"Шабыт"

Жастардың жыр керуені аудандарға жол тартпақ

Written by Aray2005

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірдегі жас ақындар бас қосып, биылғы Жастар жылы аясында атқарылатын рухани шығармашылық жұмыстарды талқылады. Сиясы кеппеген өлеңдерін оқып, ұсыныстарын жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман бастаған жас ақындар жуырда ғана облыстық «ARAI» газетінде жарық көрген белгілі жазушы, философ, әдебиет сыншысы Дидар Амантайдың әулиеаталық жастар шығармашылығы жайлы жазылған сыни һәм тұңғыш рет кеңірек талданған «Сегіз ақын: дерексіз поэзия» атты мақаласын талқылады. Айта кету керек, бұрын-соңды жамбылдық жас ақындардың шығармашылығы жайлы қаузалмаған бұл мақала белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, шығармашыл жастардың жанашыры Несіпбек Дәутайұлының арнайы тапсырысымен әзірленген еді.
Мақала барысында Дидар Амантай қазірде республикалық деңгейдегі талай поэзия додаларында топ жарып, әдебиетсүйер қауымға есімі танылып үлгерген Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Жанғазы Ахмет, Нұржан Қадірәлі, Арайлы Жақсылық, Файзулла Төлтай, Шапағат Әбдірұлының шығармашылығына кездік батырмаса да, кейбір тұстарын кертіп тұрып кеңінен талдаған болатын.
Басқосуды ашып, жүргізіп отырған одақ филиалының төрағасы Хамит Есаман аталмыш мақаладағы орынды айтылған оралымды ойларды ортаға салып, аға буынның тарапынан осындай дүниелер жас қаламгерлерге көбірек қажет екенін тілге тиек етті. Ал облыстық «ARAI» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Тұрсынбек Сұлтанбек жастардың шығармашылығын қолдау бағытында жастар басылымында «Самұрық», «Талаптың мініп тұлпарын» атты тұрақты айдарлардың бар екенін, жарияланған мақаланың жастар үшін маңызы зор болғандығын атап өтті. Республикалық «Жас алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек пен облыстық «Aq jol» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің редакторы, ақын Табиғат Абаилдаев алдағы уақытта аталған сегіз ақыннан бөлек, басқа да талантты жастардың шығармашылығына тұрақты түрде дәл осындай талдау жасалып отырса деген ұсыныстарын білдірді.
Бұдан кейін ақындар Нұрболат Сатымқұл, Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Жолдасбек нөсерлете жыр төкті. Аталмыш мақалада шығармашылығы талданған ақындар өз ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. Басқосу барысында Хамит Ерболатұлы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, жастар саясаты мәселелері басқармасы һәм одақ филиалы арасында рухани әріптестік байланыстың нығайғанын жеткізіп, ортақ мақсатта атқарылатын бірқатар шаруаларды атап өтті. Соның ішінде мамыр айында жергілікті жас ақындар өңірдегі аудандарды аралап, жыр керуенін ұйымдастыру жоспарланып отыр екен. Оның қорытындысы облыс орталығында өтпек.
Жастар жылында жастардың шығарма­шылығына осындай басымдық беріліп отырғаны көңіл қуантады. Лайым, ізгі істің игілігі мол болғай!

Айсана НҰРБАП

ПІКІР