Жамбыл жаңалықтары

Жастар мәселесі майшаммен қаралды

Сөзден іске көшетін уақыт әлдеқашан жетті

«Жас келсе — іске» дейді халық даналығы. Рас, еліміздің ертеңі саналатын жастарға артыл­ған үміт те, сенім де мол бүгін. Десе де, қазіргі жамбылдық жастардың тіршілігінің шынайы бет-бейнесі қандай? Оларға нендей қолдау қажет? Һәм өскелең ұрпақтың қоғамға естілмей жатқан үні бар ма? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңесте осы мәселелер майшаммен қаралды. Және жауыр болған жиындар мен «тізесі шыққан» тиімсіз шаралар талқыланып, іс жүзінде жастардың мұқтаждықтарына талдау жасалды.

Облыс басшысы Асқар Исабекұлы ел дамуы жолында жастар саясатының маңыздылығы үлкен екенін жан-жақты атап өтіп, сөз тізгінін жастар саясаты мәселелері асқармасының басшысы Мәди Мәтенге берді. Өз баяндамасында ол соңғы уақытта басқарма тарапынан негізгі басымдық жастарды әлеуметтендіруге бағытталып тырғандығын, әкімдіктің тапсырмасына сәйкес 10 индикаторлық көрсеткіштің алтауы жастарды жұмыспен қамтуға бағытталғанын, оның аясында биыл 12 мың жасты жұмысқа тарту межесі белгіленгенін, дегенмен, сол межеге сай жұмысты өз деңгейінде атқармай отырған аудандарды да тілге тиек етті. Жұмыссыздықты азай­туға септігін тигізер деген «Серпін» бағдар­ла­ма­сының нәтижелерін, жұмыспен қамту жәрмеңкелерін, маусымдық еңбекпен қамтылғандарды, аудан әкімдіктерімен бекітілген іс-қимыл алгоритмі бойынша атқарылған шаруалардың бірін қалдырмай баяндады. Мәселен, «Zhas Projeсt» жобасы аясында Мойынқұм ауданынан 1 ғана жоба ұсынылып, білдей бір ауданнан 5-ақ адам қатысқан. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 78 жастың 21-інің жобасы қолдау тауып отыр екен. Алайда, өңірде әлі «Бизнес-инкубаторлардың» тапшылығы бар екенін жеткізді. Жастардың өз алдына бас қосатын жерлерінің жоқ­ты­ғы мен өзін-өзі нәтижесіз еңбекпен қам­ты­ған­дардың жайы да көптің көкейінде жүрген мәселенің бірі екені рас. Ал, биылға 700 жасты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланса, соның нақты уақытта 374-і бизнес білімін жетілдірген көрінеді. Сонымен қатар, басқарма басшысы облыс­та 7 мыңға жуық жас тұрып жатқан 17 елді мекенде не кітапхана, не мәдениет үйі, не спорттық нысанның жоқтығын да айрықша атап өтті. Басқарма басшысы осы мәселелерді тиімді шешудің тетіктері қарастырылса деген сұранысын да жеткізді. Сондай-ақ, аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының ең негізгі міндеті жастарға кеңес беру болғанымен, ондағы мамандардың білімінің саяздығы да сөз болды. Мәди Мейірбекұлының айтуынша, облыстағы 12 орталықтағы 242 маманның 208-і арнайы тестілеуге қатысып, нәтижесінде, жалпы көрсеткіш 3 деген бағадан аса алмаған. Сондықтан, ол мамандардың біліктілігін арттыру бойынша тиісті кешенді шараларды қолға алуды, құқықтық білім беруді жетілдіруді сұранды.

– Жастар саясатын іске асыруда Азамат­тық қоғам институттарының өзіндік орны бар. Биыл осы бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 65,3 миллион теңгеге 26 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. Дегенмен, талдау көрсеткендей аудандар тарапынан бұл мақсатқа қаржылай қолдау көлемі жылдан жылға кемуде. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарында тікелей жастар саясатына қатысты әлеуметтік жобалар қарастырылмаған. Сондықтан, әлеуметтік тапсырыс көлемін ұлғайтуды сұраймын, – деді басқарма басшысы.

