Жастар.kz

Жастарды қолдау – болашақты ойлау

Written by Aray2005

Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Мәні зор, маңызы ерекше шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков Жастар жылы ауқымды өзгерістердің бастауы екенін айта келіп, студенттерге алға қойған мақсат-міндеттерін орындау барысында белсенді болуға шақырды.
– Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде жастар мәселесі бір сәтке болсын назардан тыс қалған емес. Еліміздің ертеңгі болашағына баланып отырған жастардың қажеттілігі үшін атқарылған шаруа аз емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық Жолдауында, бағдарламалық мақалаларында жастарға айрықша қолдау көрсетіп, зор сенім білдіріп отырады. Жастар саясаты саласындағы жемісті жұмыстар биылғы Жастар жылында еселеніп қарқын ала түсеріне сенімдімін.
Біздің алға қойып отырған негізгі мақсатымыз – жастарымызға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, еңбек нарығында сұранысқа сай мамандар даярлау. Меніңше, бүгінгінің жастары бір ғана мамандыққа байланбай, әлеуметтік ортаға мейлінше жылдам бейімделе білуі керек. Демек, мүмкіндігінің жеткенінше кәсіпкерлікке бейім болу керек. Сондықтан да өткен жылдан бері оқу ордамызда жастарды кәсіпкерлікке баулып, шағын және орта бизнестің қыр-сырын үйрету мақсатында «Инновация және кәсіпкерлікті дамыту» орталығы ашылды.
Қазір жастарымыз білімді, саналы, айтар ойы нық, сергек те сенімді. Дүниенің қай бұрышына барса да тіл үйреніп, ғылымды меңгеріп, елге қызмет етіп жатыр. Сіздердің араларыңызда да сондай талантты жастардың көп екеніне сенімдімін. Сондықтан осы әлеуетті ел игілігіне жарату үшін жастар әрдайым алға жылжып, үнемі ізденісте болуы, жаңалыққа ұмтылуы қажет, – деді М. Нұрғалиұлы.
Мұнан кейін сахнаға көтерілген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жастарымыздың қоғамдағы негізгі өзекті мәселелеріне тоқталды. Бекболат Серікбекұлы жастардың жұмыссыздық, баспана мәселесін шешу және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігін арттыру бағыттында биылғы жылы облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылатынын айтып өтті.
Сонымен қатар шара барысында университеттің жоғары жетістіктерге жетіп, білім бәсекесінде топ жарып жүрген студенттері, жас ғалымдарға арналған мемлекеттік грант және стипендия иегерлері, студенттік құрылыс жасақтары, еріктілер қозғалысы, жастар ұйымдарының мүшелері сөз сөйлеп, Жастар жылынан күтер жақсылықтары көп екенін жеткізді.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, университеттің «Тұмар» халық аспаптар ансамблі «Әлқисса», «Нәрағаш», «Түркмен» күйлерін орындап, «Tarsu.kz», «Гауһартас» би ансамбльдері мың бұралған би билеп, кеш көрігін қыздырды.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР