Латын әліпбиі

Жасампаздықтың жарқын жолы

Written by Aray2005

Қазіргі таңда қоғамда қызу пікірталас тудырып жүрген өзекті мәселенің бірі – қазақ жазуының кириллицадан латын әліпбиіне көшуі. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында он жылға жуық уақыт қолданылған латын қарпін заман талабына сай қайта жаңғырту – нағыз құптарлық шешім. Бәрімізге белгілі, Әзірбайжан, Өзбекстан сынды көршілес мемлекеттер тәуелсіздік алысымен-ақ латын әліпбиіне көшті. Осы тұрғыдан қарағанда еліміз біршама уақытқа ұтылғанымен, «ештен кеш жақсы» екендігін де ұмытпағанымыз жөн.

Әрине, 80 жылға жуық қолданған әліпбиден латын әліпбиіне түбегейлі көшу оңай іс емес. Осы орайда саясаттанушы Ерлан Сайыровтың мына бір пікіріне тоқтала кеткім келеді: «Латын әліпбиі не үшін керек? Ол –
көптеген рухани «фобияларға» иммунитет. Иммунитет үшін вакцина енгізген кезде кім болса да басында ауырады. Бірақ ол кезең де өте шығады. Өткеннен кейін организм көптеген ауруға төзімді келеді. Біздің латын әрпіне қарасты ой-пікірлерімізді медициналық ұғымда осылай бейнелеп айтуға болады. Сондықтан нақты ұсыныстарды беріп, ғалымдардың ортасына салып, шешім шығарып, бұл мәселені мәңгілікке жауып тастауға тиіспіз. Латын әрпі – біздің болашағымыздың кепілі! Бұл – аксиома!».
Жалпы, латын қарпінің қажеттілігі неден туындады? Жаңа әліпби бізге не береді? Осы тәрізді өзекті сауалдарға жауап беру үшін латын әліпбиінің мынадай артықшылықтарын атап өткім келеді. Біріншіден, латын қарпіне көшу арқылы біз бүкіл түркі халықтарының ортақ жазуға көшу ұстанымын құптаймыз. Екіншіден, компьютерлік бағдарламалардың үнемі жаңарып отыратындығын ескерсек, 42 әріптік кириллицаға орасан зор қаражат жұмсағаннан гөрі, 26 әріптік латын қарпіне шығындалу әлдеқайда ұтымды. Үшіншіден, латын әліпбиі адамдардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттырады. Төртіншіден, латын әріптері өз аталуында берілгендіктен, шетелдіктердің қазақ тілін үйренуі әлдеқайда жеңілдейді. Бесіншіден, латын таңбалары тілімізде белең алған орыс әріптеріне тосқауыл болары сөзсіз. Оған қоса дүниежүзіндегі ақпараттың 70 пайыздан астамы латын әліпбиінде таратылатынын айта кеткеніміз жөн. Демек, мемлекетіміздің әлемдік ақпарат кеңістігіне енуіне тамаша мүмкіндік туып тұр.
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам», – деген еді. Сондай-ақ ТМД аумағында кириллица, Қытайдағы қандастарымыз төте жазу, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданып келе жатқанын, сөйлескенде тіліміз бір болғанымен, оқығанда үш түрлі екенін, сол себепті бір-біріміздің жазуымызды түсіне алмай жүргенімізді, ал бұл жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алыстататынын ескертеді. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында және жазуымызды ғылым мен техникаға үйлестіру үшін де латын графикасының оңтайлы болатынын ескерткен еді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, «бүгінгі қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек». Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайтынын, ол өз алдына үш мәселені қамтитындығын айта келе, «үш мәселе – дыбыс, әліпби және емле-ереже: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы, әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары, емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері». Сонымен қатар әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың ең төте жолы болып табылатынын, егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тілбұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалатынын ескертеді.
Латын әліпбиіне көшу жасампаздыққа ұмтылған халқымыз үшін берері мол игі жоба десек, артық айтқанымыз емес. Бұл бастаманы ана тіліміздің қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге, мәртебесін көтеруге, ұлттық сананың қайта жаңғыруына мүмкіндік деп түсінуіміз керек. Сонымен бірге латын қарпін қабылдау арқылы дамыған өркениетті елдердің қатарына қосылып, түркі әлемінің ішкі рухани, мәдени тұтастығын қамтамасыз етуге өз үлесімізді қоса аламыз. Ең бастысы – тіліміздегі басы артық кірме сөздерден арылып, орыс тілінің ықпалынан еркіндікке шығатын боламыз. Ендеше, әлемдік жаһандану үдерісіне қосылып, дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақ әлемінің рухани тұтастығын қамтамасыз ету үшін де латын әліпбиіне көшу – маңызды шешім.

Раушан ШОРТАНБАЕВА,
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Сарысу ауданы

ПІКІР