы уақыт ішінде ұйым біршама айтулы істерді атқарып та үлгерді. Көпшілік шаралардан бөлек, танымдық-ақпараттық, әлеуметтік бағыттарда да тың жобалар көтеріп, өз істерімен көпке үлгі болып жүр. 170 мыңға жуық мүшесі бар өңірдегі «Жас Ұлан» ұйымы Елбасының бастамасын қуаттап, игі істерді жалғастырып келеді. Нақтырақ айтқанда, былтыр Жастар жылында айтарлықтай үлестерін қосса, биылғы Волонтер жылында да тындырымды тірліктерімен көзге түсуде.

Бүгінде облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына жетекшілік ететін Айжан Алебаеваның айтуынша, мектеп қабырғасынан бастап, аудандық, қалалық, облыстық деңгейде жыл сайын республикалық «Жас Ұлан» ұйымы және облыстық білім басқармасымен келісіп, жұмыс жоспары бекітіліп, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады екен. Ұйымның ережесіне сәйкес, мектеп, аудан, қала және облыс ұланбасының сайлауы өткізіліп, тапсырмалар бекітіледі. Ұйымға оқушыларды қабылдау жылына үш рет жүргізіледі. Бұл рәсім 6 шілде – «Жас Ұлан» ұйымының құрылған күні мен Елорда күніне және 16 желтоқсан –
еліміздің Тәуелсіздік күніне, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылады.
Биыл елімізде Президент пәрменімен Волонтер жылы жарияланып, жастарға үлкен сенім артылғаны мәлім. Осы орайда жасұландықтар да Еріктілер жылына өз үлестерін қосып жатыр. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Birgemiz: Asyl мura» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыруды қолға алған. Өңірде аталған жоба аясында «Волонтерлерді қолдау орталығы» ашылды. Мұндағы негізгі мақсат – тарихи-мәдени мұраны сақтау, насихаттау саласында волонтерлермен жұмыс істеу, волонтерлердің басын қосып, оқыту және шеберлік сағаттарын өткізу болып табылады.
– Орталықтың жұмысы халық арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған. Облыстың тарихи-мәдени мұраларына қызығушылық танытатын волонтерлер орталыққа келіп, ақыл-кеңеске жүгіне алады. Өздеріңізге белгілі 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы рухани мен тарихи орындарға бай, жері құнарлы, табиғаты көркем қала. Тарихтың даму барысында өзіндік ерекшілігі бар ежелгі мәдениет ошақтарының біріне айналды. Бүгінгі күнге дейін облысымыздың тарихи мәдени мұраларын насихаттауға, сақтауға қызығушылық танытқан 200-ге жуық ерікті орталықтың мүшесі атанды. Сондай-ақ аталған бағыт бойынша бүгінгі күнге дейін үйлестірушілер мен жаттықтырушыларға арналған оқытулар өткізілді. Алдағы уақытта волонтерлерге арналған семинар-тренингтер, оқу курстары өз жұмысын бастамақ. Тарихи және мәдени орындарға экскурсия жүргізетін гид-волонтерлерді дайындау және «Мәдени мұра» нысандарына мониторинг жүргізуге еріктілерді тарту, дайындау осы жылдың маусым және қараша айларында жүзеге асырылатын болады. Облысымызда іріктелген волонтерлер арасында түрлі байқаулар өткізіліп, үздік еріктілерді анықтайтын боламыз. Аталған бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізу үшін, үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтармен меморандумдар жасалынды, – дейді Айжан Ортайқызы.
Әлбетте волонтерлер жылында қиындықтарға қарамастан жасұландықтардың атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалауға болады. Бұдан бөлек олар Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында «Кемелді келешекке – кемеңгер Елбасымен!» атты «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшылары арасындағы облыстық форумы дәстүрлі түрде 3 жыл қатарынан өткізіп келеді екен. Форум аясында оқушылар облыстағы бірқатар танымал азаматтармен кездесіп, өмірлік тәжірибелерімен танысқан. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Аймақтағы «Жас Ұлан» ұйымы облысымыздағы барлық мектептерімен, тәлімгерлерімен және үйлестірушілерімен үнемі тығыз байланыста жұмыс атқарады. Ұйымның нақты міндеттерін орындап, алдағы уақытта әлі де жұмысты жандандыруды мақсат етеді. Өңірдегі аталған ұйым республикадағы үздіктер қатарында екендігін айта кеткен жөн.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.