Жамбыл жаңалықтары Жастар.kz

«Жастар жылына» жаңаша көзқарас қажет

Елбасы Н.Назарбаевтың ел өмірінің барлық саласына қозғау салған кезекті Жолдауы қоғамның барлық санатының қамтылуымен де құнды. Бұл құжатта мемлекеттік қызметкерден зейнеткерге дейінгі әлеуметтік топқа жататын барлық азаматтардың әлеуетін көтерудің нақты бағдары түзілді. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында ел ертеңі саналатын жастарға қолдау білдіру, олардың еңбек нарығындағы заманауи бәсекеге төтеп бере алатын тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау жайы шет қалған емес. Ал, бұл жолы Елбасы бастамасымен келер жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Жасыратыны жоқ, бұл бастама ә-дегеннен жастар тарапынан қызу қолдауға ие болды. Демек, келер жыл мемлекеттік жастар саясаты үшін аса жауапты кезеңге айналмақ. Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өткен жиында жастар саясаты мәселелері басқармасының 2019 жылға жұмыс жоспары талқыланды.

Басқосуда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен баяндама жасап, келер жылы атқарылатын іс-шаралар жоспарын таныстырды. Басқарма басшысы жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтендіру, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру секілді бағыттарды қамтитын мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың 2019-2020 жылдарға арналған Жол картасының түзілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, келер жылға 300 іс-шарадан тұратын желілік кесте де әзірленген.
– Келер жылы жастар арасында әртүрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге 86 миллион теңге қарастырылып отыр. Ал, биыл бұл мақсатта 33,3 миллион теңге бөлінген болатын. Жастар жылы аясында облыста 2019 жылы 1 халықаралық, 5 республикалық деңгейдегі шара өткізу жоспарда бар. Бұлардың қатарында этномәдени бірлестіктер және шекаралас елдер жастарының «Бірлік» өңірлік форумы, «Business Network Taraz» атты 2 күндік жас кәсіпкерлердің республикалық форумы, шет елдерден атажұртына қоныс аударған жас қандастардың «Аңсатқан Ұлы Далам – Қазақстан!» атты республикалық форумын ерекше атап өтуге болады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Кеңес беру алаңын» ұйымдастыру, облыстық «ПРОФИ-2019» байқауын өткізу де келер жылдың жоспарына енгізілді. Сондай-ақ, аудандық жастар ресурстық орталықтары мамандарының біліктілігін жетілдіруді басты назарды ұстаймыз, – деді Мәди Мейірбекұлы.
Өз кезегінде, облыс әкімі басқарма басшысына саладағы бірқатар мәселелерді мұқият зерделеуге шақыр­ды. Мәселен, дәстүрлі түрде жыл сайын «Кеңес беру алаңы» автокеруені облыстағы 40 елді мекендегі 10 мыңға жуық жасты қамтиды. Әрі ауыл жастарын бұл шараға тартуда ауылдық округ әкімі мен жастар ісі жөніндегі нұсқаушылары көп күш жұмсауға мәжбүр.
– Менің білуімше түрлі сала бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу аудандық жастар орталықтарының құзіретіне кіреді. Демек, жастарға түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарымен орталық мамандары айналысуы қажет. Есесіне автокеруенді ұйымдастыруға жұмсалатын қыруар қаржыны орталық мамандарының біліктілігін жетілдіруге бағыттаған жөн.
Одан соң шараның «Кеңес беру алаңы» аталуы жастарды мүлдем қызықтыра қоймады. Тақырыпты тартымды етіп, мүмкіндігінше жастар үшін өзекті етіп көтеруді ойластыру керек.
Жалпы, жастарға сан түрлі сала өкілдерін қамтып кеңес беру алаңын ұйымдастырудың идеясын құптаймын. Алайда, мазмұнын тереңдету қажет. Осынау шаралар шеңберінде жастар үшін өз орталарынан шыққан белгілі бір салада айтулы жетістікке жеткен азаматтың тәжірибесімен жақынырақ танысу тиімдірек болмақ, – деді Асқар Исабекұлы.
Аймақ басшысы жастар саясаты мәселелері басқармасының жоспарына енгізілген шаралардың салаға қатысы бар кейбір мемлекеттік мекемелердің жоспарында қайталанатынына назар аударып, бұл жұмыстарды біріздендіру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, басқарма басшысына облыс әкімі жастар тәрбиесінің өзегі ретінде ұлттық салт-дәстүрді алуды тапсырды.
– Дәстүр – біздің ұлттық кодымыз. Оның мән-мазмұны өте тереңде. Демек, жастар саясаты мәселелері басқармасы ұлттық салт-дәстүрді жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану жайына баса назар аударуы қажет. Бұл орайда, облыс әкімдігінің өзге басқармаларымен бірігіп жұмыс жүргізу нәтижелі болады.
Бізге бірінші кезекте ұлттық дәстүріміздегі тәрбиеге қатысты элементтерді мектеп оқушыларының санасына сіңіруді ойластырған жөн. Сәйкесінше, дәл осы жұмысты жүйелі жолға қойған білім беру орындарын насихаттау қажет. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізі осында жатыр. Біз осы бағдарлама аясында жастарға ұлттық тәрбие беру тетігін жолға қоюға басымдық беруіміз керек, – деді облыс әкімі.
Басқосу барысында аймақ басшысы басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қаржы бөлу мәселесіне қатысты да сын-ескертпелерін айтты. Мәселен, жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін 28 миллион теңге «Жасыл Ел» және студенттік құрылыс жасақтарының жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалуда. Алайда, ұйымдастыру жұмыстары көңіл көншітпейді. Қала тазалығымен айналысатын студенттік жасақтар мен «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі арасында тығыз байланыс жоқ.
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бизнеске айналып кеткен. Қыруар қаржыға жасалынған жұмыстың нәтижесін көре алмай келеміз. Себебі, әлеуметтік тапсырысқа ие болған үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын лот алып, жұмысты қағаз жүзінде ғана жасауға бейім. Сондықтан да, алдағы уақытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлетін барлық басқармалардағы тапсырыстың сұранысқа сай келуі зерделенетін болады, – деді Асқар Исабекұлы.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов басқарма басшысына бірқатар мәселелерді қаперде ұстау қажеттігін ескертті. Ең әуелі облыс жастарына арналған шаралардың науқандық сипат алмай мән-мазмұнын тереңдете түсіп, нәтижелі ету басқарманың негізгі міндетіне айналады. Келер жылға жоспарланған халықаралық, республикалық шараларды бірінші кезекте облыс көлемінде өз деңгейінде ұйымдастыруға күш жұмсалғаны абзал. Сондай-ақ, басқарма жастар ресурстық орталықтарының негізгі жұмыс бағытын айқындап, орталық мамандарының жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардан хабардар болуын ұйымдастыруға жауапты болмақ.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР