Жастарды енді баспана мәселесі алаңдатпайды

0 6

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «…біз жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспана­мен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу қажет», деп Үкіметке нақты міндеттер жүктегені есімізде. Елбасы тапсырмасына сай 2012-2017 жылдары елімізде жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынып, пәтерлер 29 жасқа толмаған, заңды некеде тұрғанына екі жыл болғандарға беріле бастады. Арендалық баспана сатып алу құқығымен берілді. Өкінішке қарай, 2017 жылы «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағдарламасы жұмысын тоқтатып, талай жастың баспаналы болсам деген үміті үзілді. Дегенмен 2012-2017 жылдар аралығында бағдарлама мыңдаған жастың басты мәселесін шешуге себеп болып, алыс болып көрінген арманын ақиқатқа айналдырды.

Араға бірнеше жыл салып, яғни «Жастар жылы» елімізде жастарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар қайта жанданды. 2019 жылдың тамызынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының жұмысшы жастарына арендалық пәтерлер беріле бастады. Арендалық пәтерлер беру 2019-2021 жылдар аралығын қамтитын болады. 2021 жылға дейін ел астанасында – 1050, Алматыда – 900, ал Шымкентте 900 арендалық пәтер салынады деп жоспарлануда.
Ал жамбылдық жастардың жайы қалай болмақ? Мегаполис қалаларда бастау алған игі бастаманың жемісін өңір жастары көре ала ма? Бұл – облыс халқының 21,1 пайызын құрайтын 237 мың 900 жамбылдық жастың көкейінде жүрген сұрақ екені анық.
Бір білетініміз, өткен жылы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа газетімізге сұхбат беріп, сонда «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданғанын айтқан болатын. Серікбол Қайратұлы бағдарлама аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай жастарды баспанамен қамтудың тетігі қарастырылып жатқанын да жеткізіп, жағымды жаңалықтың шетін шығарған еді. Ендеше, үлкен үміт күттіріп отырған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасынан қандай нәтиже күтеміз? Әсіресе бағдарлама аясында жастар үшін ең өзекті мәселе – баспанамен қамту жұмыстары қалай жүргізіледі? Көп жасты алаңдатқан сұрақтарды облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Қайратұлына қойып, алдағы жоспарларымен таныстық.
Оның айтуынша, мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың 15 қазандағы №50-12 шешімімен бекітілген. Облыстың тұрақты даму мүддесінде жастардың бәсекелестік артықшылықтарын арттыруды мақсат еткен бағдарлама 2021-2025 жылдар аралығында екі кезең бойынша жүзеге асады. Алғашқы кезең 2021-2022 жылдарды, ал екінші кезең 2023-2025 жылдар аралығын қамтиды. Бағдарламада тоғыз нысаналы индикатор бекітілген.
Бағдарламаны қаржыландыру жергілікті бюджет қаражатынан және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат көздері есебінен жүзеге асырылатын болады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2021 жылы 225 миллион теңге, 2022 жылы 250 миллион, 2023 жылы 275 миллион, 2024 жылы 300 миллион, 2025 жылы 325 миллион теңге және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да қаражат бөлу жоспарлануда.
– 2019 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен мегаполистерде жұмысшы жастарға арнап жалдамалы пәтерлер беріле бастады. Ал еліміздегі жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан басқа өңірлерде де жұмысшы жастарға арендалық пәтерлер беру мәселесі көтерілген. Осы мақсатта кешенді жоспар шеңберінде мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысшы жастарға жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу бойынша облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына ұсыныс берген болатынбыз.
Осы ретте Алматы қаласында «Алматы жастары 3.0» атты бағдарлама жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, жергілікті деңгейде де «Әулиеата жастары» тұрғын үй кредитін беру бағдарламасы енгізілетін болады. Бағдарлама бойынша бірнеше нұсқаны қарастырып, ұсынып отырмыз. Яғни тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызып берсек, пәтерге ипотека арқылы қол жеткізген жас отбасы ішкі әрлеу жұмыстарын өз мүмкіндіктеріне қарай жүргізеді. Сонымен қатар «Шаңырақ» бағдарламасымен 5-10-20 қағидаты бойынша несиелендіру де көзделуде. Бағдарлама шеңберінде жастарға және жас отбасыларға 10 пайыз жарнаның 5 пайызы жергілікті бюджет қаражатынан сертификат түрінде беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Жастарды тұрғын үймен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жобасын шілде айына дейін нақтылаймыз. Қай әдіс-тәсілдің, амалдың тиімді екені жан-жақты зерттеледі. Сол бойынша тиісті басқармалармен жұмыс жүргізіп, облыс әкіміне ұсыныс енгізбекпіз.
Алдағы мақсат – 2021 жылы облыс бойынша баспана алатын тұрғындардың 20 пайызының жастар болуы, бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 30 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда, – дейді Серікбол Қайратұлы.
Сонымен қатар С.Берікқожа қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру, ақпараттандыру мақсатында екінші деңгейлі банк өкілдерін тарта отырып кеңес беру жұмыстары үзіліссіз жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 55 мыңға жуық жасқа қажеттілігіне байланысты кеңес беру жұмыстары жүргізілген екен.
Мұнан басқа да бекітілген нысаналы индикаторлар бойынша басқарманың алдағы жоспарлары ауқымды. Әр жылдары жастарды қолдау, жұмыспен қамту, үздіктерді марапаттау, қажетті құқықтық кеңес ұсыну, ақпараттық қолдау білдіру сынды сан алуан бағыт бойынша жұмыстар жүргізілмек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, басқарманың алдағы мақсаты – айқын, бағыты – анық. Егер бағдарлама тиімді жүзеге асып, ұтымды ұсыныстар мақұлданып жатса, жастар саясаты саласындағы көптеген күрмеулі мәселелер шешімін тауып, кем-кетігі түзеліп қалатыны анық. Сондықтан лайым «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының болашағы баянды болғай!

 

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.