Жастарды қолдау жаңаша бағыт алмақ

0 52

Елімізде жастар үшін атқарылып жатқан ірі жобалар мен бағдарламалар – жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан игілік. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім мәселесі жыл сайын мемлекет назарынан тыс қалған емес. Екі жыл қатарынан «Жастар жылы», «Еріктілер жылы» деп аталуы осыны айғақтайды. Жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған шаралар жайында кеше Тұрар Рысқұлов ауданында өткен Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңының жиынында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа кеңінен тоқталды.

Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, Әулиеата жастарының саны 255 240-қа жеткен. Олардың бос уақытын тиімді пайдалануы, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысуларына қолдау білдіру мақсатында биылға 767,2 миллион теңге бөлінген екен.
Жалпы басқарма ең әуелі жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мән беріп келеді. Бұл мақсатта жұмыспен қамту шараларына баса назар аударылып отыр. Серікбол Қайратұлының айтуы бойынша, есепті кезеңде 6 475 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 2021 жылдың 1 маусымына 2 788 жас ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 265-і қысқа мерзімді кәсіби курсында оқытылған.
– 104 жас шағын несие алды, 869 жас «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыды, 214-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды, 746 түлек жастар тәжірибесіне жолданып, 1 489-і ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2021 жылдың І тоқсанына 2,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдағыдан 0,2 пайызға төмендеп отыр. Ал, NEET санатындағы жастардың үлесі бұл жылдың І тоқсанына 8,2 пайыз деңгейінде тұр. Аталған санаттағы жастардың электронды дерекқоры жасақталып, олармен жеке жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде олар жаз мезгілінде маусымдық жұмыстарға тартылып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жататындығы анықталды.
Оларды мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге тарту мақсатында жастарға кеңес беру автокеруені облыс аудандарына, шалғай жатқан ауылдық жерлерге шығарылып келеді. Керуенге облыстық деңгейдегі 22 мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың өкілдері қамтылуда.
Жыл басынан қаладағы жабық сауда орындарда, ашық алаңдарда салалық басқармалардың қатысуымен тұрақты түрде кеңес беру алаңдары өткізіліп келеді. Одан бөлек, NEET және пробация тізімінде тұрған жастармен биылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспар бойынша жыл басынан 16 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 655 жас жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасағына облыстық бюджеттен бөлінген 53,4 миллион теңгеге жұмыссыз, NEET жастар маусымдық жұмыстарға тартылуда, – дейді басқарма басшысы.
Жастар кәсіпкерлігін дамытуға да мемлекет тарапынан қолдау көп. Бұл ретте «Бастау бизнес» жобасының тиімділігі мол болып тұр. Мәселен биыл жоба аясында 869 жас оқытудан өтіп, 18-і грант, 104-і шағын несие алған. Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде облыс бойынша 1 068 жас мемлекеттік гранттың жеңімпазы атаныпты.
Жастарды ауылға тарту бойынша да жұмыс жемісті атқарылуда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында 166 маманға 48,5 миллион теңгеге көтерме жәрдемақы және 45 маманға тұрғын үй сатып алуға 196,8 миллион теңге қаржы берілген.
Басқарма басшысы жастар арасындағы өзекті мәселе болып тұрған ажырасу жайына да тоқталды. Оның айтуынша, биыл 1 622 жас бас құраса, 161-і некелерін бұзған. Неке бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында «Татуласу» орталығы, «Бастау» жобасының аясында психолог, медиатор, заңгер қызметкерлерімен бірге жұмыс жүргізіліп келеді екен.
– Волонтерлық қызметті дамыту мақсатында облыста жыл басынан бері кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Көптеген жобалар қолға алынып, біршама ауқымды шаралар өткізілді. Облыс аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 8 мыңнан астам волонтеры бар 30 ұйым айналыcады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық ресурстық орталықтарының жанынан 11 волонтерлық топтар құрылған. Облыста «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, бүгінде 15 дүкен жұмыс істеп келеді. Жыл аясында волонтерлық жұмысты жандандыру мақсатында облыс бойынша 7 бағытты қамтыған 959 іс-шара өткізіліп, оған 27 116 адам қамтылған, – дейді С.Берікқожа.
Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс жастары арасында өткізілетін ауқымды іс-шаралар жоспары әзірленіп, жалпы саны 128 шара белгіленген.
Жалпы, бұл жиынның Құлан жерінде өтуі бекер емес. Өйткені бұл күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен «Көмек керуені» қайырымдылық жобасы қорытындыланды. Жоба аясында аудандағы 50 жасқа кеңес беріліп, тағы 50 жас мамандық таңдау жөнінде жиында бас қосты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жастар ісі жөніндегі инспекторларға семинар өткізілді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында кездесу ұйымдастырылып, басқарма басшысы волонтерлермен жүздесті. Сонымен қатар аз қамтылған, көпбалалы, жалғыз ілікті қариялары бар 5 отбасына азық-түлік себеті таратылды. Сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық шаралары жүргізілді.
Жоба аясында облыс бойынша түрлі форматтағы іс-шараларға 1 мыңнан аса жастар қамтылған. 50 отбасына азық-түлік себеттері таратылып, 20-дан аса сенбілік, 20-ға жуық жалғызілікті қариялардың үйін тазалау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, кездесулер, семинарлар мен тренингтік жұмыстар жүргізіліпті. «Ерікті кеңес беру» жобасы аясында аудандық жастар ресурстық орталықтарының бастамасымен терапевт-дәрігердің, психолог және теолог мамандардың, сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері аудан тұрғындарына тегіні кеңес берді.

Мұратхан Әлімхан

Leave A Reply

Your email address will not be published.