«Жастар жауапкершілікті сезінсе, міндетті түрде жетістікке жетеді»

0 7

Белгілі журналист Майра Төлепбергенмен 2019 жылы «Астана» телеарнасының «Біздің ауыл-2» бағдарламасы бойынша Б.Момышұлы ауылын түсіруге келгенде танысқанбыз. Сол уақыттан бері онымен әлеуметтік желі арқылы хат алысып, достық қарым-қатынас орнаттық. Әлеуметтік желіде оның 63 мыңнан аса оқырманы бар. Бірақ сонша адамның ішінде ешкімді бөліп-жармай, барлығына жауап қайтарып отырады екен. Бұл оның қарапайымдылығын, кішіпейілділігін көрсетсе керек. Маған оның дәл осы қасиеттері ұнады. Сонымен бірге бір күнде бірнеше жұмысқа үлгеріп, тынымсыз тіршілік пен қауырт тірліктің арасында жүретіні жаныма жақын. Әсіресе поэзияны сыңғырлаған үнімен мәнерлеп оқығанда рухани демаласың. Міне, осындай керемет дауыс иесі, талайларды сүйісіндіріп жүрген Майра Төлепбергенмен болған әңгімемізді хатқа түсіріп, өздеріңізге ұсынбақпыз.

– Менің аты-жөнімді медиа саласында Майра Төлепберген ретінде таниды. Ең алғаш 18 жасымда «Ретро FM» радиосының эфиріне шықтым. Сол кезде мен өзімді Майра Төлепберген деп таныстырдым. Өзім туралы айтатын болсам, бала күнімнен болашағымды журналистика саласымен, сахнамен, өнермен, жалпы дикторлықпен байланыстырдым. Өйткені мені ата-анам солай бағыттады, сол жолда дайындады. Сондықтан мен оқу бітірген соң «Қайда барамын?» деген сауалмен бас қатырмадым, – дейді М.Төлепберген.
Бала кезінде кейіпкеріміз талай байқауларға барып, бес жасында сахнаға шыққан екен. Ән байқауы болсын, өлең оқу болсын, мектептегі барлық іс-шараларды жүргізудегі өнерін көрген сырт адамдар оның келешегін сахнамен байланыстыратын.
– Еңбек жолымды республикалық «Ретро FM» радиосында бастаған жылы үшінші курс оқитын кезім еді. Радиода микрофон тізгінін ұстап, тікелей эфирге шықтым.
Қазір сол кездерді есіме алсам, біртүрлі қызық сияқты. Ол кезде жаспын. Ешнәрсені білмеймін. Қатты уайымдап, қорықтым. Себебі үлкен аудиторияға микрофонмен сөйлеу – өте үлкен жауапкершілік. Бірақ бес жыл сол жерде жақсы ұстаздардың мектебінен өттім. Радионың құдіреттілігі сондай, мені жіпсіз байлап алады. Содан бері 15 жыл өтіпті. Әлі де сол радиода еңбек етіп келемін.
2011 жылы елордаға көшіп келдік. Ол кезде үш жылдай «Табыстылар толқыны», «Іскерлер» радиосында жұмыс істедім. 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Орда FM» радиосындамын. Сонымен қатар республикалық арналарда таңғы эфирлерді жүргіздім, – дейді танымал жүргізуші.
Қазіргі таңда ол «Астана» телеарнасындағы күнделікті әлеуметтік «Айтарым бар» жобасының тізгіншісі. Сонымен қатар Астана қаласының жергілікті радиосы «Радио FM»-де де қатар қызметте. Қазір осы екі тікелей эфирді бірін күндіз болса, бірін кешке жүргізіп келе жатыр.
Майраның дубляждық өнері де бар екен. 2008 жылдан бері күнделікті біз телеарнадан көріп жүрген сериалдар, фильмдер, мультфильмдер, неше түрлі деректі фильмдер, портретті жұмыстар, соның барлығында Майра Төлепберген өз дауысымен, бір сөзбен айтқанда, өзге ұлттың кейіпкерлерін, актрисаларын қазақша сөйлетіп жүр.
Майра бір сөзінде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын ерекше жақсы көретінін де айтып қалды.
