Жастардың жасанды интеллектке деген құлшынысы жоғары

0 3

Бүгінгі заман – робототехниканың қарышты дамыған кезеңі. Қазірде бұл экономиканы ілгерілетуші салаға да айналған. Өйткені, барлық салада жаңаша көзқарас қалыптасып, тиімді технология қолданысқа еніп отыр.

ХХІ ғасырда «ақылды» ойыншық көліктер өмірімізге дендеп ене бастады. Медицинадан бастап ғарышқа дейін адамдар роботтардың көмегіне жүгінеді. Көкте қалықтап жүріп, мерекелік шараларды бейнеге түсіретін дрондарға, күрделі механизмдерді көз ілеспес жылдамдықпен және асқан дәлдікпен құрастыратын робот-қолдарға да көз үйрене бастады.

Робототехника – адам өміріне дендеп еніп келе жатқан болашағы өте зор сала. Негізінде, «робот» сөзін ең алғаш чех жазушысы К.Чапек ойлап шығарған. Ол алғашқы ұғымында «жұмысқа шебер адам» мағынасында қолданылды. Сол кезден бастап роботтар адам тәрізді әрекет, қимылдар жасайтын машина, адам жүрісі мен қимылын дәлме-дәл қайталайтын автоматтандырылған кұрылғы болып саналады.

1464 жылы Леонардо да Винчи 12 жасында адам тәрізді бірнеше қимыл жасауға мүмкіндігі бар гуманоид автоматының жобасын құраған. Ал 1833 жылы Чарльз Бэббидж аналитикалық машинаны құрастырған болатын.

Робототехника дамыған елдер тізбегінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Ұлыбритания, БАӘ мемлекеттері де бар. Бұл елдердің де робот жасау ісіне қосқан үлестері мол. Ал аталмыш сала Қазақстанда енді қарқынды дамып келеді. Алдыңғы мемлекеттерден әлдеқайда артта қалсақ та, жаңа салаға ерекше ден қойылуда. Қазіргі жастардың да жасанды интеллект жасауға деген құлшынысы ерекше.

Бүгінгі таңда «Lego» платформасы білім беру робототехникасында сөзсіз көшбасшы болып отыр. Себебі, біріншіден, бұл платформаның сапасы, екінші жағынан, дизайн мүмкіндіктері және ой-өрісті дамытуында. Бұл конструктор ойыншық роботтарды ғана емес, сонымен қатар, мысалы, ғарыш станциясын, ғарыштық ұшақты, күн панельдерін, маңызды әрі күрделі үлгілердің прототиптерін жасау үшін қолданылады. Сонымен қатар еліміздегі қазіргі жасөспірімдер арасында «Lego» платформасы қарқынды дамып келе жатыр.

Адамның қолы жетпеген жерге ойы жетеді. Мұның дәлелі – бүгінгі заманауи роботтар. Қазақстандық роботтардың мүмкіндіктері әлі де шектеулі, бірақ жыл сайын бұл сала сенімдірек дамып келеді. Атап айтсақ мектептерде робототехника сабақтары пайда болып, Қазақстанның көптеген қаласында жас өнертапқыштарға арналған үйірмелер жұмыс істеп, жоғары оқу орындарында тиісті пәндерді енгізуде. Мүмкін, қазақстандықтардың жаңа буыны роботтандырылған ортада өмір сүріп қана қоймай, оны жасап шығарады деген ойдамын.

Дариға БЕКБОЛ,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия Ұлттық университетінің

2-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.