Жастар саясатындағы жұмыс жүйелі ме?

0 27

Жастар – ел ертеңі. Кемел келешегіміздің кепілі саналатын бүгінгі жастар немен айналысып жүр? Олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қандай шаралар қолға алынуда? Жұмыссыз жастар мен NEET жастардың саны азайды ма? Алда қандай мақсатты міндеттер тұр? Осы және өзге де сауалдар облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында талқыға түсті.

Жиында ең әуелі облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
– Ағымдағы жылы басқарма тарапынан жоспарланған іс-шаралар мен көзделген мақсатты индикаторлар орындалып, кеңестерде берілген хаттамалық тапсырмалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Облыста 255 мыңнан астам жас болса, 95115-і қалада, 160125-і ауылдық елді мекендерде тұрып жатыр. Жастар облыс халқының 22,4 пайызын құрайды.
Биыл жастар саясатын жүзеге асыруға тиісті мүдделі органдармен 767,2 миллион теңге қаралды. Мемлекеттік- әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 69,3 миллион теңгеге 37 әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды.
Есепті кезеңде 6 475 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, атқарылған жұмыстар нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайызды құрады. Бұл басқа өңірлер арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Республика көлемінің өзінде 3,7 пайызды көрсетіп тұр.

NEET санатындағы жастардың үлесі ағымдағы жылдың І тоқсанына 8,2 пайызды құраса, олардың электронды дерекқоры жасақталып, адрестік жұмыстар жүргізілуде.
NEET жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында кеңес беру автокеруені аудандар мен шалғай жатқан ауылдық жерлерге шығарылып келеді. Керуенге облыстық деңгейдегі 22 мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың өкілдері енген.
Одан бөлек «NEET және пробация тізімінде тұрған жастармен 2021 жылғы арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар бойынша жыл басынан 16 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 655 жас жұмысқа орналасты, – деген басқарма басшысы одан әрі әр бағыт бойынша атқарылған тірліктерді тілге тиек етті.
– «Жасыл ел» еңбек жасағына облыстық бюджеттен бөлінген 53,4 миллион теңгеге жұмыссыз және NEET жастар маусымдық жұмыстарға тартылуда. Бүгінге еңбек маусымының жұмыстары басталып, 463 жас жұмыс атқаруда. Жыл соңына дейін олардың санын 1 мыңға жеткізу көзделуде.
Одан бөлек 200-ге тарта студент жастарды құрылыс нысандарына маусымдық еңбекпен қамту бойынша салалық басқармамен бірлесе тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік әлеуетін шыңдауға тиісінше мән берілуде. «Бастау бизнес» жобасы аясында 869 жас оқытудан өтіп, 43-і бизнес жоспарын қорғаса, 18-і грант алды. 104-і шағын несиеге қол жеткізді.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде облыс бойынша
1 068 жас мемлекеттік гранттың жеңімпазы атанды.
Жастарды жұмыспен қамтуда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының маңызы ерекше. Бүгінгі күнге бағдарлама аясында 166 маманға 48,5 миллион теңгеге көтерме жәрдемақы және 45 маманға тұрғын үй сатып алуға 196,8 миллион теңге қаржы берілді. Бұл жас мамандарды ауылға көптеп тартуға таптырмас мүмкіндік, – деді С.Берікқожа.
Басқарма басшысы жастар қылмысына ерекше алаңдаушылық білдірді.
– Тиісті органдардың мәліметі бойынша жастармен жасалған қылмыс саны – 15,5 пайызды көрсетті. Жастар қылмысы Тараз қаласы мен Қордай, Меркі аудандарында өсіп отыр. Сол сияқты алкогольді тұтынушылар санатында 199 жас тіркелсе, есірткі затын тұтынушы 424 жас тізімге алынды. Алкогольді заттарды тұтынушылар Тараз қаласы мен Жамбыл ауданында артса, есірткі заттарды тұтынушылар Тараз қаласы мен Байзақ, Талас аудандарында көбейіп отыр.
Келесі назар аударатын мәселе – жастар арасындағы некелердің көптеп бұзылуы. Ағымдағы жылы 1 622 жас некеге тұрса, 161-і некелерін бұзған. Оның ішінде Тараз қаласы мен Мойынқұм, Байзақ аудандарында неке бұзу көрсеткіші жоғары.
Неке бұзу фактілерінің алдын алуда «Татуласу» орталығымен «Бастау» жобасы аясында психолог, медиатор, заңгерлермен біріге отырып жұмыстар жүргізілуде. Жұмысты тағы жүйелі ету үшін кәсіби медиаторларды тарту жоспарда бар, – деді Серікбол Берікқожа.
Басқарма басшысы волонтерлық қызметті дамыту жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде облыста 8 мың жастан құралған 30 волонтерлік ұйым бар екен. Сондай-ақ «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, 15 дүкен жұмысын бастаған.
Жыл аясында волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында облыс бойынша 7 бағытты қамтыған 959 іс-шара өткізіліп, оған 27 116 адам қамтылған. Алайда Байзақ, Жамбыл, Қордай, Сарысу, Талас және Т.Рысқұлов аудандарында төмен көрсеткіш орын алған.
Есепті кезеңде Жамбыл, Сарысу сияқты өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аудандарда ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, толеранттылықты қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды өткізуге басымдық берілген. Міне, осындай жұмыстар легін баян еткен басқарма басшысы бұл бағыттағы тірліктер жыл соңына дейін жоспарлы түрде жалғасын табатындығын айтты.
Баяндамашыны мұқият тыңдаған облыс әкімі «Әулиета жастары» жобасының барысын сұрады. Серікбол Берікқожа бүгінде жоба 9 бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Бұдан кейін аймақ басшысы жастар қылмысы өсіп кеткен аудан әкімдерінен жеке-жеке жауап алды. Олқылықтың орнын толтырамыз деп ақталған әкімдерге Бердібек Машбекұлы елді мекендерде көптеген спорт нысандары салынғанын айтып, сол жерде жастардың бос уақытын тиімді өткізуді тапсырды. Ал жастар ресурстық орталықтарына жеке ғимарат бермеген Қордай мен Талас аудандарына бұл мәселені жақын арада шешуді міндеттеді.
Жиында «Жас ұлан» ұйымының атқарған жұмысы да тыңдалып, облыстық мәслихаттың депутаты Уалихан Болатбек қала мен аудандарда салынған «Street Workout» алаңшаларының қаңырап бос тұрғаны жанға бататындығын жеткізді. Аймақ басшысы жас депутаттың ойын құптай отырып, аталған спорт алаңшаларына жастарды қызықтырып тартудың тетігін табу қажеттігін ескертті.
Кеңес соңында аймақ басшысы Әулиеата жастарының өзіндік бренді болуы қажеттігін айтып, сондай-ақ ата-ене мен келіндер клубының жұмысын жандандыруды жауапты мамандарға тапсырды.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.