Бұған қоса, Мәди Мейірбекұлы жастар ара­сындағы баспана мәселесін де жан-жақ­ты жеткі­з­ді. Баяндама соңында кеңес мүше­лері көкейде жүрген сауалдарын ортаға салды.
– Жастар саясатының жайы мен қазіргі халі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Баяндамаңыздан жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру жөніндегі бірде-бір ауыз сөз айтылған жоқ. Ал, ол ең негізгі мәселе. Өзіңіз білесіз, 2012 жылдың 14 жел­тоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Ол жеті тараудан тұрады. Соның жетіншісі жаңа қазақстандық паториотизмді жастардың бойында қалыптастыруға бағытталды. Бұның маңызы зор деп білемін. Өзіңіз айтып өткен барлық іс-әрекет түптеп келгенде сол жастар тәрбиесіне қатысты орындалып отыр. Міне, осы жөнінде қандай жұмыстар атқарылды? Бұл күрделі мәселе. Өйткені, бұл тікелей жастар саясаты мәселелері басқармасының негізгі жұмысы. Екіншіден, жақында облыстық қоғамдық кеңесі сізге хат жолдады. Ол жастардың инновациялық идеялары мен жобаларын облыста қолдау орталығын құру жөнінде еді. Ұсыныс енгізу сізге жіберілді. 2 айдан аса уақыт өтіп кетті. Әлі ешқандай хабар алған жоқпыз. Бұның себебі неде?, – деді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев.

Бұған басқарма басшысы былай деп жауап қайырды:
– Сұрақтарыңыз өте орынды. Баяндама жасау уақыты шектеулі болғандықтан барлығын қамтып, айту мүмкін болмады. Жалпы, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу бұл біздің негізгі идеологиялық бағыттарымыздың бірі. Идеологиялық негізде 2 200-ден астам шара өтті. Барлық аудандардың берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, соның 300-ден астамы патриоттық бағытта. Одан бөлек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, 5 инсти­ту­ционалды реформаларының аясын­да 245 рет кездесу ұйымдастырылды. Өңір­дегі барлық мектептерді ресурстық орта­лық мамандары аралап шықты. Әскери патриоттық бағытта да шаралар өтті. Әскерге салтанатты шығарып салу рәсімдері де бар. Әрине, жетілдіруді қажет ететін кемшін тұстарымыз жоқ емес. Дегенмен, жұмыс жүріп жатыр. Екінші мәселе бойынша, хатыңызды алдым. Ол хат бойынша, мен сізге ресми түрде заң аясында жауап қайырып, істің барысы туралы түсініктеме бердім. Осы мәселе негізінде М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Нұрғалиұлына шықтым. Былтыр наурыз айында университет базасында инновация және кәсіпкерлік ор­та­лығы ашылған бола­тын. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың грантына ие болып, толық заманауи үлгідегі қажетті жабдықтармен жабдықталды. Біз соның аясын кеңейтіп, тек ТарМУ-дың сту­дент­тері үшін ғана емес, жалпы кез кел­ген бойында қабілеті бар жастарды сол жерге шоғырландыру үшін арнайы меморан­дум жобасын дайындап жатыр­мыз. Және заң талаптарына сәйкес облыс әкімінің шығар­машыл жастарға арнайы сыйақы­сын тағайын­дау бойынша шаруаны да шешу жол­да­рын қарастырудамыз, – деді М.Мәтен.

Жиын барысында жастарға қатысты мәсе­ле жан-жақты қаралып, сан түрлі сауал­дар қойылды. Мәселен жастарға қатысты жо­ба­лар­ды қолдауға бөлінетін қаражат жылдан-жылға азайып келеді.

