«Жастар жылында» жас кәсіпкерлерді қолдауға байланысты арнайы жоспарымыз бар»

0 0

Ит жылының да тарих жылнамасына енер сәті жақындап келеді. Мерейімізді өсіріп, ел өміріндегі елеулі оқиғалармен есте қалған 2018 жылға өкпе жоқ. Келер доңыз жылынан да күтетін жақсылығымыз көп. Жыл санап өркенді істерімен өрісі кеңейіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өрлеу үстіндегі облысымыз үшін де ит жылының ырыс-құты, бақ-берекесі мол болды. Қайбір саланы алмайық, дамудың даңғыл жолына түсіп, бағындырған белестеріміз баянды болашаққа бастауда. Жыл аяқталып, өз-өзімізге есеп беретін шақ таяғанда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхамеджановпен әңгімелесіп, салада жыл ішінде атқарылған жұмыстарға қаныққан едік.

– Арнұр Сағындықұлы, еңбек жолыңызға үңілсек, мемлекеттік қызметке ерте келіп, Астана қаласында жауапты қызметтер атқарған екенсіз. Киелі Әулиеата өңіріне келгеніңізге де бірер айдан кейін жыл толмақ. Жаңа орта, мүлдем басқа менталитет жұмыс үрдісіңізге қаншалықты ықпалын тигізді?
– «Қиындықтың қамалын зеңбірекпен емес, еңбекпен ғана алуға болады» дейді халқымыздың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлі. Ал еңбекті (жұмысын) тек күнкөріс көзі деп қараған адам алысқа барады деп ойламаймын. Мүмкіндік берілді ме, жаныңды салып еңбек ет. Осы уақытқа дейінгі азды-көпті тәжірибемде өз кәсібіңде жанкештілік танытпай, жетістікке жету мүмкін емес екеніне көзім жетті.
Еңбек жолымды 2007 жылы Астана қаласының құрылыс департаментінің жетекші маманы болып бастадым. Аталған департаментте бір жылға жуық жұмыс істеп, алдыңғы буын ағаларымыздың үлкен мектебінен өттім. Сонымен қатар 2008-2009 жылдары Астана қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасының бас маманы қызметіне кірісіп, саланың қыр-сырына жіті қаныға түстім. 2009-2014 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау, Экономикалық даму және сауда, Туризм және спорт министрліктерінде еңбек еттім. Жамбыл облысына ауысқанға дейін Астана қаласында өзге де басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, мол тәжірибе жинадым.
Үлкен жауапкершілік жүгін арқалап, жаңа қызметке кіріскенде де азды-көпті тәжірибеме сүйеніп, саладағы сансыз жұмысымызды жандандыруға бар күшімізді салдық. Бұл кеше-бүгін құрылған басқарма емес. Сондықтан да жұмысы жүйеленген. Білікті мамандар еңбек етеді. Сол себепті қандай да бір қиындыққа тап болдым деп айта алмаймын. Басқарма алдында тұрған мақсаттарды орындау үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла еңбек еттік. Жемісін жыл қорытындылар тұста көріп отырмыз. Әрбір бағыт бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіп, бұрнағы жылдармен салыстырғанда көрсеткіштер артығымен орындалды. Мәселен, өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 353 миллиард 89 миллион теңгені құрады. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 23 миллион теңгеге артық. Өндіріс көлемінің негізгі үлесі кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі салаларына тиесілі. Өңдеу өнеркәсібіндегі тамақ өнімдерін өндіру, химия, металлургия өнеркәсібі және машина жасау саласында оң өсім байқалды. Өңірдегі жетекші сала саналатын химия өнеркәсібіндегі өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23,5 пайызға артқан. Әрине, мұның барлығы да сайып келгенде облыс экономикасын өрге сүйреудің негізгі тетіктері екенін естен шығармағанымыз абзал.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы­ның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартылатынын айтып, нақты мақсат-міндеттер жүктеді. Жалпы, кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік сыйлаған бағдарлама облысымызда қаншалықты жемісін беруде?
