"Көңілашар" Мәдениет

«Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс»

Written by Aray2005

Тараз қалалық Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде қазақ әдебиетінде өшпес орны бар, ұрпағына асыл мұра қалдырған Абай Құнанбаевтың есімі ардақталып, көркемсөз оқудан сайыс өтті.

Бұл байқаудың мақсаты – қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, қазаққа аты мәшһүр ақын-жазушылардың шығармашылығы арқылы рухани бірлікті нығайту және отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, ұлттық мәдениет пен өнерге, әдебиет пен тілге деген ықыласты арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту. Игі дәстүрге айналған шара бұған дейін өзге ұлт өкілдерінің арасында тұрақты түрде ұйымдастырылып келген. Биыл қазақы ортаға арналды.
Айта кету керек, бұл сайыс һакіммен қатар Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтың 125 һәм Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай, аталған қаламгерлердің шығармашылығына да арналды. Қош, сонымен байқау басталды. Оған Махамбетше айтқанда, «Онымыз атқа мінгенде, Жер қайысқан қол едік!» деп, қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждерден 10 үміткер қатысты. Оларға көне шаһардағы Абай атындағы мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Илебаева, театр саласының ардагері Ерсін Қалыбаева, облыстық «ARAI» газетінің мәдениет бөлімінің редакторы Нұржан Қадірәлі қазылық етті.
Жалпы, қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары деп айтуға болады. Олардың арасында облыстық байқауларда бақ сынап жүрген дарынды жастар да бар. Сонымен, екі кезең бойынша үміткерлер кезекпен сахнаға шығып, жоғарыда аталған қаранар қаламгерлердің прозалық, поэзиялық туындыларын жатқа айтып жарысып кетті. Үзеңгі қағыстырып, құйрық тістесіп шапқан тай-құлындай таланттар әрбір туындыны мүдірмей, образға барынша еніп, нақты, түсінікті жеткізе алды. Әрқайсысы да «сен тұр, мен атайын» дейтін жастар екеніне көпшілік куә. Бұл тұрғыда оларды додаға дайындаған ұстаздардың да еңбегін айта кету керек.
«Жүйріктен жүйрік озар жарыстырсаң» деп, бүгінгідей жастардың санасына сіңіп, тамырлап бара жатқан ғаламтор ғасырында кітап парақтап, әдебиет өкілдерінің әдеби шығармаларынан әсер алып өскен үміткерлердің арасынан топ жарып, аузымен құс тістеген сөз сәйгүліктері де табылды. Еш мүдірместен құлаш-құлаш шығармаларды жатқа айтып, туындының ойын, шынайы көрінісін, ондағы кейіпкерлердің бар болмысын асқан дәлдікпен шебер жеткізген Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ерлан Нұрланов байқаудың бас жүлдесін жеңіп алса, лирикалық шығармаларды лайықты жеткізіп, тау бұлағындай сыңғырлаған үнімен көпшіліктің жүрегін жаулап алған осы оқу ордасының тағы бір студенті Диана Әлімбаева І орынды иеленді. ІІ орынды қанжығаға байлаған Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Зейнулла Болатбек зор, бояуы қанық, драмалық даусымен халықтың назарын өзіне ерекше аудара білді. Зейнулла болашақта нағыз актер болатын шеберлігін көрсетті. Ал Жамбыл инновациялық колледжінің студенті Ақшуақ Қиялбек салмақты шығармаларды салиқалы сомдап, көрермендердің көңілін тебірентіп, жүлделі ІІІ орынды олжалады. Қалған алты үміткер де алғыстан құр қалған жоқ. Байқау соңында жеңімпаз бен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар һәм грамоталармен марапатталды.

Айсана НҰРБАП

ПІКІР