– Қазақстандық қоғам үшін жастар саясаты өзекті мәселелердің бірі екені анық. Соңғы екі жылда жастар саясаты біздің министрліктен алынып, басқа министрлікке берілгеннен кейін біз кешенділік пен жүйелілікті жоғалтып алдық. Себебі, бәрібір жастардың негізгі құрамы шоғырланған мектеп, колледж, университеттер Білім және ғылым министрлігінде қалды. Кеше ғана жаңадан құрылған ҚР Қоғамдық даму министрлігінің құрамында жастар саясаты және отбасы комитеті жұмысын бастады. Енді осы бағытта жүйелілік артып, мемлекеттік органдармен арадағы сабақтастық күшейеді деген сенімдеміз. Осыған байланысты баян­да­маңызда айтылмаған тағы бір жайт, бүгінгі жағдайда облыста қанша ресми тір­кел­ген және жұмыс істеп жатқан мем­ле­кет­­тік емес жастар ұйымдары, қоғамдық бір­­лес­­тіктер бар? Осындай статистика қарал­ған ба сіз­дер­дің тараптан? Екіншіден, өзіңіз ай­тып өткен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойын­ша жастар мәселелеріне арналған жо­ба­лар­ды орындауға бір жылда 65,3 мил­лион тең­ге бөлініпті. Яғни, осы қаражат 20-дан астам жо­ба­ға қа­рас­тырылған. Біз жылда осы кеңес оты­ры­сында айтамыз, шешім қабылдаймыз, аудан әкімдеріне тапсырма береміз бөлінген қаражат аз, оны көбейту керек деп. Бірақ, бұл мәселеге өз деңгейінде көңіл бөлінбеуде. Мысалы, облыс үшін бөлінген қаражат өте аз. Сонымен қатар, орындалып жатқан жоба­лар­дың нәтижелерін, аймаққа тиімділігін, пайдасын кім және қай деңгейде сараптайды? – деді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың рек­торы Махметғали Сарыбеков.

Жастар саясаты мәселелері басқар­ма­сы­ның басшысы бұл айтылған жайттарға қатысты да ойын былайша сабақтады:
– Жалпы, Әділет департаментінен алын­ған мәлімет бойынша, өңірде тікелей жас­тар­мен жұмыс жасайтын 85 ұйым бар бол­са, со­ның 30-ға жуығы ғана бүгінгі таңда бел­сен­ді жұмыс істеушілер санатында. Екінші сұрақ бойынша, жаңа айтылған 65 миллион тең­генің 58,7 миллионы тікелей біздің бас­қар­ма­ның еншісінде. Бұл мәселені былтыр да көтергенсіз. Біріншіден, біз техникалық ерекшеліктерді күшейттік. Сондықтан, биылғы әлеуметтік тапсырыстарымыздың дені әлі күнге толық іске аса алмай жатыр. Себебі, үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес межені толық өтей алмауда. Әрбір өтетін іс шара бойынша 3 күн бұрын техникалық ерекшеліктерін хатпен жолдайды. Мүмкін­дігімізше мамандарымызды жіберіп отырамыз. Осылай тиімділігін арт­ты­ру­ға атсалысып жатырмыз деп ойлаймын, – деді М.Мәтен.

Маңызды басқосуда ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов та сөз тізгіндеп, «Баяндамаңыздан ести алмаған тағы бір мәселе, біздің облыс орталығында, аудандарда ардагерлер кеңесі бар. Солармен бірлескен шаралар қалай өтіп жатыр? Аудандарда ауыл ақсақалдарымен жастардың арасында байланыс бар ма?» деп орынды ойын ортаға салды.

Бұл сауалға баяндамашы: «Біз облыс­тық ардагерлер кеңесімен тығыз байланыс­тамыз. Аудандардағы ресурстық орталықтар да қарым-қатынаста деп ойлаймын. Бірақ қолымда дерек болмаған­дықтан, қазір оны сізге нақты айта алмаймын. Дегенмен, бұл ескерілетін мәселе. Себебі, ұрпақтар сабақтастығы кез келген жасты толғандырады деп ойлаймын», – деп жауап қайырды. Сондай-ақ, жиында Жамбыл облысы жастар мәслихатының 3-шақырылымының жас депутаты Әсем Амангелдиева өңірде өзінің замандастарына арналған жастар үйі болса деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ, жас өреннің сөзіне сүйенсек, аймақта жастар ұйымдары көп болғанымен, олардың бас қосатын алаңы жоқтың қасы екен. Осы ретте, облыс басшысы бүгінгі таңда жастардың басын қосатын қандай орталық бар екенін жіті сұрады.

