Жастар.kz Қоғам

Жастар татумен неге «тату»?

Заманның өзгергені адамға әсер етпей қоймайтыны ақиқат. «Татуировка», «пирсинг», «боди-арт» сияқты сөздердің қоғамымызға етене еніп кеткені қашан. Бұрындары мағынасына мән бермей, саусақ шошайтып қарайтын, өзімізге жат санаған мұндай әрекеттерге бүгінде көзіміз үйреніп те кетті. Ең өкініштісі, жылдан-жылға, тіпті, күннен-күнге осы бір жаман әдетке құмартып алған жастарымыз көбейіп барады.

Бұрындары Астана мен Алматы, Шымкент секілді ірі шаһарларда татумен «тату» жандар көп болса, қазір «дене суретшілері» өзіміздің Тараз қаласында да көбейген. Олардың бірімен сөйлескенімізде, тату салуға тек жастар ғана емес, үлкендер де келетінін естіп, таңғалдық.
– Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме жеті жыл болды. Сурет салу өнері менің қанымда бар. Бірақ қазір картина салып, табысқа кенелетін заман емес. Пикассо, Модильянилердің уақыты баяғыда өтіп кеткен. Сондықтан, мен заманауи жастардың «темасындағы» өнерге бет бұрдым. Негізі Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларының тұрғындарының татуға көзі үйренген. Таразда елдің дұрыс көзқарасы енді қалыптасуда. Бізде татуы бар болса, ол міндетті түрде түрмеде отырған деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес.
Маған күніне орта есеппен 5 адам тату салдыртады. Кәмелетке толмағандарға міндетті түрде ата-анасының рұқсатымен ғана саламын. Ал, таңғалғаным бір ай бұрын 64 жастағы апай келіп, тату жасатты. Осы секілді 40,50 жастағы кісілер де көп келеді.
Татуды барынша сапалы жасауға тырысамын. Ең қиын татуымды бір жігіттің арқасына 1 жарым ай салдым. Сәтті шықты, қазір ол жігіт Венгрияда жүр. Ондай күрделі эскиздерді бөліп саламын. Себебі, күнде салу денеге ауыр. Ыстығы көтеріліп, талып қалуы мүмкін. Таразда тату шеберлері жетерлік, бірақ, көбісінің тәжірибесі аз, – дейді тату шебері Бағдат Тұрар.
Бағдаттың айтуынша, бүгінде Тараздағы салондарда тату салу 5 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін бағаланады екен. Үлкен қалаларда 100 мың теңгеден асатын татулар да бар көрінеді. Бұл суреттер адам тәніне химиялық, синтетикалық жолдармен алынған түрлі-түсті бояумен салынады.Теріге таңбаны таңбалағаннан кейін өкінетіндер де аз емес. Оны өшіру үшін хирургиялық ота мен лазерлік сәулелер қолданылады. Бірақ, олай болған күннің өзінде сурет салынған тері бөлігі баяғы қалпына келмейді. Медициналық тұрғыда оның зияны да орасан екен.
– Терінің эпидермис қабаты қорғаныштық қызмет атқарады. Және теріде кератин және меланин қабаттары болады. Оның бірі теріні қайтадан түлетіп, жаңартып отырса, екіншісі ультракүлгін, яғни, күн сәулесінен қорғайтын қызметке ие. Бұл екі қабатқа да тату шеберлері 0,8 сантиметрге органикалық бояулар арқылы суретті орналастырады. Ол кезде терінің жоғарыда аталған екі қызметі де бұзылады. Пигменттердің жұмысы реттен шыққаннан кейін терінің рак ауруы пайда болуы мүмкін. Яғни, ол жердегі тері өмір сүруін тоқтатады. Кейбіреулерге химиялық бояулар аллергия береді. Бізге келіп жатқан осындай науқастар аз емес. Әрине, көп қыз-келіншектер татуды сұлулық үшін жасатады. Бірақ, ол денсаулықтан артық емес қой, – дейді облыстық тері-венерологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Байболатова.
Ендеше осындай зияндылығын біле тұра жастар неге тату салдыруға құмар?