– Елордамыздың кешегі және бүгінгі кейпінің айырмашылығын біз көзбен көріп жүрміз. Мұнда тынымсыз тірлік. Жайдан-жай бос жүрген адамды көрмейсің. Елордаға жастар өз орнын табу үшін келеді. Арман жетелеп келеді. Бұл жердегі жастардың бір емес, бірнеше жерде жұмыс істейтіндігі, шаршамай жігерлі жүретіндігі мені алға жетелейді. Біздің ортамызда бір ғана жұмыспен шектеліп қалған адамды көрмейміз. Жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады.
Күн санап көркейіп жатқан астанада өмір сүру бақыт және жауапкершілік деп те айтар едім. Ерінбесең, бұл қаланың жасқа да, жасамысына да берері көп. Жас қалада еліміздің іргесін ұстайтын білікті мамандардың өсіп, тәжірибе алып жатқанына өте қуаныштымын. Әсем шаһардың тұрғыны ретінде өзімді бақытты сезінемін.
Елорданың тыныс-тіршілігіне әбден үйренген соң басқа қалаға кеткің келмейді екен. Алғашқыда шыдай алмай Алматыға жиі тартып кетіп отырушы едім, – деген журналист М.Төлепберген қазір мұнда үйреніп, бас қаламыз өзіне баурап алғанын жасырмады.
«Адам болып дүние есігін ашқаннан кейін адамның ішкі даму барысында, өмір тану, өзін тану барысында бір сұрақ еріксіз ойға келеді. Ол «Жалпы өмірдегі менің миссиям не?» деген сұрақ. Оны әркім әр жасында әрқалай түсінуі мүмкін. Біз көбінесе отбасы, ошақ қасында бітпейтін тірліктің шеңберінде жүріп, көп уақытымызды жоғалтып алатын сияқтымыз. Бірақ ол шеңберден басыңды сыртқа қарай шығарсаң, онда қайнаған өмірдің, қызу тірліктің ортасына тап боласың да: «Расымен де мен не істей аламын?» «Мен не бере аламын?», «Қандай да бір себебім, септігімді тигізе аламын ба?» деген ой туындайды», деп, әңгіме арасында өзінің азаматтық ойын да білдіре кеткен тележурналист өзінің де сондай сұраққа жауап іздеген сәттері көп болатынын айтып қалды.
– Эфирдің тізгінінде отыру – ол бір Жаратқанның маған беріп тұрған несібесі. Соны алып жүруім тағы да Алла Тағаланың маған берген қабілеті. Демек, дүйім жұртты тыңдап отырған, көріп отырған радио арқылы сол аудиторияға неге мейірімділік пен жылулықты, қазақ тіліне деген махаббатты, рухты өсіретін әндер арқылы елге деген сүйіспеншілігін еселемеске деген ой туындады. Сол себепті мен радиоэфирін өте қатты жақсы көремін. Өйткені әрбір ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламалардың тізгінін ұстағаннан кейін әр ойынның астарында ой жатқанын қалаймын. Сондай-ақ ойын ойнау арқылы радиомыздың тыңдармандарына қазақ тіліне деген махаббатын арттыратын сайыстар құрастырамыз.
Ойын ойнау арқылы сөз саптауының дұрыс болуына септігімізді тигіземіз. Сондықтан мен миллиондаған тыңдармандары бар радиода бір сағаттық, болмаса екі сағаттық эфирдің өзінде де үлкен жауапкершілік бар деп ойлаймын. Сол жауапкершілікті сезіну арқылы мен кішкентай ғана болса да сол аудиторияның елімізге деген, тілімізге деген құрметінің өскенін тілеп отыратын және мүмкіндігінше өзімнің үлесімді косып отыратын жүргізушілердің бірімін деп айтуыма болатын шығар, – дейді журналист.
Сұхбат барысында кейіпкеріміз барша жамбылдықтарға игі тілегін жолдап, еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын тілейтінін жеткізді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.