Бұл сауалға Мәди Мейірбекұлы барынша жауап беруге тырысқанымен кеңес төрағасы бұл істі әлі де нақтылап, зерделеу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, облыстық және қалалық, 10 аудандық жастар ресурстық орталықтарының жұмыс ауқымын кеңейтуді тапсырды.

Осы тұста облыстағы «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шарапат Батырбекқызы күн тәртібіндегі мәселеге өз ойын білдірді. Оның айтуынша, облыстағы жастар ресурстық орталықтарына барлық кінәні артуға болмайды, өткізіліп жатқан шараларға жастардың өзі қатыспайды екен. «Қазіргі ресурстық орталықтардың жұмысына жоғары баға беруге болады. Іс-шараларға белсенділік танытпайтын жастардың өзі. Шыны керек, біз шақырған жиындардан жастар қашады. Мен керісінше жастардың өздері орталыққа ұмтылса, ой бөліссе екен деймін. Сонда ғана отбасы құндылықтарын насихаттау, жастарды кәсіпкерлікке тарту, мәртебесін көтеру секілді толғандырған мәселелер түйінін тарқатуға болар еді» – деді ол. Ал, облыстық Инабат қыздар клубының жетекшісі Маралхан Хантөре замандастарының ара­сын­да күйіп тұрған суицид, отбасындағы келеңсіз жайттар жайлы жастарға мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тегін психологиялық қызмет түрлері болса деген ұсынысымен бөлісті.

Облысымыздағы белгілі блогер Исламбек Дастан Меркі ауда­ны­ның Сарымолдаев ауылында алаш зиялысы Тұрар Рысқұловтың өзі 1908-1910 жылдары оқы­ған мектепті қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары қолға алынып, өскелең ұрпақ үшін мұра­жайға айналса деген ұсынысын айтты.

Түрлі ұсыныстар мен салмақты пікірлерден кейін облыс әкімі жастарды жұмыс­пен қамтудың белсенді шараларына қатысты ме­жені орындай алмаған аудандармен онлайн байланысқа шықты. Вакантты бос жұмыс орын­дарына тарту бойынша жос­пар­дың отыз пайы­зын ғана орындаған Жамбыл ау­даны ал­ғашқы жартыжылдықта 400 жас­ты жұмыс­пен қамтимыз деп уәде бер­ген екен. Әкім аудан­нан бос жұмыс орын­дары бол­ма­ған жағдайда, ондай ме­жені қандай негізге сүйеніп бел­гі­ле­ген­дерін сұрады. Атал­мыш аудан әкімінің орын­­басары Үміт­кен Найманова­ның ай­туын­­ша, олар 6 айда 150 жасты бос жұмыс ор­ны­мен қамтыған. Бірақ, 100 пайыздық ме­жеге жету үшін бос жүрген жастар елді мекенде тіркелмеген көрінеді. Осы орайда, облыс басшысы индикатор бекітілгенде бос орындардың бар-жоғы ескерілмегендігін сын тезіне алды. Десе де, көрсетілген меже жұмыспен қамту орталығының ке­шен­ді жоспарына сәйкес бекітіліп, аудан бас­шы­лы­ғымен келісілген. Оны ауданның өздері де мойындап отыр. Дәл осы секілді Меркі ау­даны да 305 деп көрсетілген меженің 146-сын ғана орындаған. Аудан әкімінің орын­басары Бахытхан Әбжаппаров жоспар бе­кі­тіл­генде «Меркі-Шу-Бурылбайтал» авто­мо­биль жолын жөндеу жұмыстарына 227 жас­ты тартамыз деп ойлағандарын, жол құры­лысы кешіктірілгеннен кейін меже өз дең­гейінде орындалмай қалғанын алға тартты. Аймақ басшысы жұмыстың бастал­май­тынын біле тұра индикаторларға өзгеріс ен­гіз­беген, басқармамен тиісті жұмысты ат­қа­руға бас ауыртқысы келмеген аудан бас­шылығының жауапсыздығын да сынға алды. Тіпті, Асқар Исабекұлының өзі атап өт­кендей, басқаларға үлгі болуға тиісті Тараз ша­һа­рын­дағы көрсеткіштер де көңіл көн­шіт­пей тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ресурс­тық орталық мамандарының біліктілігі сы­нал­ған тестте барлық аудандар 3-ке ла­йық деп танылса, Тараз қаласы мен мойын­құм­дық­тардың иеленген бағасы 2-ден аса ал­ма­ған.

