Жастар тағдырына бейжайлық – ел тағдырына енжарлық

0 27

Жалпы балаға бала деп қарауға болмайды. Олардан пәк, олардан шыншыл, олардан қайырым­ды және олардан турашыл ешкім бола қоймайды. Балаларға бас болудан қиын іс жоқ.

Бұл өскелең ұрпақтың тәрбие жұмысының өмірлік және қоғамдағы ең зәру мәселе екенін көрсетеді. Сонымен қатар ертеңгі жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, олардың саналы, дені сау, білімді және ойы ұшқыр, қабілеттері заманға сай қарымды болып қалыптасуына жауаптылық мәселесі ешбір мемлекетте күн тәртібінен түскен емес. Аса жауапты іске жан-тәнімізбен кірісу әр отбасынан басталып, педагог ұстаздардың баланың білімге деген құштарлығын оятатын қиын да қастерлі жұмысымен жалғасып, мемлекеттің жан-жақты қамқорлығымен зор мән-мағынаға ие болады.

Бүгінгі жас ұрпақ, ең басты құндылығымыз – ел тәуелсіздігі жылдары дүниеге келген жастар толқынының өзі әлденеше ұрпаққа қарағанда әлдеқайда білімді, белгілі бір кәсіп иесі, білікті маман, бірнеше тіл біледі. Әлем жаңалықтарынан хабардар. Соған қарамастан олардың өзіндегі барды бағалай білуі, ненің киелі, ненің қасиетті екеніне тереңдеп ден қоюына талапшыл тәрбие ұстанымы қажеттігі байқалады.

Ақылды ойшылдар тәуелсіздіктің қадірін бодан боп жүргенде емес, еркіндікте, теңдікте, дербестікте білген жақсы екенін айтады. Ұлттық санаға қозғау салатын бұл орынды ұғым жастарға да қаратылып айтылғанын ұмытуға болмайды.

Егемендіктің елең-алаңында жас мемлекеттің келешегі мен жарқын болашағын ойлаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасымен алғыр жастарымызды әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарына жіберіп, оқытып, тәрбиелеуі мемлекеттің мерейін өсіруде айрықша тарихи бастамашыл қадам болды. Бұл сол баянды бағдарламаның арқасында заманның озық білімімен сусындап, еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып, сеніммен еңбек етіп, қызметте жүрген жастардың ел басқару ісінде абыройлы, елдің арқатұтар азаматтары қатарында екенін мақтанышпен айтуға болады.

Қазір әлемде интеллектуалдық және рухани әлеуеті жоғары азаматтар – кез келген мемлекет пен ұлттың тұрақты дамуының кепілі. Біздің елдің әртүрлі саласында жастардың өздеріне өз тұстастары мен қатарластарын үлгі ету дәстүріне құрметпен қараған жөн. Рухани жаңғыру мәселесінде «100 жаңа есім» аталымы бойынша таңдау жолы жергілікті жерде, өңірлерде жаңа мазмұндық сипатқа ие болды. Қалың орман халқымыздың әрдайым зор қолдауы мен сеніміне ие болған «Nur Otan» партиясының жастардың от-жалынын қоғам мен мемлекеттің мәртебелі қызметіне көптеп тартуы және қала мен ауылдарда қабілетті жас ұл-қыздарымыздың шыңдалып, өсіп, мықты да өрелі азаматтар болып қалыптасуына ерекше қамқорлықпен, жүйелі жұмыстарымен алға шығаруы, адалын айтсақ, жаңашылдық пен ел қамын ойлаудың жарқын қадамы болды. Бұл көңіл өсіріп, нәтижесінде қоғамдық оң пікірдің арқауы болған Парламент Мәжілісінің сайлауында анық байқалды. Жергілікті мәслихаттар депутаттары арасында да 20 пайыз жастардың болуы жұрт жақтаған, қоғам сүйсінетін қайраткерлер деңгейіне көтерілудің жаңа тиімді мүмкіндіктері деп білеміз.

