Жастар.kz

Жастар ісі жөніндегі кеңесшілер құр сенделіп жүрген жоқ

Written by Aray2005

Тегінде, қоғамның басты қозғаушы күші саналатын жастардың далалы жерден қалаға кетуге құмартып тұратыны жасырын емес. Ал керісінше туған жердің түтінін түзу түтетуді жөн көрген ауыл жастарымен жұмысты жүйелі түрде үйлестіру әр ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі кеңесші мамандарға жүктелген.

Мәселен, облыс орталығына ең жақын орналасқан Жамбыл ауданында 19 450 жас бар екен. Бұл аудан тұрғындарының 25 пайызын құрайтын болса, олар жалпы 17 ауылдық округтерде тұрады. Тиісінше әр ауылдық округте бір-бір маман келешектің тізгінін ұстайтын азаматтарға түрлі бағытта кеңестерін беріп, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондай кеңесші жастардың бірі – Қарасу ауылдық округіндегі жұмысты үйлестіретін Фархат Балажанов. Ол қазіргі таңда 2 119 адам тұратын округтегі 507 жастың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз етіп, жұмыссыздықпен күрес, түрлі қылмыстардың алдын алу бойынша кеңестер беріп келеді. Оның айтуынша, бүгінде «Серпін» бағдарламасы аясында еліміздің солтүстік, батыс, шығыс аймақтарының жоғары оқу орындарында округ аумағынан 9 жас білім алуда екен. Ал жастар практикасы бойынша жыл басынан бері 5 жас маман еңбек жолын бастаған. Сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында кітап көрмесі, Қарасу ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, капитан Нұркен Смайловпен бірлесіп, ауылдық округ аумағында «Жастар арасында қылмыстың алдын алу» атты тақырыпта жастармен кездесу, «Қылмыс – қоғам дерті», «Жастар құқығы», «Кәмелетке толмаған жастардың қылмыстық жауапкершілігі» тақырыптарында ауылдық округ аумағында кешкілік рейдтер ұдайы ұйымдастырылып тұрады екен.
– Халықты саламатты өмір салтына баулу, бұқаралық спортты дамыту, ауыл тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасау мақсатында округ көлемінде түрлі спорттық іс-шаралар өтіп тұрады. Ауыл жастарын спортқа тарту мақсатында ауылдық округ әкімдігі мен Қалқабай Сартбаев атындағы орта мектебі арасында келісімшарт жасалып, жастар әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, және жұма күндері аталмыш білім ошағының спорт залында волейбол және футбол ойнап жүр. Қазіргі таңда ауылдық округ аумағындағы жалпы халық санының 28,5 пайызы спортпен шұғылдануда. Бұдан өзге «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының қолдауымен мектеп оқушыларына 3 айлық тегін ағылшын тілі курсы өткізілді. Ауыл жастарының ұйытқы болуымен «Тоқберген ата» мешітінің жанынан ауызашар, құдайы тамақ беруге 80 адамға арнап бастырма тұрғызылып, сонымен қатар қазан-ошақ, ыдыс-аяқ және үлкен самаурын сатып алынды. Ауылымыздың кіреберісіне округ әкімінің қолдауымен және жастардың бастамасымен арка бой көтерді. Айта кетерлігі, осы жұмыстардың барлығын жастар өз қолдарымен атқарды, – деген Фархат Балажанов күні кеше өз ауылдық округтерінде Жастар жылына орай «Ел іші – өнер кеніші» атты мерекелік кеш өткенін жеткізді. Бұл айтулы шараға облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ділмұрат Хамрақұлов, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Маханбет Рахымжанов арнайы қатысып, ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі кеңесшілерді алғыс хаттармен марапаттапты. Сондай-ақ Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев ауыл тұрғындары мен жастарға ізгі ықыласын білдіріпті.
Әрине, мұндай тірліктің барлығы бірлікпен жасалатындығы белгілі. Бұл орайда кеңесші маман Фархаттың ұйымдастырушылық қабілетін айтпай кетпеске болмас. Тағы бір айта кетерлігі, ол ауылдық жастардан футбол командасын құрып, облыстық әуесқойлар арасындағы турнирлерде бақтарын сынап жүр екен. Соның нәтижесінде «Пионер» командасы биылғы облыстық әуесқойлар арасындағы қысқы лигада І орынды иеленіп, Қарағанды қаласында өткен республикалық жарыста бағын сынап қайтыпты. Сарыарқа төсінде өңір намысын қорғап қайтқан командаға демеушілік жасаған да ауыл жастары.
Сонымен қатар аудандағы ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі кеңесші мамандардан өзге, аула клубтары үйірмелерінің жетекшілері жайлы да айта кеткен жөн. Бүгінде осындай
5 үйірме жетекшілері жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Айша бибі ауылында – ақындар мектебі, Ерназар ауылында – ұлттық ойындар, Көлқайнар ауылында – ән-би, Жамбыл ауылында – көркемсөз, Аса ауылында пікірсайыс үйірмелері нәтижелі іс тындыруда. Олардың қатарында өңірімізге танымал жас ақын Нұрлыбек Құрманов жетекшілік ететін ақындар мектебінің тәлімгері Мейірхан Райымбай Алматы қаласында өткен халықаралық жыр бәйгесінде бас жүлдені жеңіп алып, еліміздің кез келген оқу ордасында тегін оқитын білім грантын қанжығаға байлапты. Өзге үйірме жетекшілерінің де жұмысы нәтижесіз емес көрінеді. Олар да республикалық, облыстық сындарда аудан намысын абыроймен қорғап жүр.

Ауыл – халықтың тұрмыс-салты, мәдениетіміз бен дәстүріміздің, әдет ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнар көзі. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылынан талай ұлы ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің түлеп ұшқаны белгілі. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуы да ауылдың тұрмыс деңгейімен өлшенеді. Сондықтан ауылдық жердегі жас мамандар жұмысының маңыздылығына баса мән берген абзал.

Шынболат Сейдуалиев

Жамбыл ауданы

ПІКІР