Осы орайда, облыс басшысы 86 мың жасты жауапкершілігіне алып отырған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Қанатовтан да жауап алды. Қалалық жастар орталығының ақсаған тұсы – 40 мың белсенді жасы бола тұра, «Zhas Projeсt» жобасына 260 жасты ғана тарта алған.

– Бізде көптеген шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылмағандықтан осындай кем­ші­лік­тер орын алып отыр. Шындап келгенде, жастар қазір қолдауға өте мұқтаж. Соның бірі – бизнес мектебі мен бизнес-инкубаторын ашу. Кәсіпті акция түрінде өткізе бермей өзіміз жүйелендіруіміз қажет. Мәселен, орталықтың жарғысында мамандардың кәсіппен айналысуына рұқсат етіледі деп көрсетілген. Ал, іс жүзінде бизнес бастауға «барьерлер» өте көп. Бізде жастардың жобаларын жинақтау бар, бірақ, бизнес климат қалыптастыру жүйесі жоқ. Ол үшін арнайы тұжырымдама жасалуы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, біздің отырған жеріміз бар болғаны 240 шаршы метр ғана. Ол жерде не акт зал жоқ, не семинар өткізетін орын жоқ. Жетім баланың күйін кешіп, жан-жақтан сұрап жүреміз. «Zhas Projeсt» жобасынан шыққан азаматтардың барлығын бизнес мектепке кіргізсек. Одан кейін бизнес-инкубатор мәселесін қолға алсақ, инвестиция тартатындай жағдай жасасақ, жастардың көкжиегі кеңейер еді, – деді Н.Қанатов.

Сонымен қатар, ол ресурстық орталықта отызға жуық штаттық бірліктің барын да тілге тиек етті. Осы тұста облыс басшысы М.Мәтеннен аймақтағы 12 орталықты ұстап тұру үшін қанша қаражат жұмсалып жатқанын сұрады. Жалпы, басқарма басшысының айтуынша, жыл сайын ол орталықтардың қажеттілігіне бюджеттен 344 миллион теңге қаражат жұмсалады екен.

– Басқарма 12 орталықты бюджеттен қар­жыландырып отыр. Жылда 344 миллион тең­ге жұмсалады. Орталық құрылғалы бері 5 жыл­да шамамен 1 жарым миллиард теңге жұм­са­лып­ты. Ал, жұмыс қайда? Немен айналысып жа­тыр бұл орталықтардың барлығы? Оданда сол қар­жыны несие түрінде кәсіп ашамын де­ген жас­тарға бөліп берсек, бұдан ұтпасақ, ұтыл­масы­мыз анық. Орталықтарға «анау керек, мы­нау керек» деген дүниелерді айта-айта бол­дық қой. Енді қашан жұмысқа көшеміз? Қашан жүйелендіреміз? Әлі «үйтеміз-бүй­те­міз» деп отырмыз. Сонда бұлардың бар ат­қар­ған жұмысы флешмоб па? – деді Асқар Исабекұлы.

Осылайша, соқырға таяқ ұстатқандай сан түрлі мәселе қаузалған жиын барысында «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Уалихан Болатбек те өзінің ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.

– Былтырғы жылы кеңестің құрамына жастарды көбірек тартсақ деген мәселені көтерген болатынмын. Біз кәсіпкерлік мәселесін айтып жатырмыз. Ал, кеңес құрамында жас кәсіпкерлеріміз жоқтың қасы. Сондықтан, әртүрлі критерийлерді қам­ты­ғанымыз дұрыс шығар. Қазір әрбір ауылдық округте жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар бар. Бірақ, олардың жұмысына басқаша инпульс, басқаша бағыт керек. Елбасы биылдан бастап домбыра күнін жариялады. Сондықтан, әр ауылда домбыра үйірмелерін ашсақ. Және орталық театр алдындағы Б.Момышұлы ескерткішінің орнына басқа жоспарлар болмаса домбыра ескерткішін қойсақ.