– Елімізде кәсіпкерлік саласының көкжиегін кеңейту мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жарқын жобалар, баянды бағдарламалар қабылданып, қазіргі таңда жемісін көріп отырмыз. Әсіресе, бизнеске баянды бағдар болған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жөні бөлек. Мәселен, аталған бағдарлама жүзеге аса бастаған сегіз жылдың ішінде барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 97, 9 миллиард теңгені құрайтын 1 323 жоба жүзеге асты. Аталған бағдарламаның шарапатын түсінгендіктен жыл санап бизнесмендердің құлшынысы ерекше артып келеді. Бағдарламаның бірінші және екінші бағыттарындағы «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша 82, 1 миллиард теңгені құрайтын 841 жоба жүзеге асты. Сол секілді «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша жалпы кепілдік сомасы 3,8 миллиард теңгеге 334 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар «Өндірістік (индустриялдық) инфрақұрылымды дамыту» құралы бойынша жалпы құны 11, 8 миллиард теңгені құрайтын 91 жоба мақұлданды. Сол секілді 2013 жылдың сәуір айынан бастап өңірімізде бағдарлама шеңберінде мемлекеттік гранттарды қаржыландыру тетігі жүзеге асырылып келе жатыр. Бүгінге дейін аталған құрал бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен қаржыландыруға жалпы сомасы 160,3 миллион теңгені құрайтын 57 кәсіпкердің жобасы мақұлданды. Бағдарлама жүзеге аса бастағаннан бері облыс аумағында 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 12 миллиард теңгеден астам салықтық түсім түсті.
Жалпы, «Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» бойынша келісімге қол қойылған жобалар санына қарай өңіріміз республикалық рейтингте 7-орынға, ауылдық жерлерде қаржыландырылған жобалар бойынша 2-орынға, сонымен қатар облыс орталықтарында жүзеге асырылған жобалар бойынша 10-орынға тұрақтадық. Бұл еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда ілгері көрсеткіш.
Міне, сегіз жылдың ішінде бағдарлама Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін берді. Алдағы уақытта да жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Ал 2025 жылға дейін күтілетін нәтиже тіптен жоғары.
– Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Тараз қаласында бірде-бір азамат қаржыландырылмаған екен. Мұның себебін немен түсіндіресіз?
– Бұл мәселе тек Тараз қаласында ғана емес, республика бойынша орын алған ахуал. Себебі әу баста бөлінген қаржы жетіспей, бірқатар кедергілер туғызды. Алайда қаржының жоқтығын сылтау етпей, мәселені жергілікті бюджет есебінен шештік. Жуырда республикалық бюджеттен тағы 200 миллион теңге бөлінді. Сол себепті туындаған мәселе алдағы уақытта толықтай шешімін табатын болады.
– Мемлекет басшысы тәуелсіздік алған жылдардан бері кәсіпкерлікке кең өріс жасауға айрықша күш салып, түрлі реформалар жасалды. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялап, биылғы Жолдауда да бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды тапсырды. Бұл қадам жамбылдық кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер сыйлауда?
– Қарапайым халықтың кәсіпкер­лік­пен еркін айналысуына жағдай жасалып, ешқандай кедергіге тап болмай, жұмысын жүргізуге жан-жақты мүмкіндік қарастырылған мемлекеттің экономикасы мықты, әлеуметінің әлеуеті зор болмақ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық бергені де сондықтан. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында, стратегиялық бағдарламаларында, түрлі кеңес-жиындарда шағын және орта бизнесті өркендетуге жағдай жасауды ұдайы тапсырып, назарда ұстап отыратыны сөзіміздің айғағы болса керек. Шыны керек, ел кәсіпкерлері Елбасының қамқорлығын үнемі сезініп келеді. Сол себепті елімізде кәсіпкерлік кең қанат жаюда. Ал Елбасының мораторий жариялау туралы шешімі еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, экономикамыздың өсіп-өркендеуіне жаңаша жол ашты. Кеше кәсіпкерлікке талпыну қандай еді, ал бүгін қандай?! Айырмашылығының жер мен көктей болып кеткендігі байқалмай қалмайды. Нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, бизнесті тексеруге бірнеше мәрте мораторий жариялану, несиелендірілуге қомақты қаржы бөлу, салықтық жүктемені төмендету бағытындағы шаралар өңірдің кәсіпкерлік саласының қанат жаюына қолайлы мүмкіндіктер туғызды. Ең бастысы, сүйікті ісіңмен жан-жақты айналысуға қолжетімділік, ілгерілеуге кепілдік берілді. Дейтұрғанмен, кәсібін жаңадан бастағандар өз құқығын толық біле бермейді. Сол себепті де түрлі кедергілерге тап болып жатады. Сондықтан кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын жетілдіру бағытындағы жұмыстар назардан тыс қалмай, ұдайы жүргізіліп отыруы керек.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды» дейді. Яғни, бизнес өкілдері де елімізде қабылданған заңнамаларға қарама-қарсы әрекетке бармай, тек алаңсыз жұмыс істеуі керек. Мемлекет басшысының өздеріне жасаған қамқорлығын терең сезініп, құрметпен қабылдап, кәсіпкерлер де өз қызметтерін сапалы, ашық, таза ұйымдастыруы тиіс.
– Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы негізінде еліміздің әрбір өңірінде индустриялық аймақ құру ісі қызу қолға алынып, облысымызда да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланған болатын. Өңірде құрылған индустриалды аймақтардың бүгінгі жай-күйі қалай?
– Индустриялық аймақ құруға облыс басшылығы ерекше көңіл бөліп отыр. Құзырлы мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, қазіргі таңда нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақты айтар болсақ, Тараз қаласында жалпы аумағы 40 гектарды құрайтын бір индустриалды аймақты белгіледік. Алдағы уақытта аудандарда да жалғасады деп күтілуде. Әрине, бұл ретте облыс тұрғындары тарапынан «индустриалды аймақ құрудың қандай қажеттілігі бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, жаңа жобалар жүзеге асатын болады, екіншіден, облысқа инвестиция тартылады. Және де жаңа жұмыс орындары ашылады. Ниет танытқан кәсіпкерлер жалға жер алып, әуре-сарсаңға түспей, инфрақұрылымы толықтай тартылған, барлық жағдай жасалған индустриалды аймақта жұмысын бастай алады.
– Облыстағы оңтайлы инвестиция­лық климат дегенде ең әуелі өңір­дің географиялық орналасуы ойға оралады. Біздің аймақтың транспорттық әлеуеті жоғары. Осыны ескерген өңір басшысы логистикалық орталық құру қажеттігін айтқан болатын. Бұл бойынша басқарма тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Логистикалық орталық құруда облысымыздың мүмкіндігі өте жоғары. Себебі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі өңір аумағының жүздеген шақырымын басып өтеді. Және көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерімен алыс-беріс ежелден жолға қойылған. Бұл жерде ең басты мәселе инвесторларға байланысты. Сондай-ақ шикізатпен қамтамасыз ету және оны өткізу де өзекті. Сондықтан әзірге логистикалық орталық құру нақты шешімін тапты дей алмаймыз. Дегенмен, басқарма тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Келешекте Шу ауданында қант зауытының соғылатыны жиындарда жиі айтылып жүр. Осы турасында өз аузыңыздан естісек…
– Иә, жаңа қант зауытының жобасын екі-үш жылда жүзеге асыру жоспарымызда бар. Қазіргі таңда жоба жан-жақты қаралу үстінде. Баршамызға мәлім, кейінгі жылдары облысымызда қант қызылшасын өсіруге ерекше көңіл бөлінуде. Тиісінше жыл санап қызылша алқаптары ұлғаю үстінде. Бұл өз кезегінде жаңа қант зауытын соғуға мүмкіндік беріп отыр.
– Елбасымыздың келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты елімізде бұл мәселе ерекше талқыға түсіп, түрлі ұсыныстар айтылуда. Сіздіңше «Жастар жылында» қандай дүниелерге басымдық берген дұрыс?
– Қасиетті қазақ даласы қатары­нан оза туған таланттыларға кенде болмаған. Әлемге танылып, ел абыройын асқақтатқаны қаншама?! Керісінше тасада қалып кеткендері де аз емес. Сондықтан «Жастар жылында» дарынды жастарды тауып, мейлінше қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Жастарымыздың өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасағанымыз абзал. Олар жалындап тұрса, еліміздің де мерейі үстем, мәртебесі биік болмақ.
Сол секілді «Жастар жылында» облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы да қол қусырып қарап қалмайды. Жас кәсіпкерлерді қолдауға байланысты бірқатар жоспарларымыз бар. Бұл әзірге құпия болсын.
– Табысқа толы болған ит жылымен қоштасар күн де таяды. Сөз соңында «ARAI» газетінің оқырмандарына ізгі тілегіңізді арнасаңыз…
– Иә, еліміз үшін ит жылы – құт жылы болды десем қателеспейміз. Әсіресе, облыс тұрғындары үшін ит жылының игілігі мол болғаны анық. Тараз қаласында кейінгі буын тамсана, мақтана айтып жүрер шаруалар атқарылды. Жүйелі жұмыс жұртшылықтың жанын жадыратты. Келер жылдан да күтеріміз көп. Баршамыздың тілегіміз, өңіріміздегі өркенді істер жалғасын тауып, мәртебеміз биіктей берсін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры әрқашан биік болсын. Жаңа бастамаларға жол ашатын Жаңа жылда барша қазақ халқына сәттіліктер ғана серік болып, ақ ниетпен тілеген аппақ армандары орындалсын дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.