Саясат соқпағының мәдениет соқпағына ұласқан сәттері де жастар өмірін байыта түспек. Біз жалпы жастар тәрбиесін айтар болсақ, қоғамда, тұрмыста болып жатқан оқиғалар мен әртүрлі көріністердің орын алу себептері мен сабақтарын да уағында екшеп, саралап айтып отырғанымыз жөн. Жастардың жас шамасына қарай табиғи өзгерістерінен туындайтын мәселе аз болмайды. Жер-дүниеде қазіргі кезде ақша үшін жанталас жүріп жатыр. Материалдық игіліктің алға шыққаны пендешілік пайым емес, қажеттілік, жақсы өмір сүрудің жолы тек осы деп біржақты ұғынуға тоқтау салу да қиын шығар. Алайда жас өскінге сол баю мақсатына адал еңбек, терең білім, көкжиегі кең ізденістер жеткізетінін талмай айтып, ұғындыру жұмысын бәрінен де жоғары мәдениетпен атқаруға тиіспіз. Қоғамның иесі өндірістің тұтқасын ұстайтын, өз қаражатымен жұмыс орындарын ашатын, қоғам игілігін ақылымен жасайтын, ұлттық мүддені жоғары қоятын, мемлекетшіл, ұстанымы берік, дені сау, экономикамыздың қуатын арттыра алатын, әлеуметтік-мәдени мәселесін шеше білетін қазақстандық азаматтар бола береді. Мемлекеттің намысын қорғайтын қазақ жастарының қалың шоғырының дәулетті, іскер, рухы мықты, қиындықтан тайсалмайтын табанды, елім үшін жұмыс істеймін, ұлттығымыздың жұлыны – қазақ тілінде сөйлеп, қазақ ділінде түс көремін деген жомарт әрі қайырымды ұландарымыз қоғам тірегі болмақ. Бұл ыңғайда әр өңірден жүздеген, мыңдаған түлектің өмірінен төгілтіп айтуға болады.

Жастарға өз тұстарының да әсер-ықпалын біршама айттық, әрине, үлкен кісілерден үлгі керек. Зиялыны, тұлғалыны шамшырақтай көтеретін – ортасы, халқы. Халқын танытатын – таланттары.

Бүгінгі жастар тағдырына бейжайлық – ел тағдырына енжарлық деген пікірге қосыламын. Өкінішке қарай, өз орнын таба алмай жүрген жастарды қатарға тарту, жұмыспен қамту бағдарламасына және екі қолға бір жұмыс істеу жолдарына шақыру, қыздарымыздың ашық күнде адасуына жол бермеу, сырттан ентелеп кірген жат құбылыстарға қарсы тұру, зорлық-зомбылықтан қорғау – баршамызға ортақ міндет. Өзім теледидардан беріліп жатқан кейбір хабарлардың өн бойында отбасылық құндылықтарды таптап, бала-шағасының тағдырын тәлкекке ұшыратқанын ұялмай-қызармай мойындап, кешегі сүйікті адамымен жұрт алдында тәжікелесіп жатқан ер-азаматтарды көргенде қатты толқимын. Ұят қайда, ар қайда?.. Мұның бір ұшы мәдениетімізге, мектептегі оқу-білімнің деңгейіне, ата-ананың тәрбиесіне тіреледі.

Сондықтан ұрпақтың тәрбиесінде мемлекеттің жауапкершілігі қандай болса, отбасының жауапкершілігі де сондай болуы қажет. Әр отбасының мемлекетіне көмектесуі – ең қадірлі міндет.

Қазақ балаға бесікте жатқан кезінен-ақ құлағына жақсы сөздерді құйып, бәрін ақ тілеумен өткізіп отырған ғой. Жаһандану сіз бен біздің қарсылығымызға қарамай басталып, ықпалдасқан дүниесімен таңырқатып жатыр. Бірдеңе үйренуге болар, ақылдыларымыздың өздеріне тобыр мәдениетінің жан алқымнан алмаса да, жатпай-тұрмай жат құбылыстарды үсті-үстіне тықпалап, талғам атаулыға өзгерістер енгізуін қайдағы бір еркіндік, жеке бастың шаруасындай көргісі келеді. Бұл алабажақ, арзан жылтыраққа ойланбай еліктеудің салқыны да, зардабы да жайсыз сезілуде. Өнер мәйегі өмірдің жасампаздық жолымен өркендесе, адамгершілік қасиеттеріміз өркен жаяды. Таза, табиғи дүние ғана мөлдір күйінде адамға қызмет етеді.

Бәрі де отбасынан басталады. Жас ұрпақ ненің киелі, иә, ненің қасиетті екенін білуі тиіс. Бұл ұлттық салт-дәстүрімізді берік иммунитет ретінде қарастырып, ұлттық болмысымызды биік те тұғырлы қалпында көрсетуіміз аса қажетті іс. Ең қарапайым тәрбие дағдысы – қоғамдық орындарда тазалық сақтап, мәдениетті болуға үйрету де өміршең.

Қазақстан жастарының болашағы жарқын. Қуатты еліміздің өркендеуі мен өсуі, әлемдік кеңістіктегі зор абыройы мен беделі, халқымыздың пейілі мен асыл қасиеттері дәлел әрі толық кепіл. Шүкір, халқымыздың саны да артуда. Биыл елімізде 150 мыңға жуық түлегіміз орта мектептен үлкен өмірге қадам басады. Олар ертең қоғамның бір-бір тұлғасы болады. Қайратты жастар әлеуетіне деген сенім алға бастайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында атап өткеніндей, қоғамда еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгерту керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн.

Байтақ елімізде, іргелі мемлекетімізде адамдар­дың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан ұлан-ғайыр тірліктердің барлығы да жас ұрпақтың келешегін діттейді. Бұл – өркениетті қоғамның зор бақыты.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.