Былтыр 2 732 жас ҰБТ-ға бармады, 1 300 жас сынақтан өте алмады. Осы жастармен біз биылғы жылы да жұмыс жасап жатырмыз. Бізге бір арнайы орталық ашу керек. Осыны әлеуметтік маңызы бар жобалар қатарына енгізсек деген ұсынысым бар. Және біз­дің өңірде 50 колледж жұмыс жасайды. Солар­дың білім беруіне ерекше назар ау­да­руы­мыз керек сияқты. Былтырғы жылы, мен бар­лық колледждің жатақханаларын аралап шықтым. Кейбір колледждерге жатақ­ха­на­ның қажеттілігі де шамалы болып тұр. Жар­тысынан көбі бос тұрған орындар бар. Кейбір колледждердегі жатақханаларға студент­тер­ден басқа адамдардың жататыны туралы фактілер де кездесуде. Материалдық базасы қандай, қаншалықты жастарға сапалы білім беріп жатыр? Ол колледждің қажеті бар ма? Осы мәселе талдау арқылы келесі кеңес отырысында қаралса. Және Таразда бас­қар­ма, облыстық ресурстық орталық және қалалық ресурстық орталық бар. Былайша айтқанда қала жастарымен бір емес, үш мекеме айналысуда. Осы мекемелердің жұмы­сына жаңаша бағыт керек сияқты. Кей­бір өңірлер қалалық немесе облыстық ор­талығын жауып тастаған. Соған анализ жасалса, – деді ол.

Асқар Исабекұлы айтылған ұсыныс­тар­дың хаттамаға енгізілетінін жеткізді. Кеңес барысында Махметғали Нұрғалиұлы бизнес­пен айналысамын деген жастардың ең алды­мен кәсіпкерлік мәдениетін көте­ру қажет­ті­лігін алға тартты. Олардың жоба­сын­да ин­новация, халықты жұмыспен қамту секілді критерийлер ескерілсе деген ойын айтып, қазір бизнестің экономистерін емес, кәсіптің инженерлерін даярлауға басымдық берудің тиімділігін тілге тиек етті.

Осы секілді өзекті мәселелер талқы­лан­ған жиынды облыс басшысы қоры­тын­ды­лады.
– Бүгінгі көрсеткіштер жұмыстың әлі жүйе­ленбегенін көрсетіп отыр. Мәселе өте көп. Оның бәрін бір жиында қамту мүмкін емес шығар. Ең бірінші кезекте шешу керек мә­се­лелер қандай? Соны анықтауымыз қа­жет. Әрбір жастың өз жұмысы, кәсібі болса ол жерде патриоттық сезім де болады. Егер жұ­мы­сы болмаса, жағдай қалай бола­ты­ны бел­гілі. Осыны ойлануымыз керек. Жұ­мыс бар жерде тәртіп бұзушылық та аз бо­лады. Сондықтан, қабылданған жұмыс жос­па­рын, бү­гін­гі сын-ескертпелерді ес­ке­ріп, мә­се­ле­лерді қамтып, нақты керекті дүние­лер­ді анық­тап, қайта бекітуіміз керек. Және біз кеңес отырысын көшпелі түрде әр ау­дан­да өткізуіміз қажет. Әңгіме қаралатын мә­се­леде, қабылданатын шешімде. Соның арнайы кестесін бекітіп, әр аудандағы жастар мәселесін жеке-жеке қарауға тиіс­піз. Оған ау­дан басшылары да ерекше көңіл бөлуі ке­рек, – деп облыс басшысы атал­ған жұмыс жос­пары бекітілгенде көшпелі отырыс­қа көшу­­ді ұсынды.

Осылайша, өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңесте жастар жайы майшаммен қаралып, жауапты тұлғалардың жұмысына сын да айтылды, мін де тағылды. Тіпті, кейбір мәсе­лелерден жастар саясаты мәселелері бас­қар­масы бейхабар екені анықталды. Нақтылап айтсақ, сөзден іске көшетін уақыт әлдеқашан жеткен сияқты.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР