Жастар – үміттің жанған шырағы

0 10

«Жастықтың оты арындап,
Тас қияға өрледің…», деп Абай атамыз айтқандай, өскелең ұрпақтың жастық шағы – бойында жалыны мен қуаты тасып тұрған шағы. Жақсылық та адам бойында бала кезінен қалыптасатыны белгілі. Тегінде адам сәби кезінен дүниеге келе салып, әр нәрсені білуге, үйренуге, тануға талпынады.

Жастық шағымыз – дүниенің тылсым сырын танып-білуге, білім мен ғылымның сан қырлы тетіктерін меңгеруге арналған уақыт. Бұл кез – ерлік жасайтын, келешекке сатылай көтерілетін алғашқы баспалдақ. Дәл осы баспалдақта, дәл осы шақта жастар бақытын оқудан, еңбектен, ғылымнан, қалтқысыз қызмет етуден таба алатынын түсінеміз. Сондықтан да әрбір жас жалқаулыққа ұрынбай, оқып, ізденіп, қөздеген мақсатына жетуге талпынуы тиіс.
«Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – өмірге құштарлық. Бұл – әрі лирика, әрі романтика. Бұл – болашаққа үлкен-үлкен жоспарлар құратын уақыт. Бұл – перспектива атаулының бастауы» деген болатын түрік әдебиетінің көрнекті өкілі Назым Хикмет. Шындығында, қай қоғамда өмір сүрсек те, бүкіл адамзаттың келешегі жас жеткіншектердің тәрбиесі мен өсіп-жетілуіне, кемелденуіне байланысты. Сондықтан қай кезде де жастарға бойкүйездік, тоғышарлық жараспайды. Қайта үйренсем, білсем деп ұмтылып, әр істе төзімділік көрсетіп, көкірегі ояу, көңілдері сергек болу жарасады. Жастық шақ даналықты игерер, нағыз ерлік жасар кез.
Мен жастарға «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шақырады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер!» дер едім» деген екен академик жазушы Ғабит Мүсірепов.
Бүгінгі ұрпақ – елдің болашағы. Әрбір мемлекет, тіпті, ұлы держава атанған елдер де әрдайым жастарға үлкен үміт артып, күш-жігері мен ақыл-ойын пайдаланып отырған.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі М.Сералин:
«Жас күнің – өнер іздеу, нақ дер шағың,
Халқыңның ойлай берші оңар жағын», – деп толғанған. Кезінде бұдан да басқа елім деп еңіреген біртуар азаматтарымыз егемен еліміздің көсегесін көгертіп, алпауыт елдердің қатарына қосатын, ертеңгі елдің тірегі бүгінгі жастар деп ұлт ұрпағына зор үмітпен қарады. Сондықтан жастардың мойнына қай кезеңде де үлкендердің үкілі үміті мен қоса жауапкершілік жүгі артылып, Отанымыздың зор сенімін ақтау жүктеліп отыр.
Әрбір адамның болашақ туралы ойы, болашаққа арнап құратын жоспарлары жастық шақтан басталады. «Адамда нағыз адам болудан басқа мақсат болуы мүмкін емес» дейді ғұламалар. Адамның тер төгіп атқаратын қызметі, яғни оның жас шағында алатын білімі, тәрбиесі және басқа да құндылықтары оның адам болып өсуімен сабақтасып жатыр.
Сан арман мен ұлы мақсатты арқалаған менің де діттегенім – білікті журналист болып, еліме қызмет ету. Әр жазған мақалам арқылы отансүйгіштікті, салт-дәстүр мен дінімізді дәріптеп, қағазым мен қаламым арқылы мынау арпалысқан дүниеде халыққа қорған болу, үміті сөнген жандардың жүрегіне жылу сыйлау. Қоғамдағы қордаланған түйткілді мәселелердің шешілуіне баспасөз арқылы қозғау салу.
Бүгінде еліміздің тарихи беттері тәуелсіз елдің жас түлектерімен, өр мінезді өрендерімен ашылуда. Ел ертеңі бүгіннен бастау алады десек, болашақтың тізгінін ұстау үшін жақсы білім алып, елімізді биік белестерге жетелейтін азамат болуға талпынуымыз керек. Менің осы үдеден шығу – ұлы мақсатым.

Жалғас АБЕНОВ,
Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің ІІ курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.