– Шынымен, бүгінгі жастардың арасында тату жасатудың кең тарағанын мойындау керек. Оған әртүрлі себептер табылып жатады. Мысалы, шетел әншілеріне еліктеу, өзінің болмысын, күшін көрсету сияқты. Көбінесе адам өміріндегі өтпелі кезеңдерінде жасатады. Сол сәт өтіп кеткеннен кейін, денеге салынған таңбаның қажеті болмай қалуы да мүмкін. Осы тұсты ескерген жөн. Арнайы магиялық символдардың, суреттердің өмірін өзгертуге септігі тиеді деп ойлайтындар да бар. Комплекстен арылудың жолы деп қарастырып, өзінің тәнін жаралау арқылы жаны жаралы екенін көпшілікке ұғындыратындар да кезігеді. Енді бірі өзін қорғанышта жүргендей сезінеді. Денесінде бір жарақат болса, жара, немесе оталық тігісті білдіртпей, соны жасыру үшін татуға жүгінгендерді де көріп жүрміз. Оның бәрі тікелей адамның психологиясына байланысты. Көпшілігі әлеуметтік статусын білдіру үшін жасатса, енді бірі қоғамнан дараланғысы келгеннен осындай әрекеттерге барады. Татуына ұйыған жан өзін «жаңа адам» сезінеді, өмірінде жаңа белестерді оңай бағындыратындай көрінеді. Жалпы, денедегі кескінді көбіне амбициясы жоғары жандар немесе шығармашыл адамдар салдырады, – дейді психолог Фатима Бизақова.
Мұндай әрекеттерге біздің асыл дініміз де қарсы. Денеге сурет салу – мұсылмандар үшін харам саналады.
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде денеге сурет салуға қатаң тыйым салады. Соның бірі Сахих Муслимнен жеткен хадисте: «Алла Тағала денеге сурет салғандарды да, салғызғандарды да лағынеттеді…», – делінген. Тағы бір хадисінде: «Жасанды шаш кигендер мен кигізгендер және қастарын жұлғандар мен жұлғызғандар, сондай-ақ, денеге сурет салғандар мен салғызғандар Алланың лағынетіне душар болады», – дейді. Ендеше, мұсылман кісі аталмыш әрекеттен бойын аулақ ұстағаны дұрыс. Алла Тағала баршамызды жаратқан кезде бізге денемізді аманат ретінде берді. Яғни, сол аманатқа өміріміздің соңына дейін барынша адал болуымыз қажет. Егер өз еркімізбен бүлдіріп, сурет салып, не келбетімізді өзгертіп, татуаж, татуировка секілді нәрселер жасатсақ, ол аманатқа қиянат жасаумен тең, – дейді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб-имамы Ержан Аманбаев.
Осы орайда, жастардың да татуға қатысты пікірін білгенді жөн көрдік.
– Мен алғашқы татуды 18 жасымда Алматыда жасаттым. Бір жыл бойы ата-анамнан жасырып жүрдім. Кейін білді. Ренжіді. Бірақ, мен оны өз қалауыммен жасаттым. 20 жасымда екіншісін Таразда жасатуға бел будым. Қазір жасым 25-те. Үш татуировкам бар. Барлығы жастық шағымның естеліктері. Меніңше осы жеткілікті. Тату жасатқаннан кейін саған деген қоғамның көзқарасы бірден өзгереді. Бірі жанашырлықпен қарсылықтарын білдірсе, енді бірі қолдайды. Тіпті, осы үшін намаз оқитын жан құрбым менімен араласпай кетті. Дегенмен, меніңше дін, достық, өнер деген дүниелер бір ғана татуировкаға қарап тұрған жоқ қой. Қазір тұрмыстамын. 1 қыздың анасымын. Жұмыста да, тұрмыста да маған ешкім қарсы емес. Қазір ХХІ ғасыр ғой. Әркім өз қалауымен жүргені дұрыс деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Сая Жүнісбаева.
Біз пікірлескен 5-6 татумен «тату» жастардың арасынан бұл әрекетіне өкінетіндерді жолықтырмадық. Қайта олар осы бір дүниемен қоғам назарын өздеріне аударып, замандастарынан дараланғысы келеді. Бұл тұста Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі ақымақшылық» деген ақиқаты еріксіз ойға оралады. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР