Мәдениет

Жастар басылымы жасай берсін!

Бүгінде алғашқы мүшел жасына аяқ басқан «ARAI» газетінің тағылымды тарихы, бағдарлы бағыты бар. Міне, осынау батыл басылымның алғашқы бас редакторы болу бақыты біздің бағымызға бұйырыпты. Әрине, бәрі де айтуға оңай. Бірақ, ақпарат айдынына жаңадан қосылған жас газетті қалыптастыру, оның жұмысын жолға қою оңай шаруа емес екенін ойлы оқырман түсінеді.
2005 жылы облыстық «Ақ жол» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Мені сол кездегі облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Масат Берік шақырып, аймақта жастар газетінің ашылғалы жатқанын, бас редакторлыққа таңдаудың маған түсіп тұрғанын айтты. Мен ойланып, келістім. Жастар газетін қалай жасаймыз деп кеңестік. Сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембинге газеттің тақырыптық бағытын жастарға, өнерге, поэзияға, әдебиетке бұрсақ деген ұсынысымызды жеткіздік. Себебі, «Ақ жол» газетінде ол тұста көбіне саяси, экономикалық бағыттағы материалдар жиі жазылатын.
Жалпы, газетте өзіне тән мінез болу керек. Біз албырттық мінезбен, жастық жігермен қоғамдағы жайттарға үн қоссақ дедік. Алғашында штат та, арнайы ғимарат та болған жоқ. Соған қарамастан жұмысты бастап кеттік. Материалдарды жинадық. Облыс жастарының газеті болғандықтан, өскелең ұрпаққа өнеге болардай, қоғамға, билікке, өмірге айтарларын кең ауқымда жеткізе алардай болуы үшін, алдымен Арды ту қылып ұстасын, арлары да, жүректері де, ойлары да Айдай таза, кең болсын деген ниетпен газеттің атын «Ар-Ай» деп қос сөздің бірігуінен қоюды ұсындым. Бұл ойым Ішкі саясат басқармасынан да, облыс әкімдігінен де қолдау тапты. Қызметкерлер 2-3 айдай жалақысыз еңбек етті. Газет бетінің әрлеуін шебер жасау үшін нағыз маман дизайнер қажет болды.
Басылымның материалдары әуелде тамыз айында жоспарланып басталғанымен, әлі газет басылып шыға қойған жоқ еді. Қатарымызға фототілші Алтынбек Қартабаев келіп қосылған болатын. Өз ісін жақсы білетін дизайнер іздегенімізде Алтынбек бізге Асыл Қартабаева есімді қарындасын әкелді. Асыл расында да шебер дизайнер болып шықты. Оның жұмысы бәрімізге де ұнады. Тіпті, оның өз үйінде компьютері де бар екен. Содан «АRAI»-ға ғимарат пен қажетті құралдар берілгенге дейін біз газетті сол Асылдың үйінде жасадық. Газетіміз әлі жас, көпке танылып, оқырмандар тарапынан әлі де өз орнын алып үлгермеді демедік, Шерхан Мұртазадай қарымды қаламгер, атпал азаматтан сұхбат алып, алғашқы нөмірлерінің біріне жарияладық.
«АRAI» аз уақытта-ақ талантты жастардың құтты шаңырағына айналып шыға келді. Жас журналистерді тартып, өзіміз даярладық. Алғашқыда Азамат Есалы, Марат Құлибаев, Гүлнұр Ембердиева, Хамит Есаман, Есет Досалы, Ерлан Жүніс, Өркен Кенжебек секілді жас таланттар келді. Олардың ізіне еріп Жұлдыз Бейсекова, Табиғат Абаилдаев, Нұрболат Әлдибеков, Саятхан Сатылғанов, дизайн жағына Маржан Өсерова, Ғани Сүгірәлиев секілді жалынды жастар қосылды. Ол кезде орыс тілінде де ақпараттар беріп тұрдық. Осы бағытта журналист Бақытжан Оспанов орынбасарым болып, жұмысты бірге бастадық. Б.Оспанов жаңадан жұмысын бастаған мекеменің барлық құжаттарын реттеді. Осылайша газеттің алғашқы нөмірі жарыққа шықты.
Ол кездерде жаңадан ашылған көп басылымдар ұзаққа бармай жабылып қалып жататын. Ел бізді де солай ойлады. Бірақ, мен бағыты айқын «АRAI»-дың болашағы жарқын боларына сендім. Өйткені, бізді әкімдік қолдады.
Журналист жастардың баспасөз туралы түсінігін қалып­тастыру ниетімен белгілі жазушы Әлдихан Қалдыбаев ағаны кеңесші ретінде шақырдым. Қарымды қаламгер күнара келіп, газет шарттарын, қиындықтарын түсіндіріп жүрді. Тілшілердің сауаттылығын арттыру үшін арнайы мұғалім жалдап, тыныс белгі, емлелерді

қайтадан оқытып, ережелерін жаттаттым. Есесіне барлығы мықты маман болып жетілді. Ән айтып, би билеуге, айтысып, өнер арқылы интеллектуалды өсуіне ықпал жасадым. «Өнер – адамдар жүрегіне асыл қасиет егеді» дейді ғой. Қазір сол жастарды көріп іштей тәуба деймін. Біздің жергілікті баспасөз кеңістігінде жүрген осы азаматтардың барлығы бүгінде мені ұстазындай көреді. Түнімен тынбай, таңғы сағат сегіздерде газетті баспаға жіберіп, жұмыстан шығып бара жататынбыз. Шаршамаймыз, энергия көп, есесіне жастар түнімен жұмыс істеу керек екен деп төзімділікке бейімделді.
Менен кейін басылымға білікті журналист Оралхан Дәуіт бас редактор болып келді. Гүлнұр Ембердиева да өз іскерлігін, мінезін салды. Басылымның ашылуына ұйытқы болған Масат Берік кейін газетті басқарды. Қазіргі бас редакторы Дәулет Төлендіұлы да әбден шыңдалған, саясатты да, сынды да жақсы білетін мықты журналист. «Жамбыл-Тараз» газетіне барғанымда Дәулет Төлендіұлы мен Саятхан Сатылғановты шақырдым. Әр газетте екеуі алма-кезек өткір сын беріп тұрды. Өйткені, сын жазу оңай емес. Осылайша олардың барлығын жан-жақты қалыптастырып отырдым. Газетке келген Нұржан Мергенбай орыс тіліне бейімдеу болатын. Оны бірден аудармаға үйреттім. Ол да саясатқа тыңғылықты еді. Хамит Есаманды көбіне әдеби тақырыпқа, әлемдік классикаға бағыттап отырдым. Әлмұхан Исақов, Қуандық Тұрдалин ағаларымыз саясат, экономика жағынан, Меркіден Нұрғали Омаралиев қоғамдық мәселелер мен бұрынғы жыраулар жайлы толғанды. Сол кездегі жастардың, халықтың рухани сұранысына байланысты айдарлар аштық. Лирикаға да орын бердік.
Газеттің өзі адам сияқты. Онда барлық қасиет болу керек. Осылайша облыста үлкен бір газет қалыптасты. Жастардың рухани жоғарылауына үлкен үлес қосты, әлі де қосып келеді. Басылымның қазіргі дизайны өзіме қатты ұнады. Материалдардың салмағы да, журналистердің қабілеті де зор. «ARAI» әлі талай жастарды тәрбиелейді. Жастар басылымы жасай берсін!

Болат БЕКЖАНОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
облыстық қазақ драма театрының директоры, «ARAI» газетінің алғашқы бас редакторы

ПІКІР