Жастар болашаққа нық қадам жасады

3 217

Өңіріміздегі іргелі оқу орындарының бірі Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 44 студенті кеше оқуларын тәмамдап, мамандық алып шықты. Олардың ішінде 9-ы үздік дипломға ие болды.

Жас түлектерге диплом тапсыру рәсімі «Мамандығым – мақтанышым!» атымен салтанатты түрде өтті. Расында, мамандығын мақтан еткен маман ғана өзіне тапсырылған істі сүйіп атқарып, өз ісінің хас шебері болса керек-ті. «Жерге орналастыру» және «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы» мамандықтарын алған түлектер де алған білімімен халыққа қалтқысыз қызмет етуге бек сенімді.
Колледждің талантты жастарының мерекелік концертімен басталған диплом тапсыру рәсімінде колледж директоры, педогогика ғылымдарының докторы, экономика ғылымдарының кандидаты Дүйсенбек Абдраимов өмірдің үлкен бір белесінен өтіп, болашаққа жаңа қадам басқан колледж түлектеріне сәттілік пен табыс тіледі.
– Еңбек майданында алғыр да қабілетті маман ретінде көрінсеңдер, ол – біздің жұмысымыздың жемісі. Сондықтан да біз сендерге әрдайым тілекшіміз. Баласы бәйгеге шапса, үйде отырып тақымын қысқан анадай, ұстаздарың әрдайым өздеріңе тілекші, – деп жас түлектерге ақ тілегін ақтарды.
Дүйсенбек Исахметұлының сөзін жалғап, салтанатты жиынға арнайы келген меймандар да лебізін білдірді. Олардың қатарында өңірдің еңбек нарығына мамандарды зерделейтін және бос жұмыс орындары туралы мәліметтер базасын қалыптастыратын қалалық жұмыспен қамту орталығы – колледж серіктестерінің қызметкерлері де сөз алып, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын атап өтті. Диплом беру рәсіміне колледждің педагогикалық ұжымы, студенттер, ата-аналармен бірге М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Жерге орналастыру», «Құрылыс» кафедраларының аға оқытушылары Ғалымжан Сұлтанбеков, Тоқтар Уытбаев, Сағынтай Тәттібаев, Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Бекежанов та тілектестіктерін білдірді.

Гүлнар УНЕТАЕВА,
Салтанат ТАСТАНОВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің күндізгі бөлім меңгерушілері

3 Comments
  1. Аблайхан says

    Алған дипломдарының жемісін көрсін!!! Тек қана биік шындардан көрінсін!!!

  2. Фариза Шынарбекқызы says

    ✊ үлкен өмір жолына студенттерге сәтті сапар тілеймін, білікті, білімді маман болатындарына сенемін, наши студенты самые лучшие

  3. Зухра says

    Жастардың жолы ашық болып, еңбек нарығында білікті маман ретінде танылып, еліне адал қызмет етіп, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің мерейін үстем ете берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.