Жастарды еңбекке баулыған баянды бастама

0 4

Облыстық «ARAI» жастар газетінің 2021 жылғы 10 наурыздағы №11 (802) санында «Zhas Project» жастарды жымқыруға үйретті ме?» атты сыни мақаласы жарық көрді.

Мақалаға өзек болған – 2018 жылы өткен «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы. Облыста Білім және ғылым министрлігі мен «Дүниежүзілік банктің» бірлескен «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы іске асырылды.
Ерекше басымдық осал топтағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз еңбекпен қамтыған жастарға берілді.
Жобалардың басым бөлігін тігін цехтарын, тіл оқыту орталықтарын, аула клубтарын, наубайхана, балаларды оқыту орталықтарын, жылыжайлар сынды жобалар құрады.
Жоба аясында 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар берілсе, жобаны іске асырудың 6 айында қатысушыларға ай сайын 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін әлеуметтік шәкіртақылар төленді.
Жалпы жеңімпаз атанған 222 жобаның 77-сі облыс орталығынан болса, қалған 145-і аудандар мен ауылдық елді мекендерден. Жоба аясында өңірдің 762 жасы жұмыспен қамтылса, оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Бұл жерде басқарма тарапынан кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстары ғана жүргізілді.
Ал оларды қаржыландыру, грант тағайындау жұмыстарын «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту орталығы толығымен іске асырды.
Қай жағынан алып қарасақ та, «Zhas Projeсt» жобасы жастардың уақытын текке өткізіп, көзбояушылық жасау үшін жасалған бастама емес.
Жастар кәсіпкерлігін жандандыруға бағытталған баянды бастаманың шарапатын жастардың дені көрді. Иә, мақалада айтылғандай, ішінара алаяқтыққа жол бергендері бар екенін де жасыра алмаймыз. Дегенмен де 762 жастың еңбекке дағдылануына, бейімделуіне, кәсіпке деген көзқарасын өзгертуге септігін тигізгенін жоққа шығармаймыз.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты
мәселелері басқармасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.